RU

Мәжіліске шикі заң жобасын әкелген министрдің басы дауға қалды

Мәжіліс жаңа Әкімшілік кодексін әкелген Әділет министрін кері қайтарып жібере жаздады. Үкімет жаңа құжатқа ақылға қонбайтын өзгерістер енгізген дейді депутаттар. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Мәселен, тұтынушыны алдап, сапасыз тауар сатқандарға айыппұл төмендетілмек. Яғни, жұртты сан соқтырған кәсіпкерлерге барынша жеңілдік жасап отыр. Бірақ депутаттар бұл баппен мүлдем келіспейді. Мәжілісмендер керісінше, алаяқтарды қатаң жазалау керек деген пікірде.

Мәжілісмендердің Марат Бекетаевтың басынан сипап, мақтаған күні болған емес. Министр қандай құжат алып келсе де депутаттар әйтеуір бір шикілік тауып, сынап жатады. Бұл жолы да солай болды.

Әділет министрлігі әзірлеген әкімшілік жазаға қатысты ұсыныстың көбі халық қалаулыларының көңілінен шыққан жоқ. Сонымен, Әкімшілік кодекске мынадай өзгерістер енген:

"Әкімшілік ұстау мерзімін үш сағаттан 24 сағатқа дейін ұзарту көзделген. Бұл түзету Ішкі істер министрлігінің ұсынысы негізінде әкімшілік қамаққа алу кезінде туындайтын практикалық мәселелерді шешуге бағытталған", - дейді Әділет министрі Марат Бекетаев.

Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, адам қоғамдық жерлерде бұзақылық жасаса, айналаға қоқыс лақтырып, әкімшілік тәртіп бұзса, бұрын үш сағатқа түрмеге жабатын. Енді уақытша ұстау 24 сағатқа ұзартылыпты. Депутат Омархан Өксікбаев бұл өзгеріс қосымша қаржы талап етеді деп уайымдап отыр.

"Әкімшілік жазаны 24 сағатқа дейін созамыз деп отырмыз ғой. Бұл да қосымша қаржыны талап етеді. Өйткені үш сағаттан 24 сағатқа ұстайтын болсақ, оны ұстайтын орын керек. Ішкі істер органдары осыны қамтамасыз ете ала ма екен? Ертеңгі күні біз түрме саламыз деп бізге тағы да ақша сұрап шығады. Осыны да есептеген жөн шығар?", - мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев.

Сондай-ақ, депутаттар кәсіпкер заң бұзғанымен, қоғамға аса зияны тимесе, оны жазадан босату туралы бапты Әкімшілік кодекске қайтару керек деген ұсыныс жасады. Құжатты әзірлеген Әділет министрінің айтуынша, бұл мәселеге қатысты ортақ келісім жоқ.

Тағы бір жаңалық - бұдан бұлай жеңіл қылмыс жасағандарды бірден жазаламайды, көп жағдайда алдымен ескерту алады. Депутаттар «Әкімшілік кодекс төңірегінде ұзақ тартысқанымен, құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжілісмендер үкімет енгізген өзгерістерді жіті қарап шығып, екінші оқылылымда өз ұсыныстарын енгізбек.

Тағы оқыңыздар:

Дүйсенова әйелдердің 50 жасында зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі туралы түсіндірді

Ішкі істер министрлігі Тоқмәдидің елді шулатқан мәлімдемесіне қатысты түсінік берді

Шариғат талабына қарсы: Үндістанда мұсылман қыздарға селфи жасауға тыйым салған

Белгілі депутат жол ережесін бұзып, айыппұл төлемей кететін шетелдіктерге ашуланды

17 жасынан бастап ақша тауып үйренген Испанов жағымпаздарды бірден танитынын айтты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1658035-mazhiliske-shiki-zanh-zhobasyn-akelgen-mi.html