RU

Ақтөбеде балабақша тәрбиешісі құлатып алған бүлдіршін талма ауруына шалдыққан (фото)

Ақтөбеде мектепке дейінгі мекемеге қатысты кезекті дау шықты. Бұл жолы ата-аналардың бірі балабақшадағы бала күтушісін ұлын құлатып алғаны үшін айыптауда. Айтуынша, ол осы оқиғадан кейін ұстап қалатын талма ауруына ұшыраған деп хабарлайды Керек-инфо.

Үш жастағы Ерсұлтан Жетіспаевқа дәрігерлер эпилепсия диагнозын қойған. Анасы Эльмираның айтуынша, баласы Қарғалы ауылындағы “Алтын ұя” балабақшаcына апарғаннан кейін осындай ауыр науқасқа шалдығыпты. Бұл оқиға өткен жылы болған. Алайда осы уақытқа дейін баласын емдеткен ана бұл туралы енді ғана айтуға шешім қабылдапты.

"Ерсұлтан 2014 жылы дүниеге келді. Балама бес ай болған кезде дәрігерлер оған “бас сүйек қысымы” (черепное давление) деген диагноз қойған. Уақытында екпесін алып, емделдік. Денсаулығы жақсы болғандықтан, дәрігерлер оған балабақшаға баруға рұқсат берді. Сөйтіп, баламды Қарғалы ауылындағы “ Алтын ұя” балабақшасына бердім. Алғашында Ерсұлтанның жағдайы жақсы болатын. 2016 жылдың 13 шілдесінде баламды балабақшадан алып кетуге бардым. Сөйтсем, ұлымның маңдайы ісіп кеткен. Бала күтушісі баламның басын есікке соғып алғанын айтты. Содан кейін баламның денсаулығы күрт нашарлап кетті.Үйге келгеннен кейін қан құсты. Дәрігерлер оның бас сүйегі зақымданғанын айтты. “ІІІ дәрежелі гематома” деген диагноз қойды",-дейді ол.

Бала күтушісі алғашында өз кінәсін мойнындамаған. Бірақ, соңыра істің насырға шапқанын біліп басқаша сөйлепті. Сол күні Ерсұлтан оған көнбей, жылай бастаған. Баланы жұбатпақ болғанда оны екінші қабаттан құлатып алған көрінеді.

"Таңшолпан ұлымды жұбату үшін екінші қабатқа көтерілген. Мұны бала күтушісінің өзі айтып берді. Сол кезде Ерсұлтан оны кеудесінен итеріп, жерге құлап кеткен. Екінші қабаттан баспалдақ арқылы құлап, жерге түсіпті. Сол кезде басынан ауыр соққы алған. Соңыра Астанадағы дәрігерлер оған “эпилепсия” деген диагноз қойды. Баламның аяқ-қолы жиі құрысады. Талмасы ұстағанда, кіші дәретін ұстамайды. Ерсұлтан өзге балалар сияқты ойыншықтармен ойнамайды. Тіпті жан-жануарларды айырып айта алмайды", - дейді ол.

Осы оқиғадан соң бала күтушісі өз еркімен жұмыстан кетіпті. Дегенмен балабақша басшылығы мұндай айыптауды жоққа шығаруда.

“Алтын ұя” балабақшасының меңгерушісі Гүлжанат Жаманбаева бұл оқиғадан хабарсыз болып шықты. Айтуынша, бала күтушісі тек Ерсұлтанның өзі басын есікке соғып алғанын айтыпты.

"Ерсұлтан анасының артынан барам деп басын есікке соғып алған. Бала күтушісі болған жағдайды анасына айтыпты. Ол ұлын жұбатып, түсте алып кететінін айтқан. Бірақ кешкісін бір-ақ келген. Сол күні Ерсұлтанды өзім де көрдім. Жағдайы бірқалыпты болды. Балабақшаға келіп жүрді. Арасында ауырып, ауруханаға да жатып шықты. Соңыра Эльмира келіп, баласын емдетуге ақша жетпей жатқанын айтты. Бала күтушісін іздеп, оны жауапқа тартқысы келетінін айтты",- дейді балабақша меңгерушісі.

Балабақша басшылығы бала күтушісіне бұрын ешкімнің шағымданбағанын айтады. Айтуларынша, ол жұмысқа икемді, балалардың тілін тез таба білген көрінеді.

Гүлжанат Жаманбаева бұрынғы қызметкерінің осы оқиғадан соң өз еркімен жұмыстан кетуін отбасы жағдайымен байланыстырады.

Эльмира Жетпісбаева қазір ұлы Ерсұлтанды жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Жолдасымен ажырасып кеткен. Ұлының әкесі баласын емдетуге қаражат беруден бас тартқан көрінеді. Жалғызбасты ана баласының дертін Алматыдағы жеке клиникалардың біріне қаратып, емдеткісі келеді. Бұл үшін 1,5 млн теңге қаражат қажет.

Алайда ауру баласын бағып, үйде отырған ананың мұндай қаражаты жоқ. Жалғыз ұлының денсаулығына алаңдаған ана қайырымды жандардан көмек күтеді.

Тағы оқыңыздар:

Дүйсенова әйелдердің 50 жасында зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі туралы түсіндірді

Ішкі істер министрлігі Тоқмәдидің елді шулатқан мәлімдемесіне қатысты түсінік берді

Шариғат талабына қарсы: Үндістанда мұсылман қыздарға селфи жасауға тыйым салған

Белгілі депутат жол ережесін бұзып, айыппұл төлемей кететін шетелдіктерге ашуланды

17 жасынан бастап ақша тауып үйренген Испанов жағымпаздарды бірден танитынын айтты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1657927-aqtobede-balabaqsha-tarbieshisi-qulat.html