RU

«Қазақстан 2050» қозғалысы Балалар үйіндегі орталықта өз жобасын таныстырды (фото)

«Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы Астана қаласының Балалар үйінде ашылған білім беру орталығында «Zhas sheber» оқу бағдарламасын таныстырды.

Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап ұйымдастырылған «Zhas sheber» жобасы тұрмыстық-техникалық бұйымдарды қайта өңдеуді мақсат етеді. Жоба аясында балалар техникалық бұйымдарды жөндеп, ал, жөндеуге келмейтіндерін бөлшек ретінде пайдаланатын болады.

Жобаны әрі қарай коммерцияландыру көзделген. Білім беретін әрі біліктілікті шыңдайтын жобаға кәсіби тренерлер жетекшілік етеді.

Қозғалыс ұжымы балаларға арналған шеберханының әлеуметтік маңызы зор екенін айтады.

«Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы ұйымдастырған «Zhas sheber» шеберханасына келіп түскен қайта өңдеуді қажет ететін тұрмыстық-техникалық бұйымдар әуелі мамандар тарапынан бағаланатын болады. Осы жерде қайта өңдеуге келетіні немесе келмейтіні анықталып, әрі қарай жұмыс жүргізіледі. Құрастырылып өңделген бұйымдар екінші рет қолданысқа түсетін болады», - дейді Қозғалыстың жобалар жөніндегі директоры Адай Аманбаев.

Айта өтейік, Балалар үйінің жанынан түрлі бағытта білім беретін орталық ашу туралы бастамаға Қазақ мемлекеттік заң университеті мен Назарбаев Университеті, KazRobotics, «I Logik» зияткерлікті дамыту орталығы, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы, дипломатиялық корпустар мен үкіметтік емес ұйымдар қолдау білдірген.

Өз кезегінде Балалар үйінің әкімшілігі «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының ұжымына осынбай жобалары үшін алғыс хатын табыстады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1655813-qazaqstan-2050-qozghalysy-balalar-uyind.html