RU

Шымкентте әкім бастаған шенеуніктер бір ай бойы автобуспен жүруге міндеттелді

Шымкентте қоғамдық көлік мәселесін шешуде бас қатырған биліктегілер енді қала әкімінен бастап бүкіл басшылық құрам қызметтік көліктен бас тартып, автобуспен жүретін болды деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Шымкент әкімі қоластындағы қызметкерлеріне қызметтік көлікті пайдалануға тыйым салды. Енді қымбат көлікпен жұмысқа қатынап үйренген шенеуніктер автобуста отырады. Олардың қатарында Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың өзі де бар.

Бұл туралы қала басшысының төрағалығымен өткен қоғамдық көлік проблемаларына қатысты өткен жиында белгілі болды.

«Біз қозғалыс кестесі мен жол жүру ережесін сақтау, автобустардың лық толуын, жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігін, салондардың тазалығы мәселесін бірнеше рет талқыладық... Әр талқылауда мені бұл мәселелер шешіледі деп сендірумен болды", - деп жиынды бастаған Әбдірахымов жағдай өзгермегенін, қалалық әкімдікке тұрғындардан қоғамдық көліктің жұмысына байланысты мыңдаған шағым түсетінін айтты.

"Яғни, жағдайды бақылауда ұстап тұрған жоқпыз. Ендеше, басқаша әрекет ететін боламыз", - деді қала әкімі.

Қызметтік көлікті пайдалануға бір ай мерзімге тыйым салынады. Өкім қала әкімі мен орынбасарларына, бөлім басшылары мен аудан әкімдеріне, олардың орынбасарларына, сондай-ақ, коммуналды мекемелер мен ұйымдардың жетекшілеріне қатысты. Барлық қызметтік көлік қалалық әкімдіктің көлік тұрағына қойылады.

Ал қызметтік көліктің жүріп тұруына кететін шығын енді әкімдіктің жалақысы аз және орташа қызметкерлеріне қосымша үстемақы ретінде үлестірілмек. Бір ай ішінде бүкіл шенеуніктер қоғамдық автобуспен қатынап қана қоймай, ондағы тәртіп бұзу фактілерін анықтап, ескертулер мен жолаушылардың шағымдары арнайы құрылған комиссияға тапсырылады.

Жұмыс қорытындысы бойынша өз міндеттерін орындамаған тасымалдаушы компаниялармен келісімшартты тоқтату туралы шешім қабылданады. Сонымен қатар автобуспен қатынайтын мемлекеттік қызметкерлер апта сайын жиында мәселені талқылап отырады.

Ғабидолла Әбдірахымов жолаушылар көлігі бөлімінің жетекшісі мен осы саланы бақылайтын орынбасарына тәртіп орнату үшін 8 апта уақыт берді. Осы уақыт ішінде қоғамдық көлік қозғалысы кестесінің сақталуы, автобустардың лық толуы, салондардың тазалығы мен жүргізуші-кондукторлардың мәдениеттілігі секілді мәселелер шешіліп, аялдамаларға ақпараттық бағыттауыштар орнатылу тиіс.

Тағы оқыңыздар: 

Аты әлемге әйгілі Месси үшінші баланың әкесі атанбақшы

Моңғолияның ең сұлу қызы өз елін әлемге қалай танытты? (видео)

Апатқа ұшырамауды ойлаған жүргізуші көлігімен ағашқа ілініп қалды (видео)

Қайрат Нұртас: Анам екеуміз Жұлдыздың арманын орындау үшін киноға түсірдік

Ақтөбеде мұғалімдермен төбелесетін тентек баланың дамуында ауытқушылық болуы мүмкін

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1648866-shymkentte-akim-bastaghan-sheneunikter.html