RU

Алматы маңында көлік қағып өлтірген көпбалалы әкенің жақындары жантүршігерлік жайтты айтты (фото)

Алматы маңындағы Бесағаш Шпиль-Әуежай тас жолының бойында 45 жастағы азамат Ерболат Майтықовты көлік қағып өлтіріп, жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.

Оқиға 17 тамыз күні таңертең болған. Содан бері екі айдан астам уақыт өтсе де төрт баланың әкесін көлігімен жаншып өткендер әлі табылмады деп күйінді марқұмның туыстары.

«Ағам әуежайда Камаз жүргізушісі болып жұмыс істейтін. Таңғы сағат төрт-бесте Тұздыбастаудағы үйінен шығып, жол жиегімен жұмысына жаяу бара жатқан. Сол жерде көлік қағып кетіп, жүргізуші көмек көрсетпей қашып кетіп отыр. Соққының қатты болғаны сонша Ерболаттың мойын омыртқасы, бел омыртқасы үзіліп, сол иығынан бастап, аяғының сүйектеріне дейін сынып кеткен. Мұндай жарақат шамамен сағатына 120 шақырыммен келе жатқан көлік қаққан жағдайда болады екен», - дейді Ербол Майтықов.

Ербол Майтықовтың айтуынша, қайғылы оқиғаның орын алғанына екі айдан астам уақыт өтсе де бауырын өлтірген жүргізуші табылмақ түгілі, тергеушілер мардымды жауап бермейді екен.

«Жол апаты таңғы бестер шамасында болған дейді. Бұл уақытта көлік көп те жүрмейді. Аттап басқан жердің барлығы бейнебақылау. Ағамды қаққан кезде көліктің сынған бөлшектері шашылып қалған. Техника дамыған заманда көлігімен адам өлтірген қылмыскерді таба алмау дегенге сенбеймін. Бұл жерде полиция жұмысына салғырт қарайды немесе күдіктіні жасырып отыр деген күмәнім бар. Себебі, тергеушілерге барып іс қалай болып жатыр десек, «бұл біздің шаруамыз» деп  мардымды жауап бермей, үнемі бізден қашып жүреді», - деп ашынды марқұмның інісі.

Аталған оқиғаға қатысты NUR.KZ порталы Алматы облысының Ішкі істер департаментіне арнайы сауалнама жолдаған болатын.

«Жол-көлік оқиғасы бойынша автокөлікті анықтауға бағытталған бірқатар тиісті сараптамалар тағайындалып, сот сапартамасы жүргізілуде. ІІД Анықтау басқармасының қызметкерлері оқиға орнынан жасырынған жүргізушінің тұлғасын анықтау мақсатында қосымша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Аталған дерек бойынша жан-жақты обьективті тергеу жүргізу Алматы облысы ІІД басшылығының бақылауына алынған», - делінген хатта.

Айта кетерлігі, жол апатынан көз жұмған Ерболат Майтықовтың артында кәмелет жасына толмаған төрт баласы мен жесір әйелі қалды. Тіпті, кенжесінің жасы әлі үшке де толмапты. Марқұмның туыстары балаларды жетім қалдырып, бауырларын өлтіріп кеткен жауапсыз жүргізушіні тездетіп тауып, заң бойынша жазасын беруді талап етіп отыр.

Тағы оқыңыздар:

Қуандық Бишімбаевтың сотқа тартылатын күні белгілі болды

Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагерімен кездесті

Қызғаншақ жігіт сүйіктісін алып қашып кеткен азаматты аяусыз өлтіріп тастады

Еліміздің басым бөлігінде қатты жел соғып, қар жауады

Мұратхан Тоқмәди банкир Ержан Тәтішевті кімнің тапсырысымен өлтіргенін айтып берді

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1656982-almaty-manhynda-kolik-qaqqan-tort-bala.html