RU

Алматы облысында аяғы ауыр ана жетінші сәбиін моншада босанғалы отыр (фото)

Алматы маңындағы Қарасай ауданы, Жамбыл ауылында көпбалалы ана жетінші сәбиін моншада босанғалы отыр деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі. Ысқақовтар әулетінің жартылай қираған тамды паналап жүргендеріне 15 жылдың жүзі болған.

«2002 жылы Қызылордадан жұмыс іздеп, екі баланы жетектеп көшіп келдік. Бірден осы Қарасай ауданындағы туысымыздың үйіне тіркеліп, жер кезегіне тұрдық. Осы уақытқа дейін жеті рет әкім ауысты-ау, санынан шатасып қалдық. Бірде бірі көмек қолын созбақ түгіл, біз тұратын моншаға басын сұғып, хәлімізді білмеді.

Күйеуім жұмыстан жарақат алып, көзі көрмейді. Алты балаға 14 500 теңге, жолдасыма үшінші топтағы мүгедектігі үшін 25 400 теңге  жәрдемақы аламыз. Сол ақшаны тамаққа жұмсап жан бағып отырған жайымыз бар», - деп ашынды Гүлбану Ысқақова.

Моншада өткен 15 жыл

Жанұядағы алты баланың екеуі - мектепте, екеуі - кәсіптік колледжде білім алса, кішкентайлары үйде. Күміс алқа иегері атанған ана жетінші баласын бүгін-ертең босанғалы отыр.

Тоғыз адамы бар отбасы аядай ғана қираған бұрынғы моншаның бұрышында тұрады. Ескі үйдің тозғаны соншалық кішкене жаңбыр жауса төбеден су сорғалап, үйдің іші көлге айналады екен.

Отабасының екі үлкен ұлы моншаның бумен қыздыратын орнында (парилка) жайғасса, қалғаны 12 шаршы метрлік жуынатын бөлмеде ұйықтайды.

«Төрт балам осы моншада өмірге келді. Енді ішімдегі сәбиді де моншада босанамын. Пәтер жалдауға ақшамыз тамақтан артылмайды. Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ.

Мешіттегі имам мен бір шағын компания анда-санда көмір түсіріп, азық-түлік әкеліп тұрады. Оны бермесе алты баламды жетектеп қайыр тілеуге шығамыз. Басқа жан бағатын мүмкіндік жоқ. Жолдасым сырлау, жер қазу сынды бір реттік жұмыстарға шығып ақша әкеледі. Сол кезде ғана ет жейміз, басқа уақытта тек картоппен макаронды суға қайнатып немесе пиязға қуырып беремін», - дейді көпбала ана.

Әкімдіктегілер тұмсығының астында тұратын отбасының жайын білмейді

Қарасай ауданына қарасты Жамбыл ауылының әкімдігіне барғанымызда шенеуніктер көпбала ана мен мүгедек жанның қайда, қандай жағдайда тұратынын білмейтін болып шықты. Аяғы ауыр келіншек балаларының  киімі жоқтығын айтқан кезде, ауыл әкімінің орынбасары «біз азық-түлікпен көмектесіп тұрамыз» деп бетбақтырмады.

«Көмек деп айтып отырғандары көктемде 1 литр сұйық май мен 1 келі макарон берген. Оның өзін жергілікті келіншектерден естіп, әкімдікке келіп әкеттім. Одан басқа бір балаға киім немесе қолына қалам ұстатқан емес. Жер кезегін сұрап шаршадық, келсең «ЖОҚ» деп шығарып салады.

Балаларымның үстіндегі киімнің барлығы елдің ескі-құсқысы. Кім не береді соны жуып-тазалап, кигізіп жіберемін. Қазір таңертең қақаған суықта кішкене қыздарым мектепке жаздық аяқкиіммен кетті. Себебі, киері жоқ, ал сабақ оқу керек», - деп жылады келіншек.

15 жыл бойы тұмсықтарының астында тұратын көпбалалы отбасының жағдайын көрмеген ауыл әкімінің орынбасары «бүгін міндетті түрде танысуға барамын» деп жылы кабинетінде уәде берді.

«Жер беруге мораторий. Бұл кісілердің моншада тұратынын білмедік. Оларға уақытша пәтер жалдап немесе баспана бере қоямыз деп айта алмаймын. Бізде ондай мүмкіндік те жоқ. Бүгін барып отбасының жағдайымен танысам, расымен көмек қажет болса ауылдағы кәсіпкерлерге айтып көреміз. Біз оларды қыстай алмаймыз «мына отбасыға көмектес» деп. Егер шамасы келсе қол ұшын берер. Ал балалардың киімін де тексерістен соң шешеміз», - деп шығарып салды Жамбыл ауылы әкімінің орынбасары Ілияс Қалиев.

Мектеп табалдырығын енді аттаған Диана үй туралы сөз қозғалғанда екі көзіне ерік беріп солқылдап жылады. Ата-анасының сөзінше, күн сайын теледидардан жағдайы жақсы отбасыны көрген балаларға төрт қабырғалы, кең бөлмелі үй "ертегі" болып көрінеді екен.

Отбасыға көмек қолын созам деушілер үшін: +77759923025, +7781405724 телефондарына хабарласуға болады.

 kaspi cold : 5169 4931 8763 7767,  ЖСН: 811022402430

Тағы оқыңыздар:

Түркияда көлік қағып, хал үстінде жатқан қазақ қызының еміне миллиондаған қаражат қажет

Қаржы министрі елдің миллиондарын бермей жүрген отандық банкке қатысты мәлімдеме жасады

Танымал журнал көркінен көз сүрінетін әлемдегі ең тартымды аруды атады

Жаңа туған сәбиіне Бәйдiбэкспо деп ат қойған ата-ана елді таңырқатты

Еңбекке ерте араласпаған жастар төменгі зейнетақыны қанағат ететін болады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1668312-almaty-oblysynda-kopbalaly-ana-zhetin.html