Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еркенің хит болған "Қайда" әнінің авторы бар шындықты айтып берді (фото)

Опубликовано:

Осы жылдың абсолютті хиті болған «Қайда?» әнінің авторы - небәрі 20 жастағы қазақ қызы. Ел аузында «Жоқ, жоқ» аталып кеткен Ерке Есмаханның орындауындағы әнді бойжеткен мектепте оқып жүріп жазған. You Tube желісінде бірнеше ай ішінде 32 миллионнан астам рет қаралған әннің авторы Диана Исмаилова туралы не білеміз?

Хит әннің авторы NUR.KZ арқылы атышулы әніне қатысты біраз жайттың басын ашты. Диана Исмаилованың айтуынша, осы әнге қатысты БАҚ-та жиі сұхбат беріп жүрген ақын Қайнар Алакөзов «Қайда?» әнінің толық мәтінін жазбаған.

"Жалпы әр ән ішкі сезіміме байланысты туындайды. Ән жазғанда мен тек музыкасын ғана емес, толық композицияны көз алдыма елестетіп, мәтінін де жобалап шығарамын. Әндегі «жоқ, жоқ» деген басты мотив менікі. Ал Қайнар аға (Алакөзов – ред.) оның қайырмасына қалалардың атауын қойып, екінші шумағын жазды. Бір қынжылатыным, әннің сөзін толық Қайнар Алакөзовке тиесілі етіп қойғандығы. Оған ренжімеймін. Мұны Еркеге айтам деп реті келмей жүр еді. Бұл әнді мен 9 сынып оқып жүргенде жаздым. Ғашықтық сезімді басынан кешіріп жүрген құрбыларыма қызыға қарап, «неге менде сондай сезім жоқ?» деген ойдан осындай дүние шыққан болуы керек. Былайша айтқанда кішкентай қыздың басқа қыздармен өзін салыстырып, өзінде махаббаты жоқ екені туралы айтылады» - дейді жас өнерпаз.

Бұл ән Ерке Есмаханға қалай тап болды?

Диана Исмаилова өзін сазгер деп есептемейтін алға тартады. Десе де ол Ерке Есмаханға тағы екі ән шығарып бергенін айтып қалды. Жақын арада танымал әнші хит әннің жалғасын елге тарту етпекші екен.

«Еркеге бұл ән кездейсоқ тап болды. Оны өзім жаздыртып жатқан едім. Шыны керек, менде бұл әнді жарыққа шығаруға жағдай болған жоқ. Сонда да босқа жатпасын деп, өзім орындауды ойлап жүрдім. Ерке бұл әнді студияда естіпті. Сол студияда мен кеткеннен кейін музыка өңдейтін маман хабарласып, Еркенің осы әнді ұнатып қалғанын жеткізді. Ерке өзіме хабарласты. Алғашында мен оған сата алмайтынымды айттым. Мен композитор емеспін, жазсам өзіме жазам. Екінші жағынан әннің жарыққа шығуына менде мүмкіндік аз болды. Ерке хабарласып, қоймаған соң ойландым. Ән жатса жата береді, халыққа жетсінші деп келістім», - дейді Диана Исмаилова.

«Қайда?» әні қырғыздардан ұрланды деген қауесетке жас сазгер өз жауабын берді. Халықтың осылайша ойлауына қырғыз әншісінің бейнебаянды дем арада түсіріп қоюы себеп болған. Бұл жағдай Ерке Есмахан мен әннің авторы Дианамен арада біраз кикілжің тудырған.

«Ән шыққан соң бір айдан кейін Еркеге қырғыз әншісі хабарласқан. Ерке оған менің нөмірімді беріпті. Қырғыз қызы оны аударып өз тілінде орындағысы келетінін айтты. Мен оған да орындаушылыққа рұқсатымды бердім. Одан кейін кикілжіңдер болды. Ерке бұл әннің қырғызша бейнебаянының шығуына қарсы болды. Онымен соттасады деп естідім. Қырғыз әншісі маған хабарласып жүрді. Ойланып қарасам, қырғыздан қанша ән алып жатырмыз. Бауыр халық қой. Басқа тілде орындалып жатса, онда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Ол жақта да біршама танымалдылыққа ие болды. Мен бейнебаянға рұқсат берген жоқ едім. Сонда да түсірген екен. Қырғыздардың нұсқасы шыққанда Ерке маған ренжіді. Тіпті Еркенің менің өзімді сотқа берем деп одан әрі дауды ушықтырғаны менің көңілімді қалдырды. Бірақ ренжитіндей емес, себебі қырғыз әншісімен мені өзі байланыстырып берді», - дейді Диана Исмаилова.

Автордың пайымдауынша, «Қайданың» лезде танымал болуына бірнеше фактор әсер еткен.

«Мен бұны осылай танымал болады деп ойламадым. Бірақ өзінің тыңдармандарын табатынын білдім. Өзі жеңіл ән, маған ұнайды. Музыкасы әдемі. Сонымен қатар, Еркенің өзінің тыңдармандары бар. Мен айтсам мүмкін мұндай деңгейге жетпес пе еді... Бұл әнді жазбас бұрын Ерке менен оны қалай нақышына келтіріп орындау керектігін сұрап алды. Еркеге рахмет. Көптеген орындаушылар композитормен ақылдаспай жазып жатады.  Жалпы бұл ән қазіргі қыздар мен жігіттерге «неге тұрмыс құрмай жүрсің?» деген жиі қойылатын сұраққа жауап ретінде қабылданады», - дейді Диана Исмаилова.

«Қайда?» әні шыққаннан кейін оған Қайрат Нұртас, Мөлдір Әуелбекова сынды әншілерден ұсыныстар түсе бастаған.

Айта кету керек, Диана Исмаилова 2015 жылы «Қазақстан дауысы» жобасының ақтық кезеңіне дейін жеткен. Бүгінде жас әнші «Эстрада-вокал» мамандығы бойынша тәлім алып жатыр.

Тағы оқыңыздар:

Қуандық Бишімбаевтың сотқа тартылатын күні белгілі болды

Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагерімен кездесті

Қызғаншақ жігіт сүйіктісін алып қашып кеткен азаматты аяусыз өлтіріп тастады

Еліміздің басым бөлігінде қатты жел соғып, қар жауады

Мұратхан Тоқмәди банкир Ержан Тәтішевті кімнің тапсырысымен өлтіргенін айтып берді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1657088-erkeninh-khit-bolghan-qayda-anininh-avtor/

pixel