RU

Астанадағы тағам құны 100 мың теңгеден кем түспейтін элиталы мейрамханалар туралы не білеміз?

Елордадағы Сарыарқа көшесінің бойында қаз-қатар орналасқан мейрамханаларды тұрғындар элиталы әрі мәзір бағасы қолжетімсіз мейрамханалар санатына жатқызады. Айтуларынша, мұнда тек бай-бағландар мен Астананың шенді-шекпенділері тамақтана алады. Елорданың «ерекше» мейрамханаларының мәзірінде қандай тағамдар бар? Бай-манаптар әдетте қандай тағамдарға тапсырыс береді? Бастысы, бағасы қанша?

NUR.KZ тілшісі аталған сұрақтарға жауап алу мақсатымен, мейрамханалар мәзірімен танысып қайтты.

Биылғы жылдың қыркүйек айында ашылып, бүгінде миллионерлер мен шетелдік қонақтардың сүйікті тамақтану орнына айналған мейрамханалар тізімін  «Selfie» мейрамханасы бастап тұр. «The Ritz Karlton Astana» бес жұлдызды қонақүй кешенінің 18 қабатында «бой көтерген» мейрамхана тағамдары да айрықша.

Мұнда сіз жүгері ұнынан жасалған бауырсақ, жұмыртқа кеспесі, жылқы сорпасы мен жусай соусынан әзірленген бешбармақ, ірімшік пен шабдалы балмұздағы, өрік қосылған қоспа және т.б. ерекше ас мәзіріне тапсырыс бере аласыз.

«Мейрамхананың басты ерекшелігі де сол – бізде бірінші кезекке тағамның дәмі мен оның әзірлену тәсіліне баса назар аударылады, яғни, меймандарға гастрономикалық асхана өнімдері ұсынылады. Сондай-ақ, меймандар 18 қабаттан елордамыздың әдемі көрінісін тамашалай алады»,- дейді мейрамхананың арт-директоры Екатерина Михель.

Мейрамхана мәзіріндегі тағамдар бағасына келер болсақ, ең қымбат ішімдік – «Луи 13» коньягы болып шықты: 700 мл-ге 1 950 000 теңге. Сол сияқты ас мәзірінен «Азиаттық соустағы фермерлік сиыр еті» - 6700 теңге, «Рибай» стейкі – 16900 теңге тұратынына көз жеткізе аласыз.

Айта кетерлігі, аталған мейрамхана әйгілі «White Rabbit Family» холдингісінің негізін қалаушы Борис Зарьковқа тиесілі. Бүгінде The World&Best Restaurants рейтингісіне сәйкес, WRF White Rabbit - әлемнің 50 үздік мейрамханасы ішінде 23 орынды еншілеп тұрған көрінеді.

Астаналық бай-бағландар жиі бас сұғатын тағы бір элиталы мейрамханалардың бірі – «Zoloto» мейрамханасы. Танымал тележүргізуші Сергей Светлаков пен ресторатор Александр Орловқа тиесілі мейрамхананың шеф-аспаздары да мәскеулік мамандар көрінеді. Мейрамхана әкімшісінің сөзіне сенсек, Орловтың өзі «Zoloto-ның» «тыныс-тіршілігін» тексеру мақсатымен Астанаға айына бір рет қатынап тұрады екен.

Ас мәзіріндегі тағамдардың әртүрлілігі мен олардың бағалары да таң қаларлық. Мәселен, ұлттық тағам бешбармақты – 42 000 теңгеден тапсаңыз, балық ассортиін – 35 900 теңгеге ала аласыз. Ал, мейрамханадағы бір самсаның құны – 1400, 900 теңгені құрайтын көрінеді.

Бір қызығы, мейрамхана мәзірінен жылқы етінен жасалған моцарелланы көресіз. Мұндай айрықша салаттың құны – 6100 теңге тұратын көрінеді. Жалпы мейрамхана мәзірі – ұлттық, Еуропа, Кавказ және Шығыс тағамдарынан тұрады.

Елордалықтарға славян тағамдарын ұсынып, меймандарды түрлі банкет залдарымен таң қалдырып келе жатқан мейрамханалардың бірі - «Традициональ» мейрамханасы.

Мейрамханадағы басты ерекшелік – мұнда «Көпестер», «Бақша», «Ертегі», «Кітапхана» залы сынды бірнеше банкет залдары шоғырланған. XIX-XX ғасырлардағы славяндар тіршілігінен сыр шертетін мейрамханада интеръері де ерекше, меймандар мұнда ағаштан жасалған қымбат жиһаздар, ламбрекені бар перделер мен биік буфеттерді көре алады.

Меймандар ас мәзіріндегі пешке пісірілген бекірені – 97 830 теңгеге, қазды – 40 970 теңгеге, бешбармақты – 48 720 теңгеге, пешке қақтап пісірілген қой етінің бір бөлігін – 44 780 теңгеге сатып ала алады.

Мейрамхана қонақтары арасында «вип» меймандар да бар көрінеді. Олардың арасында Илья Ильин, Александр Винокуров, Ділназ Ахмадиева, Лион Измайлов, Майя Бекбаева, Сангаджи Тарбаев, Арыстанбек Мұхамедиұлы сынды елімізге танымал спорт және эстарада жұлдыздары, отандық тілшілер мен белгілігі шенеуніктер бар.

Тағы оқыңыздар:

Бозымбаев: Елімізде екі аптаға ғана жететін бензин қоры қалды

Ақтөбеде футбол жанкүйерлері атыраулық жігітті қуалап жүріп сабап тастаған

Шымкент әкімі уәдесінде тұрып, қарапайым халықпен бірге автобусқа мінді (фото)

Әбдірахымов қоғамдық көлікке жауапты басшының суретін автобусқа іліп қоймақшы (видео)

Астанадағы белгілі емханаға қаралған әйелдің ауруы одан сайын асқынып, тістері түсіп қалған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1649661-astanadaghy-tagham-quny-100-mynh-tenhgeden-k.html