RU

Ақтөбе облысында ақша жымқырған әкімнің орынбасары сотталып кетті

Мұғалжар ауданының әлеуметтік саласына жауапты болған Қайырғали Назаров алаяқтық жасағаны үшін абақтыға қамалды. Ол сыбайластарымен бірге мемлекетке 38 млн теңге шығын әкелген. Экс-шенеунік бұл іске әйелінің інісін де тартыпты. Бұлы туралы Kerek-info порталы хабарлайды.

Сот мәліметтеріне қарағанда, былтыр Мұғалжардағы спорт алаңдарының құрылысы мен саябақтарын жөндеуден өткізу үшін 87 млн теңге қаражат бөлінеді. Экс-шенеунік бұл қаржының 38 млн теңгесін алаяқтық жолмен қалтасына басыпты. Қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін ол өзінің қарамағындағы 10 елдімекеннің әкімін “Еңбек-Ақтөбе” кәсіпорынымен келісімге отыруға көндірген.

Мемлекеттік сатып алу жөніндегі келісімшартқа сәйкес, құрылыс жұмыстарын сотталушылар жүргізуі тиіс еді. Алайда оларды алыс елдімекендерге жеткізе алмағандықтан, “Еңбек-Ақтөбе” кәсіпорыны екі бірдей қосалқы мердігермен келісімге келеді. Олардың біреуі шенеуніктің әйелінің туған інісі болған.

Соңыра экс-шенеунік жұмыстың толық аяқталмағанына қарамастан, аудан әкімдеріне “Еңбек-Ақтөбе” кәсіпорынына қаржы аударуға тапсырма берген. Кейін сотталушылар ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өз қажеттеріне жұмсаған көрінеді. Сөйтіп, аудан әкімінің бұрынғы орынбасары өз сыбайластарымен бірге алаяқтық жолмен мемлекетке 38 млн теңгеден астам шығын келтірген.

Сотта Қайырғали Назаров өз қылмысын толықтай мойнына алды. Оның айтуынша, жобалық-сметалық құжаттама өзгергеннен кейін спорт алаңдарының көлемі кішірейіп, резеңке жабынның орнына бетонға жасанды көгал төселіпті. Қоршаудың түрі мен көлеміне де өзгеріс енгізілген. Экс-шенеунік ауыл әкімдері мен мектеп директорларынан құрылысқа жұмыс күшін тартуды да сұраған көрінеді. Ол барлығы елдімекенді көркейту үшін жасалып жатқандығын айтып, құрылыс жұмыстарын қыс келгенше аяқтауды тапсырған.

Қайырғали Назаров сотта жасаған ісіне өкініш білдіріп, мемлекетке келген шығынды толықтай өтегендерін айтқан. Денсаулығы мен жасын ескеріп, бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Таяуда Мұғалжар аудандық сотының судьясы Н. Кендірбаева алаяқтығы үшін айыпталғандарға қатысты үкім шығарды. Оған сәйкес, 49 жастағы Қайырғали Назаров пен “Еңбек Ақтөбе” кәсіпорынының директоры Мұрат Кенжебаев мүлкі тәркіленіп, 3 жыл 9 ай мерзімге сотталды. Олар өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айрылды.

Ал құрылыс жұмыстарына қосалқы мердігер ретінде тартылған “ЕрҚайсар” мен “НовоселСтройСервис”ЖШС директорлары сот залынан бостандыққа шықты. Сот Серғазы Садихов пен Жанболат Машаевқа 3 жыл 7 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Жаза мерзімі біткенше, олар пробациялық бақылауда болады.

Барлық сотталушыларға рақымшылық заңы қолданылған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Белгілі болғандай, үкімге наразы тарап сотқа аппелияциялық шағым түсірген.

Тағы оқыңыздар:

Тоқаев: Ұлттық комиссия латын әліпбиі бойынша қоғам пікіріне құлақ асу керек

АҚШ шіркеулерінің бірінде 20 жастағы жігіт отызға жуық адамды қырып салды

Жұлдызды отбасыға келін боп түскен бойжеткен ерекше даусымен елді тәнті етті

300 жаңғақты бір минутта жұдырығымен шаққан ер адам жұртты таңғалдырды (видео)

Қатерлі ісікке шалдыққан соң күйеуі тастап кеткен қазақ қызы бақытқа қалай қол жеткізді?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1668032-aqtobe-oblysynda-38-mln-tenhge-zhymqyrghan.html