RU

Белгілі депутат жол ережесін бұзып, айыппұл төлемей кететін шетелдіктерге ашуланды

Қазақстан Парламенті мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асылбек Смағұлов жол жүру ережесін өрескел бұзатын көрші елдерден келген көліктерге миллиондап айыппұл салынғанымен, олар жазадан құтылып кетіп жатқанын ашына айтты деп хабарлайды Baq.kz.

Бүгін Мәжілісте «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы талқыға салынды.

Жиында халық қалаулысы Асылбек Смағұлов Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінің өкілдеріне өз сұрағын қоярдан бұрын, мәселені түсіндірді.

«Биыл қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысында көшпелі отырыс өткіздік. Онда жол полициясының қызметкері бізге мынандай проблеманы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда еліміздің аумағында көршілес елдердің мемлектеттік нөмірімен жүретін автомобиль жүргізушілері жол ережелерін жиі бұзып, жылдамдық өлшейтін құралдарға түсіп қалады. Бірақ олар жазаланбай құтылып кетеді екен», - деді ол.

Депутат сөзіне дәлел де келтірді. Оның айтуынша, бір автомобиль жылдамдық өлшеу құралдарына 22 рет түсіп, оған салынған айыппұлдардың көлемі жарты млн теңгеден асып кетсе де, ешқандай жаза қолданылмаған.

«Әрине, бұған аталмыш автомобильдердің Ішкі істер органдарының базасында тіркелмегені себеп. Дегенмен айыппұлдар өндірілмей, ал құқық бұзушылар жазаланбай қалғанын айтпағанның өзінде, жолдарымыздағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзі мұң болып отыр», - деді Асылбек Смағұлов.

Осы ретте депутат құзырлы орган өкілдеріне өз сұрағын қойды.

«Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Әкімшілік кодекс пен басқа заңдарға көршілес елдердің мемлектеттік нөмірімен жүретін, елімізде жол ережесін жиі бұзатын көліктер Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан өткен кезде оларға айыппұл төлеу қажеттігі туралы хабарлама беру туралы мүмкіндікті көздейтін өзгерістер енгізуді қажет деп санай ма?», - деді халық қалаулысы.

Оның сауалына Ішкі істер вице-министрі Берік Бисенқұлов жауап беріп, депутаттың ұсынысына қолдау білдірді.

«Шетелдіктер құқық бұзушылыққа жол берген жағдайда, оларды ел аумағынан шығатын кезде тоқтатуға Шекара қызметіне тиісті өкілеттік беруді ұсынамыз. Сонымен қатар ақпараттық жүйемен интеграциялануға техникалық мүмкіндігіміз бар. Шекара қызметіне құқық бұзушылық бойынша барлық ақпаратты автоматты түрде беруге болады. Бұл ретте шекарада ескерту жасау шараларын ұйымдастыру керек. Сонымен қатар шетелдіктерге әкімшілік айппұлды төлегенге дейін ел аумағынан шығуға заңнамалық түрде тыйым салу мәселесін қарастыруды ұсынамыз», - деді вице-министр.

Тағы оқыңыздар:

Ксения Собчак президент болса әуелі Ленинді жерлемек

Елімізге танымал миллионердің қызы отандық әншіге ұл сыйлады (фото)

Үш ай бойы жалақысын ала алмаған алматылық жігіт өз қарнын тіліп тастады

"Әлем аруы" байқауында Қазақстанның намысын 18 жастағы бойжеткен қорғайды

Головкин-Альварес жекпе-жегінен кейін басы дауға қалған төреші жұмысына оралды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1657531-smaghulov-elimizde-zhol-erezhesin-buzgha.html