RU

Түркияда көлік қағып, хал үстінде жатқан қазақ қызының еміне миллиондаған қаражат қажет

Түркияда көлік қағып, хәл үстінде жатқан жерлесіміз есін жиды. Оның еміне жуық арада миллионнан астам қаражат қажет деп хабарлайды КТК арнасы.

21 жастағы Меруерт Дұғанова бірнеше сағат бұрын ғана есін жыйып, тілге келген. Бірақ, әлі де дәрігерлердің қатаң бақылауында болуы тиіс. Анталияға қыдырып барған теміртаулық қызды осы демалыста көлік қағып кеткен болатын. Қазір іске дипломаттарымыз араласып, отандасымызды мерт қыла жаздаған жүргізуші қамауға алынған.Бұл жат жерде жазым бола жаздаған жерлесіміз Меруерт Дұғанова. Анталиядағы жеке клиникалардың бірінде жасанды тыныстандыру аппаратының көмегімен әрең жатыр.

21 жастағы теміртаулық қыз үш апта бұрын осы Түркияда тұратын әпкесінің үйіне қыдырып келген. Сөйтіп, қаланы аралап жүргенде көлік қағып кетіпті. Қайта Меруерттің медициналық сақтандыруы болып, дер кезінде көмек көрсетілген. Десе де жағдайы тым ауыр.

"Меруерт көп жарақат алған. Оның үстіне басында қан ұйып, сол қиындық туғызып тұр. Сақтандыруы болғанымен, ол емнің барлық шығынын жаппайды. Тағы 10 миллион теңгеден астам ақша қажет. Кінәлі адам жазасын алып, барлық шығынды төлеуі тиіс. Үкіметтен осы істі бақылауға алуын сұраймыз", - дейді науқастың әпкесі Гауһар Жаманкеева.

Төсекке таңылған жерлесіміздің жанында қазір әпкесі жүр. Айтуынша, сенбіден бері комада жатқан сіңілі бүгін есін жиып, тілге келген. Десе де, қуануға әлі ерте депті дәрігерлер. Өйткені, Меруертке ұзақ уақыт ем қажет. Ал, жерлесімізді өлтіре жаздаған жүргізуші болса, қазір қамауда. Іске араласқан дипломаттарымыз енді одан шығынды өндіріп, жазаға тартылуын қадағаламақ.

"Осы оқиғаға кінәлі болған жүргізуші уақытша ұстау изоляторында отыр және медициналық шығындарды көтеру мәселесі оған жүктелетін болады. Қазіргі кезде тергеу істері жүргізілуде. Бұл мәселені Анталиядағы консулдығымыз ерекше бақылауында ұстап отыр", - дейді СІМ баспасөз қызметінің маманы Ержан Мұстафин.

Жалпы бұл жерлестеріміздің Түркияда алғаш рет жол апатына түсуі емес. Тура бір жарым ай бұрын да Кемерден-Анталияға таксимен шыққан жеті бірдей отандасымыз жол апатына ұшыраған. Қайта 4 бойжеткен мен 3 жігіт ажалдан аман қалды. Бірақ, Түркияға өз бетінше қыдырып барғандықтан, сақтандыруы болмай, қиын жағдайға қалған еді.

-Ал, бұл жолғы жағдай өзгеше. Көлік астында қалған теміртаулық қыздың сақтандыруы болғаны белгілі. Бірақ, әзірге оның елге қашан жеткізілетіні белгісіз. Өйткені, оның туыстары санавиацияның қызметіне жүгінбеген. Соған қарағанда Меруерт Анталия ауруханасында әлі біраз уақыт болатын секілді.

Тағы оқыңыздар:

Дін қызметкерлері шымкенттік көп балалы аналарға үй салып берді (фото)

Еңбекке ерте араласпаған жастар төменгі зейнетақыны қанағат ететін болады

Алматыда кондуктор асаба жолаушыларды күлкіге қарық қылды

Әлемдегі ең тартымды ару туралы не білеміз? (видео)

Ғалымдар қайтыс болған адамның не сезетінін анықтады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1668867-turkiyada-kolik-qaghyp-khal-ustinde-zhatq.html