RU

"Жол картасы-2010" бағдарламасы

Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова Павлодарға жасаған жұмыс сапарында, өңірде жүргізіліп жатқан "Жол картасы-2010" бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған нысандарда болды.

Министр қайта құрастырудан өткізілген Жүсіпбек Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында болды. Ондағы құрылыстық қайта жөндеу жұмысына 217 млн. 842 мың теңге республикалық және облыс бюджетінен бөлінген. Ал, келер жылы Чехов атындағы драма театрына да осындай жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіхалықова "Достық" саябағы мен "Славян орталығы" тарихи ғимаратындағы жөндеу жұмыстарының барысымен, сонымен қатар соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған демалыс орны "Ардагерлер үйінің" хал-ахуалымен танысты. "Негізгі мәселе атқарылып жатқан жұмыс сапасына көңіл бөлеміз. Мұнда 3 жылға дейін мердігерлер өздерінің істеген жұмыстарының сапасына жауапты болады", - деп атап өтті министр.

Гүлшара Әбдіхалықова, Халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Павлодар бойынша 6 млрд-қа жуық ақша бөлінген, 5,8 млрд. Жалпы 134 объекті қайта жөндеуден өтеді. Сіздерде көріп жатырсыздар, әсіресе театрлар, мәдениет орындары, мектептер, жолдар, мына қалада ең бастысы сумен қамтамасыз ету бір проблема болған соған байланысты коллекторлар қайта жөндеуден өтіп, екі коллектор енді бұл жағдайда жақсарады деп ойлаймыз.

Бақытжан Сағынтаев, Павлодар облысының әкімі:

- Ауыз су, жасылдандыру бағдарламасы осының барлығы жеке-жеке облыстардың сол саладағы дамуына алып келеді. Соған қосымша осы "Жол картасындағыдай" облыстық бюджеттен қосымша қаржыландыру мәселесі көтеріліп отыр. Сол себепті жолға қойылған жұмыстар келесі жылы өзінің жалғасын таба береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/165010-zhol-kartasy-2010-bagdarlamasy.html