RU

Қазақ сазгерінің әнін естіген әлемге танымал олигарх көз жасын тоқтата алмаған (видео)

Марат Омаровтың "Анашым", "Қыз сыры", "Алғашқы махаббат" сынды тарихта қалатын әндерін білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Бүгінде қазақтың ән өнерін өз ішімізде ғана емес, алыс жақын шетелге танытып жүрген композитор NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат беріп, өміріндегі ерекше оқиғаларымен бөлісті.

Соның бірі - композитордың әлемге танымал француз модельері, театр суретшісі, Елицей сарайының иесі Пъер Карденмен кездесуі. Францияның қақ ортасындағы "Пьер Карден" театрының иесіне Марат Омаровтың "Мекке - Мәдина" әні ерекше әсер қалдырған. Әншінің айтуынша, модельер қатты толқыныстан көз жасын тоқтата алмаған.

"Біз бүкіл Еуропаны аралап жүргенбіз, мақсатымыз ұлттық өнерімізді соларға таныстыру керек болды. Францияға барғанымызда бізді қалдырды. Париждегі қазақтар менің 90-шы жылдары шыққан кассеталарым мен афишаларымның бәрін сақтап қойған.

Бір күні елшілікте жұмыс жасайтын Ақмарал Қайдарқызы, ЮНЕСКО-дан Олжас Сүлейменов бар концерт ұйымдастырды. Мен кеште "Анашым" әнін ойнадым. Бір қарасам Олжас ағам көзіне жас алып, қасыма келіп: "Марат сен білесің бе, мен сені Пьер Карденмен жолықтырамын", - деді. Менен сосын бар мәліметті сұрап алды, дискімді алды.

Ондағы ең бірінші ән "Мекке-Мәдина". Ол кісі католик қой. Маған сәрсенбі күні елшіліктен хабарласып: "Сізді жұма күні қарсы алатын болды, жақсылап киініп, дайындалып келіңіз",- деді.  Сонымен жарым Перизат екеуміз барып, "Пьер Карденнің" киімдерін алдық.

Ақ көйлек, ақ костюм, ақ шұлыққа дейін сол кісінің туындысы. Сөйтіп айнаға қарап тұрсам, марқұм циркші Балтабек Жұмағұлов: "Марат, сымбатты болып тұрсың. Жалғыз бір кемшілігін айтайын, Пьер Карден мұрты бар адамдарды жақсы көрмейді",- деді. Сонан кейін қой құрсын деп, мұртымды алып тастадым. Сөйтсем ол әзілдеген екен.

Не керек, соның резиденциясына бардық. Оған дейін Эйфиль мұнарасы, Лувр музейін аралағанбыз. Содан мен шабыттанып "Парижге деген махаббат" әнін шығарғанмын. Елшіліктің роялінде ойнап отырсам, Ақмарал Қайдарқызы келіп: "Марат, мынау қандай тамаша музыка!",- дейді. Содан Парижде шығарған өлеңім деп айттым. Ол кісі бірден француз тіліне аударыңдар деген бұйрық берді.

Содан бір күннен кейін мен "О, Пағиж" деп французша ән айтып отырмын. Осы әнге дайындалып, Карденнің алдында осы әнді орындаймын деп бардым. Түскі асқа барардың алдында тыңдайық деді. Кіріп қалсақ резиденциясы аппақ, кең сондай көрікті екен. Ішінде кіре берісте рояль тұр екен. Сосын отырып "Анашымды" ойнадым, одан кейін Париж туралы әнімді французша айттым.

Ол кісі қошеметін білдіріп: "Париждегі театрыма сіздің осы әніңізді қойылымға аламыз, сіз сонда ән айтасыз",- деді. Сосын дискіні қолына алды да, Ақмарал Қайдарқызына французша: "Маратқа бір өтініш айтсам деп едім, кассетадағы ең бірінші әні "Мекке - Мәдинаны" айтып берсе", - деді. Ақмарал Қайдарқызы маған қарап: "Марат "Мекке- Мәдина" әнін орындап берші деді.

Жақсы деп отырдым. Отырғаным сол еді, мен отырған жақтағы терезеден күн жарқ ете қалды. Сосын "Мекке-Мәдинаның" бірінші шумағын айтып жатырмын. Терезе жақтан аппақ жарық түсіп, сондай бір жақсы энергия келіп жатыр. Екінші шумағына келдім, транскқа кіріп кеттім. Оның үстіне Меккеге барғанмын, әнім сол жақта дүниеге келген.

Өзім әнімнен балқып, ләззат алып, бар дүниені ұмытып кеттім.  Ән аяқталып қалғанда көзімнің қырымен қазір бітіремін ғой әнді деп зал жаққа қараймын ғой, көзінде көзілдірігі бар шал отыр. Сөйтсем Пьер Карден, көзінен жасы сорғалап отыр, қатты әсер алған екен. Кейін білгенімде, ол кісі  дінді бөлмей, бәріне бірдей қарайтын рухани жан екен", - деді өміріндегі ең бір ыстық сәтті есіне алған Марат Омаров.

Тағы оқыңыздар:

Қарағанды облысында бензин бағасы 200 теңгеге жуықтады

Неліктен мұсылмандарға Хэллоуин мерекесін тойлауға болмайды?

"ҚазМұнайГаз" қызметкерлері жаңа жылда сыйақысыз қалатын болды

Атышулы Гүлнар Кәрімова жақын күндері тағы да сотқа тартылмақшы

Алматыда жаппай төбелес бастаған автобус жүргізушісі мен кондуктор ұсталды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1662075-qazaq-kompozitorynynh-anin-estigen-al.html