RU

"Ит пен мысық атудан басқа түк бітірмеген" басшылар Әбдірахымовтан оңбай сөз естіді

«Қаңғыбас ит пен мысықты атуды ғана білесіңдер». Қала әкімі ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің 9 айда атқарған жұмысына осындай баға берді. Өйткені, аталған бөлім айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмаған. Әсіресе, "бос жатқан алқап бола тұра жер жоқ" деп сылтау айтқан Ғани Құрманбай қала әкімінің ашуын келтірді деп хабарлайды TVK арнасы.

Жиын кезінде жұмысына салғырт қараған өзге де шенеуніктер Ғабидолла Әбдірахымовтың қаһарына ұшырады. Жұмысын баяу атқарып, жоғары көрсеткішке қол жеткізе алмағандарды экономика және қаржы бөлімінің басшысы қала әкіміне саусақпен санап берді.

Кенжебек Жанбосыновтың мәліметіне сүйенсек, қазір Шымкентте ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің салы суға кетіп тұр. Әсіресе, шетелдік инвесторларды тарту мәселесі қиын екен. Сондай-ақ, қаржының жетіспеуінен жеке кәсіпкерлердің біраз бөлігі жұмысын уақытша тоқтатып тастаған. Бұл жағдай статистикаға кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді.

Шымкент қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысының мәліметінен кейін қала әкімі айыпты болған қызметкерлерін жеке-жеке тұрғызып, сұрақтың астына алды. Таяқтың бір ұшы кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы саласына тиді. Ашуға мінген шаһар басшысы кінәні бір-біріне сілтеген басшыларға қатаң ескерту берді. 

«Мен қазір ойланып жүрмін. Ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікті қосып үлкен бөлім жасаймын ба деп. Былай қарасаңыз екеуінің де атқаратын қызметі ұқсас. Сіз ауылшаруашылығын емес, ветеринарияға кетіп қалдыңыз. Ит пен мысықты атып жүрсіз… Болды…», - деп кейіді Әбдірахымов.

Жиын соңында Ғабидолла Рахматоллаұлы бұл мәселені тікелей бақылауына алатынын айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлік бөлімінің басшысына қаржы ұйымдарымен бірлесе жұмыс жасап, бизнес саласын дамытуды тездетіп қолға алуды тапсырды.

Тағы оқыңыздар:

"Астана" өз алаңында израильдық "Маккаби" командасын ойсырата жеңді

Алматыда Lexus тізгіндеген жүргізуші әйел адамды қағып өлтіріп, қашып кеткен

Ресей қазақ жеріне құлаған «Протон-М» зымыраны үшін өтемақы төлейтін болды

Қолы ұзын баланы шайтанға теңеген ауылдастары оны қоғамнан аластатып тастады (видео)

Шымкент әкімі көлік қызметіне жауапты басшының суретін ақыры автобусқа іліп қойған (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1653357-pen-mysyq-atudan-basqa-tuk-bitirmeg.html