RU

"Халық келісті": Торғай даласы Ресейдің полигон алаңына айналады

Ұшы-қиыры көрінбейтін мыңдаған гектар қазақ жерінің Ресейге берілгені бұған дейін мәлім болған. Яғни, Торғай даласы енді көрші елдің полигон алаңына айналады. Онсыз да Байқоңырдың зардабын тартып отырған халық үкіметтің бұл шешімінге шын мәнінде қарсы болып шықты деп хабарлайды 31 арна.

Аудан орталығында жиын өткізген Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі «Халық келісті» деп отыр. Айтуынша, құлайтын бөлшектерден қауіп жоқ екенін жұртқа тәптіштеп түсіндіріпті.

"Зияны жоқ. Ол деген экологиялық таза, жаңа, заманауи зымыран", - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Жергілікті халық "Ахмет ауылы" деп атайтын Қарасу өлкесінің тұрғындары биліктің әрекетіне наразы. Алаш зиялысы - Ахмет Байтұрсынов туған үйді жергілікті азаматтар өз қолдарымен тұрғызып, жаңғыртып қойыпты. Енді ауыл тұрғындары іргеге құлайын деп жатқан ракета қалдықтары – «Алаштың 100 жылдығына арналған үкіметтің басты тартуы болғалы отыр» дейді.

"Бұл Ахметтің жері! Ахметтің туған жері. Бұл жерді лайлай беруге ешкімнің қақысы жоқ! «Халық осылай келісіп жатыр» деп халықты неге ортаға сала береді? Халық бұған келіскен жоқ!", - дейді Әбдісалық Жақсымбеков есімді азамат.

Халық келіспедік десе де, министр айтқанынан қайтпайтын сыңайлы. «Бұл жер ешкімге жалға беріліп жатқан жоқ» деген Бейбіт Атамқұлов еш зияны жоқ екенін өзі барып дәлелдемекші екен.

"Келесі жылы ұшыру болады ғой. Енді оған жетсек. Ұшыру болғанда мен өзім сол басына барып, басында боламын деген уәде бердім халыққа", - дейді министр.

Сонымен қатар, министр аудан бюджетіне жыл сайын бөлінетін 151 миллион теңгеден бөлек, тағы біраз көмек беріледі деп мақтанғандай болды. Бірақ, онымен торғайлықтардың көңілін аулай алмайтын іспетті.

"Жаңа естіп келіп отырмыз. Арзан 15 мыңнан көмір келеді дейді. Көмірі де, суы да керек емес. Біздің тек жерімізге тиіспесін! Баламыз, малымыз өмір сүріп отырған жерден біз ешқайда кетпейміз!", - дейді ауыл тұрғындарының бірі.

Азаматтар мәселенің тамыры Байқоңырға тіреліп тұрғанын түсінеді. Министрдің айтуынша, ғарыш айлағын жалға берген 22 жылда біздің қазынаға 884 миллиард теңге түсіпті. Бұл - Қазақстанның 1 жылдық бюджетінің 10 пайызындай ғана болады екен.

Тағы оқыңыздар:

Елімізде көп сұранысқа ие АИ-92 бензині тағы да қымбаттайды

Ақтөбеде футбол жанкүйерлері атыраулық жігітті қуалап жүріп сабап тастаған

Шымкент әкімінің сөзін екі етпеген шенеуніктер үйлеріне автобуспен қайтты (фото)

Әбдірахымов қоғамдық көлікке жауапты басшының суретін автобусқа іліп қоймақшы (видео)

Астанадағы белгілі емханаға қаралған әйелдің ауруы одан сайын асқынып, тістері түсіп қалған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1649219-khalyq-kelisti-torghay-dalasy-reseydinh.html