Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ату жазасына кесілген қылмыскерлер "Қара бүркіт" түрмесінде қалай өмір сүруде? (фото)

Опубликовано:

«Қара бүркіт» түрмесі көпшілікке өмір бойына сотталғандар отыратын жабық колония және ең қатаң режимімен танымал.  Бұл мекемеге түскендердің басым көпшілігі өлім жазасына кесілгендер деп хабарлайды NUR.KZ порталы КТК арнасының «Басты редакция» бағдарламасына сілтеме жасап. Тілшілер өмірінің соңына дейін бас бостандығынан айрылған азаматтармен сұқбаттасып, еліміздегі ауыр қылмыс жасаған сотталушылардың қалай күн кешетінін көзбен көріп қайтты.

Қостанай облысындағы Жетіқара аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан «Қара бүркіт» абақтысында қазіргі таңда 128 қылмыскер жазасын өтеп жатыр.  Түрменің іші-сыртында бақылау мен күзет күшейтілген, тікенекті сымдар электр желісімен жалғасатындықтан бұл жерден сотталушылардың қашуы мүмкін емес.

«Қара бүркіт» түрмесінде қазір 37 баланы аса қатыгездікпен зорлап өлтірген маньяк Сергей Ткачев, «Арқанкерген» қырғынын жасаған Владислав Челах, 2016 жылы Алматыда 9 адамды атып, жер жастандырған Руслан Күлекбаев сынды аса қатыгездер мен адам жегіштер және лаңкестер отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше «Қара бүркітте» отырған сотталушылар жалпы саны 400-ден астам адамды о дүниеге аттандырған. Бұл тергеу кезінде дәлелденгені ғана.  Жалпы қанды қол қылмыскерлердің мойнында бұдан да көп құрбан болуы мүмкін.

«Қара бүркіт» деп аталып кеткен УК-161/3 мекемесіне аса ауыр жазадағы қылмыскерлерді өлім жазасына мораторий жарияланғаннан кейін жинақтаған. Түрме қызметкерлерінің сөзінше мұндағы сотталғандардың 30-шақтысы жүйке ауруымен есепте тұр. Сондықтан да абақты ішінде төрт қылмыскерді мінездеріне қарай бөліп жекелеп отырғызады. Яғни бір бөлмеде төрт сотталушы тұрады.

Олар күндізгі 1,5 сағаттық серуенде көлемі 12 шаршы метрлік тордың ішінде екіден бірігіп  жүріп, тор темірден аспанды көре алады. Сотталғандарға тіпті асханаға баруға рұқсат жоқ. Жатын бөлмедегі барлық жиһаз темірден және жерге дәнекерленіп, қоғалмайтындай етіп орнатылған. Ал асты оларға кезекші кішкене ғана тесіктен қалаққа салып береді. Дәл жыртқыш аңдарды тамақтандырған секілді. Оның себебін түрме қызметкерлері қылмыскерлердің ісімен түсіндіреді.

«Қара бүркіттегілер өмір бойына сотталған немесе өлім жазасына кесілгендер. Оларға жоғалтатын түк жоқ. Сол үшінде абақты қызметкерлеріне тап беріп, шабуылдауы немесе өз-өзіне қол салуы әбден мүмкін. Тіпті біз оларды туыстарымен кездестірткенде де темір тордың ішінде отырғызамыз. Тәртіп солай» деп түсіндірді күзетші.

Тәртібі шектен тыс қатал абақтыда кейбір сотталушы өзін еркін, қауіпсіз сезінетінін айтты.

«Басында өте қиын болды. Қазір үйреніп кеттім. Шындығына келсек бұл жер бостандықтан гөрі қауіпсіз. Сыртта жол апаты, өрт, тасқын немесе есірткі құрбаны болуың мүмкін. Тіпті теледидардан СПИД-ке шалдығып, мүгедек болып, төсекке таңылғандардарды көріп ойланамын «түрмеде маған ондай апат келе алмайды» деп. Соған қарап құдай маған ұзақ өмір сыйлайтынына сенемін», - дейді Владимир Недайборщ. Сотталушы сүйіктісі тұрмысқа шығуға келісім бермеген соң отбасындағы бес туысын өлтіріп, барлығын өртеп жіберген. Бұнымен қоса байларды тонап, жанұясын қырып салу туралы жасаған жоспары да болған. Кінәсі сотта дәлелденседе ол әлі күнге өзін қылмыскер емес жәбірленуші сезінеді.

«Қара бүркіт» түрмесінің басшысының сөзінше әр қылмыскерді тамақтандырып, киіндіру үшін күніне 5000 теңге, айына 150 мың теңге қаражат мемлекеттік қазынадан бөлінеді екен. Бұл сомада оларды күзететін Ұлттық Ұландықтардың жалақысы жоқ.

Тағы бір айта кетерлігі елімізде өлім жазасына мораторий жарияланғандықтан бұл қылмыскерлер 25 жылдан соң құзырлы органнан бостандыққа шығуды сұрап арыз жазуға құқылы. Мұндай сотталушылардың алғашқысы тек 2025 жылы ғана өтініш түсіре алады. Бірақ соншама жыл абақтыда отырған адамның қоғамдық ортаға бейімделіп, екінші рет қылмыс жасамайтынына ешкім кепілдік бермейді.

«Қара бұркіт түрмесінде біраз адам бар.  Біз оларды «Психопатия» (есалаң) деген топқа жатқызамыз. Олар «ұят», «болмайды» деген нәрсені түсінбейді. Олар үшін ұрлау, зорлау, қорлау әшейін ғана жұмыс. Оны олар «қылмыс» деп те санамайды»,- дейді абақты психологы.

Түрмеде отырған сотталушылар аядай ғана тар бөлмеде тұрғандарымен көпшілік секілді теледидар көріп, кітап оқып, тіпті шығармашылықпен айналысып, еркіндікте жүрген қыздарға хат жазып, танысуға мүмкіндіктері бар екен.

«Калонияға газет, журналдар келеді. Соның ішінде танысу бұрышында қыз-келіншектер өз мекен-жайларын көрсеткен. Сотталған жігіттердің кейбірі сол әйелдерге хат жазады. Әрине біз барлығын тексеріп, қадағалап отырамыз. Түрмеден қанша хат кеткенімен әлі біріне жауап келмеді» деп түсіндірді Светлана Щербакова.

«Қара бүркіт» түрмесіндегі сотталушылар туыстарымен жылына үш рет, ұзақтығы екі сағат кездесуге құқылары бар. Оның өзінде қылмыскерлер жақындарымен жеке қала алмайды. Арнайы кішкене тордың ішінде отырып, әңгімелесуге ғана мүмкіндік берілген.

Тағы оқыңыздар:

Оралда балалы келіншекті құрбысымен қоса өлтірген күдіктінің ақыл-есі дұрыс болып шықты

Ресей кей жерлерді Қазақстанға қайтарса да, зымыран ұшыруын тоқтатпайды

Мемлекеттің 50 млн теңгесін "жоқ қылған" лауазымды қызметкер түрмеден құтылып кетті

Оралда саунаның шатырына шыққан қыз секіремін деп шатақ шығарды

Алматыда полициядан қашпақ болған ұрылар бірнеше көлікті тас-талқан етті (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1676373-atu-zhazasyna-kesilgen-qylmyskerler-q/

pixel