RU

Ақтөбенің атышулы әкімі Испанов орыс тілінде баяндама жасағаны үшін сынға ұшырады

Бүгін «Ақтөбе ақпарат» орталығында жергілікті тілшілердің алдында он айдың қорытындысын жасаған Ақтөбе қаласының әкімі Ілия Испанов тағы да журналистердің сынына ұшырады. Әкімнің тек ресми тілде ғана жасаған баяндамасы тілшілердің намысына тиген деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

«Қазір президенттің өзі шетелдерде қазақ тілінде баяндама жасап жүр. Америкаға шыққан кезде қазақша сөйлейді. Облыс әкімі Сапарбаевтың баяндамаларының басым бөлігі де қазақ тілінде. Сіздің баяндамаңыздың барлығы ресми тілде болды. Сіз іскер адамсыз, қазақшаңыз да әжептәуір. «Ақтөбе ақпарат» орталығының қызметкерлері сізге ескертпейді ме? Елу де елу тәртібін сақтау, баяндаманы қазақ тілінде жасау деген секілді.

Мен қазір Ресейде отырғандаймын, Оренбург не Челябинск қалаларында отырғандай болдым. Басында бір екі-ауыз сөз қазақша айтылды, жиналыстың басым бөлігі ресми тілде болды», - деді ақтөбелік журналист Асқар Ақтілеу.

Үнемі сынға ұшырап, желіде жұлдыз болып жүретін Ақтөбенің атышулы әкімі сасқалақтап, енді қазақша сөйлеуге уәде берді.

«Айттым, айттым, басында қазақша бастадым. Енді басқа ұлт өкілдері отырғаннан кейін орыс тілінде айтқан болатынмын. Қазақша сөйлеймін, айтамын», - деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Жиырмадан аса БАҚ өкілдері жиналған кездесуде өзге ұлт өкілдерінен үш қана журналист болған болатын. Әкімнің инфографикамен дайындалған слайд акпараты да ресми тілде дайындалған.

Жергілікті биліктің қазақ тіліне немқұрайлық танытуы бірінші рет емес. Журналистер «Ақтөбе ақпарат» орталығы дайындайтын қазақ тіліндегі ақпараттардан да шаршаған.

«Ақтөбе ақпарат» орталығынан екі тілде ақпарат келеді. Қазақ тіліндегі аудармасы түсініксіз, қазақшада жоқ сөздерді қосып қояды. Қазақ журналистерінің 99 пайызы ол ақпаратты пайдаланбайды. Ақпараттың барлығы ресми тілде кетіп жатыр. Қазақ тілінде оның аудармасы ғана жасалады.

Бұл қазақ тілін менсінбеушілік пе? Ол жерге неге қазақ журналистін қоймайды. Мен бірнеше рет хабарласып ескерттім де, аудармаға қазақ тілінде жоқ сөздер жазылады», - деді Асқар Ақтілеу.

Әкімнің есебіне «Ақтөбе ақпарат» орталығының үш бірдей қызметкері қатысқан болатын.

Тағы оқыңыздар:

Баян Есентаева сүйіктісін киноға түсіріп жатыр

Атақты Барби қуыршақтары мұсылманға айналды (фото)

29 жастағы ана тәртіпке бағынбаған ұлын пешке күйдіріп жазалаған

Атыраулық азамат ит қағып кеткені үшін көлік жүргізу құқығынан айырылды

Сиви Махмудидің туған күніне достары естен кетпес тосынсый жасады (фото, видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1677521-aqtobeninh-atyshuly-akimi-ispanov-orys.html