RU

Балаларын көшеде ұйықтатып қайыр сұраған аяғы ауыр келіншектің тағдыры елді алаңдатты

Шымкенттегі әл-Фараби даңғылының бойында қара суыққа қарамастан шиеттей төрт баласын жолға отырғызып, тіпті кейбірін жерге ұйықтатып қайыр сұраған ананың суреті желідегілердің жүрегін ауыртты деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.

Фото авторымен хабарласқанымызда қайыр тілеп, қаңғырып қалған отбасының асыраушысы яғни әкелері темір торға қамалғанын білдік. Ал жалғызбасты келіншектің есімі - Мадина Көпірекова.

"Мадина Қазығұрт ауданының тумасы. Қазір бесінші баласына аяғы ауыр. Жолдасы Атыраудың жігіті екен. Алты ай бұрын төбелес кезінде біреуді өлтіріп қойғаны үшін сотталып кеткен. Содан бастап отбасының жейтін асы, киер киімі қалмаған. Амалдың жоғынан жан бағу үшін көшеге шығып, қайыр сұрап жүр", - деді отбасының жағдайымен танысқан Ажар Момбекова.

Жұмысы жоқ келіншек төрт баласымен бірге 9400 теңге болатын жәрдемақыға күн көрген

Мадина Көпірекова осы уақытқа дейін 9400 теңге жәрдемақыға жан баққан. Қала берді жергілікті мешіттер азын-аулақ аспен қамтамасыз еткен екен. Баласының жасы бірден асқалы жеңілдік ақшасы тоқтап, балалардың жейтін асы да қалмапты. Амалы таусылған келіншек төрт баласын жетектеп жүріп садақа тілейді.

«Күн сайын қайыр тілеуге әрең шығамын, намысым жібермейді. Бірақ төрт бала аш отырған соң барлығын жетектеп бір тиын болса да тамақ алайық деп ел-жұрт жұмыстан қайтар уақытта көше жағалаймыз. Тұратын үйім, жұмысым болса осыған бармаймыз ғой. Пәтерге 15 мың теңге береміз. Оның ақысы төлеп тұрмасақ, далада қонуға тура келеді», -  деп жыламсырады аяғы ауыр келіншек.

Көпбалалы анаға көмектесем деушілер: 8(778) 876-29-87  телефонына хабарласуларына болады. 

Тағы оқыңыздар: 

Жемқорлығы үшін ұсталған экс-министр Бишімбаев сотқа келді

Еліміздің басым бөлігінде көктайғақ болып, жел күшейеді деп күтілуде

Биылғы күзде жеміс-жидек пен көкөніс бағасы жаппай қымбаттап жатыр

Қостанайда екі адамды өлтіріп, денесін бөлшектеген жігіт жазадан құтылып кетті

Ерке Есмахан өзін "арзан ән айтады" деп сынаған тыңдарманға ренжіп қалды (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1663034-balalaryn-koshede-uyyqtatyp-qayyr-sur.html