RU

Үш ай бойы жалақысын ала алмаған алматылық жігіт өз қарнын тіліп тастады

Алматыда құрылыс компаниясына алданған жігіт қарнын өткір затпен тіліп тастады. Айтуынша, құрылыс жүргізіп жатқан қосалқы мердігер компания үш айдан бері жалақыларын бермеген деп хабарлайды КТК арнасы.

Қазір «ТурҚазконстракшн» компаниясынан 37 құрылысшы айлығын даулап жүр. Бірақ, зардап шеккендердің айтуынша, компания басшысы бой тасалап, Түркияға кетіп қалған көрінеді.

Бейне жазбада адал ақысы мен маңдай терін даулаған жігіттің жанайқайы қоршаудың әр жағынан ғана естіледі. Себебі, құрылыс нысанына аттап басу мүмкін емес. Күзетшілер де мардымды жауап қатпады. Шарасыздықтан күйінген жігіт қарнын тіліп жіберген.

Айдың күннің аманында өзін-өзі қан-жоса еткен Бауыржан Шобаевтың еңбек ақысын алмағынына үш айдың жүзі болыпты. Екі бригадаға біріккен 37 жігіттің де көрген күні осы. Барлығы қосалқы мердігер «ТурҚазконстракшн» компаниясында қызмет істеген.

Бірақ, жаз бойы төгілген тердің өтеуіне қара бақыр татырмапты. Тағы бір құрылысшы Ниет Ескендіровтің айтуынша, амалы таусылғандықтан өлімге бас тіккендердің алды-арты бұл ғана емес екен.

"Сондайға барғаны өте өкінішті. Бала-шағасы бар бәрінің, ақша алмағасын сондайға барып отыр. Тек ол ғана емес, осыдан екі апта бұрын тағы бірі өзін өлтірмек болған, құдай сақтап аман алып қалдық", - дейді құрылысшы Ниет Ескендіров.

Ал қарны тілінген Бауыржанның халі нашарлаған соң қасындағылар жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізілген. Дегенмен, ашынған жігіт сағымға айналған айлықтан бөлек құрылыс барысындағы өзге де былықтарды жайып салды.

"Кейбіреулер шарт қойып отырады. Аптасына, немесе айына 150-200 мың теңге беріп отырамыз, біз тексермейміз дейді. Ертең өздерінің ұрпақтарын жер сілкініп, мына үй басатын болса көретін едік. Ешкімнің жаны ашып тексеріп отырған жоқ. Жаны ашымайды", - деп күйінді Бауыржан Шобаев.

Құрылыстан нәпақасын айырғандардың айтуынша, «ТурҚазконстракшн» компаниясы оларға 7 миллион теңгеден астам ақша қарыз. Қолдарында мөрі басылған келісімшарттары да бар. Бірақ, сөзбұйдаға салып келген компания басшысы бой тасалап, Түркияға тайып тұрыпты.

"Күні ертесіне компаниясының басшысын еш жерден тапқан жоқпыз. Тіпті, әуежайға дейін шығатын шығар деп екі сағат сайын күттік. Кейін естідік, Бішкектен шығып кетіпті", - дейді құрылысшы Ниет Ескендіров.

Суға кеткен тал қармайдының кебін кигендер бас мердігер компанияның да есігін қаққан. Алайда, қосалқы мердігердің алдында қарызымыз жоқ деген олар, сылап-сипап шығарып салыпты.

Ал құрылысшылар болса, қолға тимеген жалақының кесірінен әлдекім өзін өзі жазым ете ме деп қауіптенеді.

Тағы оқыңыздар:

Қуандық Бишімбаевтың сотқа тартылатын күні белгілі болды

Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагерімен кездесті

Қызғаншақ жігіт сүйіктісін алып қашып кеткен азаматты аяусыз өлтіріп тастады

Еліміздің басым бөлігінде қатты жел соғып, қар жауады

Мұратхан Тоқмәди банкир Ержан Тәтішевті кімнің тапсырысымен өлтіргенін айтып берді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1656971-ush-ay-boyy-zhalaqysyn-ala-almaghan-almat.html