RU

Астананың элиталық ауданында балшық кешіп жүрген тұрғындар билікке жанайқайын жеткізді (фото)

Астанада күн суып, жиі қар жауғалы бері қала арасында жаяу жүру де қиындай түсті. Бұған себеп, шаһардың кей көшелерінде асфальтті жолдың төселмеуі болып отыр. Қаланың сол жағалауында тұрғанымен, батпақты белуардан кешіп жүргендердің арасында – «Есіл» көп қабатты үйінің тұрғындары да бар. Арысы Ақорда, берісі ЭКСПО аумағына жақын орналасқан зәулім үй базынасын NUR.KZ тілшісі тыңдап қайтты.

Қаланың элиталық аумағы саналатын сол жағалауда, көркінен көз сүрінетін көп қабатты тұрғын үйлер тізіліп-ақ тұр. Әсіресе, «Мәңгілік ел» даңғылы бойындағы тұрғын-үйлердің «сыртқы көрінісі» өзге үйлерге дес беретін емес. Десе де, «Мәңгілік ел» қақпасынан асып, жарты шақырымнан соң, солға бұрыла қалсаңыз, бірден «бөгде Астанаға» тап болатыныңыз анық.

Салынып жатқан құрылыс, ми-батпақ жолдар мен беті жабылмаған құдықтар – мұның бәрі Бөкейханов көшесінде орын тепкен «Есіл» тұрғын-үй кешенінің маңындағы көріністер. Лай батпақ пен шұңқыр жолдың азабын, әсіресе, жаяу жүргіншілер әбден тартуда.

«Бұл мәселені осымен үш жыл қатарынан көтеріп жатқан шығармыз. Қысқасы былай, мына аялдамадан бастап, анау үйге дейінгі жолды көріп отырсыздар ғой. Жол емес, ми батпақ пен шалшық су деп айтатын едім. Әкімдіктегілер алдаусыратып, жолға тас төсеген болады, бірақ онысы бірер айға ғана жетеді, жүк көліктері әбден таптап бітірген соң, жолда қайтадан осылай батпақ кешіп жүреміз. Бізді қойшы, немерелерімізге обал, көлігіміз жоқ, автобусқа аялдамаға шығу үшін, күн сайын аяққа целлофан киеміз және бұл қаланың элиталық ауданының түрі. Бер жағы Ақорда, ар жағы ЭКСПО, бірақ жолдың түрі мынау. Бізді Астанада тұрады деп кім айтады? Тіпті, аудан орталықтарының өзінде қазір жолдардың бәрі асфальтталған шығар», - деп күйінді Бейсен есімді ақсақал.

Сонымен бірге, ақсақал тұрғын-үй маңындағы батпақ салдарынан, «Есілге» такси шақырудың өзі азап екенін мәлімдеді.

«Такси, жедел-жәрдемнің бұл үйге келуі тіптен қиын. Бір жағынан оларды да түсінуге болады, мынадай батпаққа кімнің келгісі келеді дейсің? Жүріп жатқан көліктің де «сау-тамтығы» қалмайды. Сыртына батпақты әдейілеп жағып қойғандай лайланады. Әкімдіктегілерге бар айтарымыз, мына қысқа ғана жолға тездетіп асфальт төсесе екен дейміз», - деп сөзін қорытындылады ақсақал.

Тұрғын-үй маңына жақын орналасқан шұңқырлардың жағдайы да мүшкіл. Сәлден соң қалаға қыс түсіп, жол шеттерін қар жабатынын ескерсек, шұңқырлардың беті әлі күнге дейін жабылмаған күйі, ашық жатыр.

Тағы оқыңыздар:

Ату жазасына кесілген қылмыскерлер "Қара бүркіт" түрмесінде қалай өмір сүруде? (фото)

Бәрі де сауап үшін: Шымкенттік қызға бүйрегін тегін берген жігіт қалай батырға айналды?

Синоптиктер Қазақстанда биылғы қыстың қалай болатынын болжады

Қостанайда 20 келі көмір ұрлаймын деп істі болған әйел желідегілердің қызу талқысына түсті

Астанада қымбат көлігімен адам қаққан жүргізуші министрліктің лауазымды қызметкері болып шықты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1677157-astananynh-elitalyq-audanynda-tursa-d.html