RU

Ақмола облысында сегіз жасар батыр қыз үш бауырын жанып жатқан үйден аман алып шықты

Ақмола облысында сегіз жасар батыр қыз жалғыз өзі үш бауырын жанып жатқан үйден аман алып шықты. Красный Яр елдімекеніндегі үйлердің бірі отқа оранған сәтте 4 бүлдіршін іште ересектердің қарауынсыз қалған. Кішкентай ғана өжет қыздың арқасында барлығы дін аман деп хабарлайды 31 арнаға сілтеме жасаған NUR.KZ.

Сағат түнгі 11-де алаңсыз тәтті ұйқыға кеткен бүлдіршіндер түтіннің қоламса иісінен оянады. Cегіз жасар Ұлдана жылдам қозғалып, інісі мен қос сіңлісін кезекпен далаға алып шыққан.

"Көршіге бардық, ол ұйықтап жатыр екен. Маманың құрбысы Лида тәтеге барсақ, ол үйінде жоқ. Сосын сарайда отырдық 12 жарымға дейін, мама келгенде шатыр құлады. Дәуіт "Мен рубашкада отыра берем мынаны Маликаға жап", - деп айтты. Сосын Маликаны орап, мама келгенше түнгі 2 жарымға дейін отырдық", - дейді өжет қыз Ұлдана.

Кішкентай ғана қайсар қыз үйдің отқа оранып, шатырдың ортасына түскенін көргенде де қорықпапты. Ал, аналары Алмагүл Еркімбаева сол түні жұмыста болған. Алты баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Алмагүл жергілікті дәмханалардың бірінде аспаздың көмекшісі болып істейді.

"Мен жұмыста болдым. Негізгі табысым осы. Жолдасым қайтқан. Алты балам бар. Өрттің неден шыққанын білмеймін. Пеш жаққан жоқпыз", - дейді көпбалалы ана.

Бір қуантарлығы, үй иелері Алмагүлден ешқандай өтемақы талап етпеген. Ал қазір Красный яр халқы ел болып бұл жанұяға көмек көрсетуде.

"Менің риза болып отырғаным - 8 жасар қыздың ерлігі. Өзінің ғана қара басын ойламай барлығын алып шыққандығы. Елдің адамдары қолдарынан келгенше көмектесуде. Киім-кешек, көмектесем деген адамдардың легі шығып жатыр", - дейді Красный яр мешітінің бас имамы Науан Мүтәліұлы.

Қазір отбасы басқа пәтерді жалдап тұрады. Өртенген үйде азын-аулақ тұрмыстық техникалары мен балаларының құжаттары кеткен.

"Оның орны толар, бастысы балаларым аман", - дейді алты баланың анасы Алмагүл.

Тағы оқыңыздар: 

Қытайда 18 қабатты зәулім үй жеті секундта жермен жексен болды

Петропавл тұрғыны ұлтараздықты қоздырғаны үшін сотталып кетті

Айқын Төлепберген өзін "жүргіш" деп сөккен тыңдарманына жауап берді

Сот орындаушыларынан әбден қысым көрген ақтөбелік азамат елден көмек сұрады

Қазақстандағы гейлердің өмірі туралы фильм БҰҰ байқауында жеңіске жетті (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1676040-aqmola-oblysynda-segiz-zhasar-batyr-qy.html