RU

Ақтөбелік ана баласын дәрігерлердің "сал қылып тастағанын" айтып, күйінді (фото, видео)

Ақтөбелік тұрғын Айымгүл Ермаханова екі баланың анасы. Үшіншісіне аяғы ауыр келіншек екінші баласын дәрігерлердің сал қылып тастағанын айтады. Құсып ауырған баланың жағдайы ауруханаға түскеннен кейін күрт нашарлап кеткен. Есі кіріп, адам танып қалған қызының мұрттай ұшқанын айтқан ана жанұшырып жүр деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Анасының айтуынша, дәрігерлер қызының диагнозын анықтамай жатып ұйықтататын дәрі еккен. Бала 17 күн бойына комада жатқан.

«Балам тоқтаусыз құса берді. 10 рет құсқан шығар. 19 қыркүйек күні осылай ауырып Ақтөбедегі инфекциялық ауруханаға түстік. Олар диагнозын анықтай алған жоқ. Дәрігерлер ұйықтататын дәрі егіп, бала комаға түсіп кетті. Сол жатқаннан 17 күннен кейін ғана оянды. Баламның көзі көрмей, аяқ қолын қозғай алмайтындай сал болып қалған. Дәрігерлер баланың жұлынынан су алған. Мен оған алғашында келісім бергенімен, кейін қарсылық танытып арыз жаздым. Баламның ауруын үш айлығында салдырған екпеден көремін. Содан кейін балам аурушаң болып, осындай жағдайға жеттік», - дейді Айымгүл Ермаханова.

Дәрігерлер көзін ашқан баласын анасының қолына ұстатып ауруханадан шығарып жіберген.

«Баланы қолыма ұстатып жіберді. Ауруханада қасымда алты күн жатқанда балаға дәрі егіп, система салған емес. Балам ешқандай реакция бермей, көзін қозғалта да алмай қалды. Дәрігерлер маған балаға «ақ сүтімді кештім» деп баламен қоштасу керектігін айтты. Мен жүрегі соғып жатқан баламен қалай қоштасамын? Қазір үшінші балама аяғым ауыр. Дәрігерлер келесі балаң да осылай туылады деп отыр. Менің үлкен қызым сау болып туылды», - дейді келіншек.

Сегіз айлық баласының жанын сақтап қаламын деп шырылдаған ана көмекті кімнен сұрарын білмей дал. Ол баласының сал болып қалуына дәрігерлерді кінәлайды. Ал дәрігерлер өздеріне жала жапқан ананы сотқа береміз деп бекініп отыр.

«Ол шауып жүрген бала емес. Сырғалым Өтептің анасы баламен бізге бір жыл ішінде төрт рет түсті. Анасы толық емделместен арыз жазып шығып кетті. Соңғы рет ауыр күйде түсті. Баланың басында ісік бар, талып жатты. Комадан біз емдеп шығардық. Бала туа бітті науқас. Анасында аяғы ауыр кезінде инфекция болған. Бала солай мүгедек болып қалады. Анасы бізге жала жауып отыр. Біз бұлай қалдырмаймыз. Ол әйелдің үстінен сотқа шағым түсіріп, моральдық шағым өндіретін боламыз. Мұндай жалада 4,5 миллион теңге моральдық шығын өндіруге болады», - дейді инфекциялық аурухана бас дәрігерінің есдеу ісі жөніндегі орынбасары Майра Нұрғалиева.

Тағы оқыңыздар: 

Қазақстанның төрт аймағында дауылды ескерту жарияланды

Отбасымен ұры шымкенттік жанұя полицейлерді аяғынан тік тұрғызды (фото, видео)

Құдайдың құдіреті: Көлігіне алып кран құлаған жүргізуші аман қалды

Ақтөбеде өзін зорламақ болған жігіттен қашқан қыз екінші қабаттан секіріп кетті

Ерке Есмаханға сымбатты Шудың жігіті неке сақинасын ұсынды (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1652625-aqtobelik-ana-balasyn-darigerlerdinh.html