RU

Алматылық ЦОН-да шу: Мамандар тұрғындар туралы мәліметті заңсыз өзгелерге таратқан

Алматы қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында (ЦОН) шу шықты деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі. Бұл туралы жергілікті тұрғын, заңгер Анна Димитриевич өзінің Facebook желісіндегі парақшасында «Абайлаңыз, ЦОН!» деген жазбасында нақтылап жазып, жұртты қауіпсіздікке шақырды.

«Бүгін Egov сайтындағы жеке парақшама кіріп, жағамды ұстадым. Сенесіз бе, мен туралы мәліметтерді бөтен біреулер алған. Оның ішінде тұрғылықты мекен-жай туралы және жылжымайтын мүлікке қатысты анықтамаларды белгісіз біреу сәрсенбі күні кешкі сағат 19:44-те  алған. Менің құжат алуым мүмкін емес, мен әр сәрсенбі кешкі сағат 20:00-ге дейін сабақтамын. Оқиғаны анықтау үшін  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Алматы қаласы халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментіне барып мәселені анықтауға кірістім. Кейін бұл мәліметті Алмалы аудандық ХҚО-дан берілгенін білдім. Аз уақыттың ішінде басшылық бұл мәліметті кімнің және қашан алғанын анықтап берді. Менің және танысым туралы мәліметті «Forte Bank» мекемесінің қызметкері Бердинов Серік деген азамат алған», - деп ашынды заңгер.

Банк қызметкерлері мен ХҚО мамандары күмілжіп қалды

Заңсыздық мұнымен шектелмеді. ХҚО маманы өз телефонын әкеліп беріп : "Forte Bank" банк қызметкері менімен сөйлескісі келеді", -  деді.  Аслан есімді банк маманы: "Біздің банктен несие алмадыңыз ба? Цифрлық қате кетіп қалыпты", -  деп күмілжіп тұр. Артынша ХҚО маманының оған «бұдан былай сендерге мұндай құжат бермейміз» деген сөзін естіп қалдым. Бір сағаттан соң орталыққа банк атынан «Глобал Капитал» ЖШС қызметкері келіп не үшін заңсыз анықтама алғандарына ақтала бастады. Олардың сөзінше, бір кездері мен банкке өзім туралы мәлімет жинауға келісім беріппін. Айта кетейін, заң бойынша азаматтар туралы мәлімет жеке басының сұрауы бойынша немесе сенім білдірген тұлғаға ғана беріледі.

Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы бар шындықты жайып салды

- Ашуға булыққан ХҚО-дағы мамандардың бірі барлық анықтама осы «Глобал Капитал» ЖШС арқылы берілетінін айтып салды. Біз қауіпсіздігіміз сенімді қолда деп сеніп жүрсек, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары жеке компаниялар мен банктерді белгілі сомаға асырап жүр екен. Бұл -  нағыз жең ұшынан жалғасқан жемқорлық. Бүгін заңсыз мәлімет таратты, ертең жақсы сыйақыға кез келген құжатты заңдастырып жібермесіне кім кепіл? Бұл оқиға осымен бітпейтінін көрген олар маған бейбіт жолмен келісімге келуге шақырды. Иа, бұл істі жай ғана жаба салуға болатын еді, бірақ мыңдаған тұрғын ертең алаяқтардың құрбаны болмауына кім кепілдік береді? Қазір бұл істі біз заң жүзінде шешіп, нүктесін қоямыз, - деді Анна Димитриевич.

Аталған оқиғаға қатысты "Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясына" хабарласқанымыз бен баспасөз қызметі  басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың әлеуметтік желі арқылы таратқан пікірін ұсынды.

"Құрметті , Анна! Біз осы мәселені тексеріп, сізге жақын арада жауабын беретін боламыз. Еgov.kz -тегі жеке кабинетке  тұлғаның телефон нөмірі және email поштасын әдейі бекітіп қойғанбыз. Сіз туралы заң бұзушылықтар орын алған жағдайда және сіздің атыңызға келген сұраныстар осы екі жерге ақпарат болып  түсіп, барлығын сіз бақылауда ұстау үшін. Орын алған оқиға  -үлкен қателік деп есептеймін. Кінәлілер міндетті түрде жазасын алады" деп жазба қалдырған 32 жастағы басшы.

Тағы оқыңыздар:

Енді жүргізшулер «Ш» белгісін жапсырып жүруге міндетті емес

Мәжіліске шикі заң жобасын әкелген министрдің басы дауға қалды

ОҚО әкімі Түймебаевтың жерлестері бензин таппай, әбден әбігерге түсті

Қай елде мұсылман қыздарға селфи жасап, желіге жүктеуге тыйым салынған?

Алматылық отбасы кішкентай ұлының отасына ақша таппай жанұшырып жүр (фото)

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1658158-almatylyq-con-da-shu-mamandar-turghynda.html