RU

«Ана мен бала» бағдарламасына қазақтың Ник Вуичичі келді

Қазан айынан бастап «Хабар» телеарнасында «Ана мен бала» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Әлеуметтік жобада ана мен балаға қатысты сан алуан тақырыптар сөз болады. Ток-шоудың бір санына қазақтың Ник Вуичичі атанып кеткен Әли Тұрғанбеков келді.

«Болашақта жүзуші боламын. Спортты өте қатты жақсы көремін. Үйде отырғанды ұнатпаймын. Үйде болсам доппен ойнаймын, жәй отырмаймын», - дейді Әли Тұрғанбеков. Кез келген баланың арманы дейтін боларсыз, алайда Әли қарапайым бала емес. Оның дүние есігін ашқан сәттен бастап екі аяғы жоқ. Дәрігерлердің айтуынша осы диагнозбен туылған жалғыз Қазақстандық бала. Дегенмен Әли ешқашан бұл диагнозға мойыған емес. Бүгінде «Нұр-Орда» мектебінде білім алып жүр. Оқуда озат, ақкөңіл, мейрімді. Әсіресе футбол ойнағанды ерекше жақсы көреді. Жаз айларында балалармен бірге жаттығу алаңына барады. Өзінің айтуынша қақпаны жақсы қорғайды екен. «Астана» және «Барселона» командаларының жанкүйерімін. «Барселонадан» Месси мен Суаресті, ал «Астана» футбол клубынан Сергей мен Патрикті ұнатамын», - дейді кішкентай Әли.

«Ана мен бала» бағдарламасының шығармашылық ұжымы Әлидің қалауын білген соң, студияға «Астана» футбол клубының қорғаушысы Сергей Малыйды шақырды. Спортшы кішкентай жанкүйеріне өзінің қол таңбсы қойылған допты табыстап, Әлиге алғысын білдірді. «Интернеттен кездейсоқ Әли туралы көріп, оның футболға қызығатынын білдім. Сөйтіп оны анасымен біздің команданың бір ойынына шақырғым келді. Анасына хабарласып, солай таныстық. Олар ойынға келді. Достығымызға өте қуаныштымын. Себебі бізге осындай жанкүйерлер қажет. Ол шын жүрегімен бізге сенеді. Ал біз үшін бұл өте маңызды», - деп ой бөлісті Сергей Малый.

Сондай-ақ Әли Мәскеу қаласында әйгілі Ник Вуичичимен кездесіпті. Анасы Ақмарал Әмірееваның айтуынша олар балаларының барлық тілегін орындауға тырысады. Ал, Әлидің өзі болса бұл жүздесу өміріне әсер еткендігін айтады. «Оны бірінші рет көрдім. Өте қуанышты болдым. Мен оны құшақтадым. Ол сондай керемет адам. Ол маған «Сені біреу ренжітсе, оған назар аударма. Ештеңе болмағандай ойла» деді. Мен сөйтіп ешкімге ренжімей өтемін», - дейді Әли.

Өмірде қиыншылық атаулыға мойымай, ерік-жігерімен таң қалдырған баланың тағдыры әркімге үлгі боларлық. Оның қайсарлығы, жүзіндегі жылылық пен мейрімділік, ең бастысы өмірге деген құштарлық тамсандырады, шүкірлікке үйретеді.

Ескерте кетейік, «Ана мен бала» жобасын «Хабар» арнасынан сейсенбі-бейсенбі күндері сағат 11.00-де тамашалай аласыздар. Ал, Әли қатысқан бағдарламаның толық нұсқасын http://khabar.kz/kz/m-ra-at-ana-bala/item/94473-ana-men-bala-emizikti-alaj-ta-dajmyz сілтемесі бойынша көре аласыздар.

*PR құқында

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1659853-ana-men-bala-baghdarlamasyna-qazaqt.html