RU

Әли Оқапов отандық шоу бизнестегі халықты алдап жүрген әншілер туралы айтты

Танымал әнші Әли Оқапов сахнадағы сөзі мен өмірдегі ісі сәйкес келмейтін шоу-бизнес өкілдері туралы ойын ашық айтты. "Халық есінде көркем мінезіммен қалғым келеді" дейтін Әли қазіргі әншілердің халықты алдап жүргенін айтып, қынжылды.

NUR.KZ порталына берген сұхбатында ол қазіргі шоу бизнестегі былықтар, үйлену тойын тікелей эфирден көрсететін әншілер, көрші ұлттардан ән ұрлау мәселелерін қозғап, өзінің дауысы анау айтқандай зор емес екенін ашық мойындады.

- Сіз бір сөзіңізде қазіргі шоу бизнеске көңіліңіз толмайтынын айтып, пост жаздыңыз. Тіпті осылай жалғаса берсе, үлкен сахнадан кететініңіз мүмкін екенін айттыңыз. Отандық шоу бизнесте жаныңызды жегідей жеп жүрген не нәрсе? 

- Мен сахнаны бөлмеймін, өзім де ақыға тойларға шығатынымды жасырмаймын. Себебі ол да -  табыстың бір көзі.

Дегенмен, өкінішке орай, тойға қатысты емес, сапасыздыққа қарсы ойды білдіргім келген. Айтқан сөздерімді қайта оқып көрсеңіз, ән ұрлау деген қазіргі кезде көп болып кетті.

Қырғыз бауырларымыздан, түріктерден, румыньдық, өзге де ұлт өкілдерінің ең танымал хит әндерін қазақшаға аударып алып, тіпті аудармай-ақ, бір-екі сөзін ғана түзетіп айтып жүрген кісілер көп болып кетті. Ол дұрыс емес. Өйткені біз өзіміздің болмысымызға сай, ұлттық музыкамызды насихаттауымыз керек.

Екіншіден, плагиат деген жақсы ұғым емес. Онымен қатар, үлкен сахнаға шығу үшін талап болмай кетті.

Жоғарғы білімді айтпай-ақ қояйық, тіпті білімсіздер де жүр. Жай ғана тракторшы болып жүріп әнші болып кеткендер де баршылық. Техниканың, технологияның арқасында әп-әдемі ән жазып, той-томалақтарға шығып, ән айтып жүр.

Бұл біріншіден, халықты алдау, екіншіден ән айту үшін де кішкене еңбектену керек сияқты. Мәселен, ұлттық арналарда, президенттің қатысуымен өтетін түрлі  іс-шараларда Майра Мұхамедқызы секілді керемет өнерпаздармен қатар шығып жүрген осындай әншілер көп болып кетті. Олар бұған лайықты емес, шыны керек.

- "Бала дауысы" фестивалінде былтыр да шәкірт тәрбиеледіңіз. Оларды қандай критерийлерге қарап таңдайсыз?

- Иә, биыл  "Бала дауысы" фестиваліне қатысушылардан үш бала көзіме түсті. Алайда солардың ішінде Әлиханды таңдадым. Ол екі баланың дарынына, талабына сөз жоқ. Алайда екеуі де үлкен-үлкен әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген, әлеуетті балалар. Сондықтан Әлиханға да мүмкіндік бермек болдым. Өзіме болмысы келетін, дарыны ғана емес, мінезі де ұқсайтын баланы таңдадым.

Эстрадалық жанрда айтарым бар, ол - менің бағытым. Біздің көптеген ортақ ішкі сырларымыз бар.

Мен үшін әртіс сахнада ғана емес, айтқан сөзі, тәрбиесі, әдебі - бәрі-бәрі сәйкес келу керек. Батырхан Шүкенов сияқты мысалы. Бүгінде желіде өнер адамдарына қатысты көптеген видеолар тарап жатыр. Әншілердің көбінің сахнадағы образы өмірдегі өмірімен сәйкес келмейді. Сахнада бәріміз де - "сүттен ақ, судан таза", мінсізбіз.

Бірақ өмірде  де соған лайықты болатындар, өкінішке қарай, көп емес. Мен сондықтан балаға жетекшілік еткенде оның болмысына, тәрбиесіне қатты қараймын.

Мәселен, мен дауысым асып-тасып жатқан әнші емеспін. Зор дауыстың иесі емеспін. Оны мойындау керек, дегенмен, көптеген көрермендерден, жастар ғана емес, үлкен кісілерден де жылы сөздер естіп жатамын.

"Сіздің сұхбатыңыз, айтқан сөзіңіз, тәрбиеңіз ұнайды" деп жатады. Яғни, әншіні ел дарыны ғана емес, көркем мінезі арқылы тануы керек деп ойлаймын. Себебі бір күні басымызға дауыстан айрылатын күн туатын шығар. Жол апатына түсіп, құдай сақтасын, билей алмайтын күн туатын шығар. Басқа бір іспен айналысатын шығармыз, міне, сол кезде халықтың саған деген көзқарасы білінеді. Яғни, тек сахналық бейнеңнен бөлек, елге жақсы мінезіңмен де танылған дұрыс.

- Әли, тыңдармандарыңызды мазалап жүрген сұрақ: қашан үйленесіз?

- Елдің бәрін осы сұрақ мазалайды, себебі жасым 26-ға келді. Бірақ әзірше менде 27-ге дейін немесе 28-ге дейін үйленсем деген жоспар жоқ. Бірақ, әрине ондай ойым бар.

 - Сүйіктіңіз бар ма?

- Сүйіктім бар. Анам бұл туралы тікелей сұрамаса да, сезіп жүрмін. Жасы алпысқа келіп қалды. Аз емес. Қатты ұзатпай, ойымды жүзеге асыратын күн келеді. Себебі, мен оның немере сүйгісі келетінін байқап қаламын.

- Өнер адамы ма?

- Ол жағын айта алмаймын. Бізді кіммен ғана қоспады. Баянның қызы, Арманаймен, Ақеркемен, Жанармен, Ақботамен де қосты, тағы кім бар еді. Осындай ақпарат елге тарап кеткен соң елдің бәрі сұрайды. Кез келген басы бос қызбен суретке түссем болды, сондай әңгіме шығып кетеді. Жуырда ғана Айым Сейтметовамен суретке түстім. Сонда тағы осындай әңгіме тарады. Ол жай ғана менің өнердегі жұбым.

Жалпы мен жеке өмірімді жасыратын адаммын. Өйткені барлығымен бөлісіп, содан кейін дау астында қалып, ажырасып жатқандар да көп. Үйлену тойлары да көп, тіпті тікелей эфирде шығатын тойлар да болды.

Әр адамның өзінің өмірі ғой. Дегенмен, мен ондайды қаламаймын. Жеке өмірім менімен бірге қалса дұрыс сияқты. Өз өмірімді бүкіл әлемнен қызғанатын сияқтымын", - деді Әли.

Тағы оқыңыздар:

Назарбаевпен кездескен шетелдік дипломаттар қазақша сөйледі

Роналдумен бір күн: Америка тұрғыны атақты футболшы үшін 32 мың еуросын қиды

Әкесінің қымбат көлігін айдаған бойжеткен бағдаршамда тұрған 11 адамды таптап өтті

Шекарада есірткімен ұсталған қырғыз офицері Қазақстанда бір ай қамауда отыратын болды

Атышулы ресейлік тележүргізуші Путиннің рұқсатымен президенттік сайлауға түспекші (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1651725-ali-oqapov-uylenu-toyyn-ozgeler-siyaqt.html