RU

Атышулы олигарх Тоқтар Төлешов ешбір жақыны келмесе де сотта күлімдеп отырған

Бұған дейін мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп 21 жыл абақтыға жабылған "Сыра королін" бұл жолы экономикалық қылмыстар бойынша кінәлі деп танығанымен, жаза мерзімі сол күйі қалды. Екі жылға жуық уақыттан бері шуы басылмай жатқан Тоқтар Төлешовтің ісі туралы не анықталды? Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Бірден айта кетерлік жәйт, қызу талқыға түскен Төлешовтің үкімін оқу кезінде не бір қорғаушысы, не туыстары болған жоқ. Ал экс-олигархтың өзі тағдыры шешіліп жатса да әдеттегідей жымиған қалпынан танған жоқ.

"Салықтан жалтару", "өкілеттігін асыра пайдалану" секілді баптармен айыпталған оған сот бір баппен 5, екіншісімен 2 жыл тағайындаса да алдыңғы 21 жыл жазасына сіңдірді. Яғни, сол 21 жыл өзгерген жоқ. Дегенмен, сатылған сырадан төленбей қалған қыруар салық өндірілуі тиіс.

"ОҚО Прокуратурасының талап арызы қанағаттандырылды. 1 млрд 368 млн 587 мың 455 теңге мемлекет пайдасына өндіріліп отыр", - деді Еңбекші аудандық сотының төрағасыАйдос Сұлтанов.

Сот шешімі бойынша бұл соманы Төлешов бір айдың ішінде төлеуі керек. Әйтпесе мәжбүрлі түрде өндіріледі екен. Одан өзге 3 миллионға жуық сот шығыны бар. Төрт айдан бері тергеліп жатқан істе Тоқтар Төлешовтен өзге тағы 8 адам болған еді.

Салықшылар, сыра зауытының есепшілері мен бизнесмендерден құр алған топтың жетеуіне осыған дейін үкім оқылған. Бесеуі рақымшылыққа ілінсе, біреуінің айыбы қысқарып, тағы біреуі шартты түрдегі жазамен құтылған. Ал бүгін Төлешовпен бірге сотталған салықшы Нұржан Қарақожаевтың бостандығы 2 жылға шектелді.

Сот процесі басталғалы күлімдеумен болған Төлешовтің соңына қарай жүйкесі жұқарған болуы керек, тағылған айып пен соттың өзін театрға балады.

"Мен бұлардың бәрі ойдан құрастырылған қылмыс деп айтамын. Мен ешқандай да қылмыскер емеспін", - деді ол.

Былтыр қаңтар айының соңында "кісі өлтірді" "қылмыстық топ құрды" тіпті "мемлекеттік төңкеріс" жасамақ болды деген айыппен ұсталған Төлешовтің дүние-мүлкі тәркіленді. Енді экономикалық қылмыстармен жазасы ауырламаса да бір жарым миллиардқа жуық қарыз болып қалған ол шағым жазам деп отыр. Бірақ, экс-олигархтың өзі нәтиже шығарына сенбейді.

Тағы оқыңыздар:

Мемлекет басшысы Қазақстан ұлттық банкіне кім кеңес беретінін айтты

Таяуда ғана ректорлары Сапарбаевтан сөз естіген оқу орындары хеллоуин тойлады

Картадан ұтылып қалған 48 жастағы азамат бөтелкелес достарын балталап тастаған

Погонын жұлып тастаған бойжеткенге қол көтерген полицей жазаланбайтын болды

ЭКСПО қайта оралды: Он күннен соң Астанадағы алып шар мен павильондар ашылады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1665026-atyshuly-oligarkh-toqtar-toleshov-sot-ot.html