RU

Қазақстан туралы қызықты деректер

Шарықтап дамып келе жатқан Қазақстанның әрбір күні ерекше жаңалыққа толы. Түрлі оқиғалар, жаңалықтар үнемі ел арасында қызу талқыланып, алыс-жақын шетелдіктердің өзі жер көлемі жағынан бірден көзге түсетін елге қызыға да, қызғана да қарайды. NUR.KZ порталы ел тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай Қазақстан туралы қызықты деректер топтамасын назарларыңызға ұсынады.

  1. Қазақстан жер көлемі жағынан әлем бойынша 9-шы орында. Аумағы 2724,9 мың шаршы шақырымға тең. Біздің ел аумағы бойынша Франциядан бес, Италиядан тоғыз, ал Англиядан он бір есе үлкен.
  2. Қазақстан 5 Франция немесе 3 Түркия болмаса 7 Жапония сыйып кететіндей жер аумағын алып жатыр.
  1. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» жүлдесіне ие болды.
  1. Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді.
  2. Біздің елде мыңға жуық этномәдени орталықтар жұмыс істейді.
  1. ТМД елдерінің ішінен тек біздің елде ғана өзбек, неміс, корей, ұйғыр ұлттарының театрлары көрерменін қуантып келеді.
  1. Елімізде 18 млн-нан астам тұрғын бар. 18 млн-шы тұрғын Муслима Саматқызы биыл 11 мамырда Алматы облысы, Талдықорған қаласында дүниеге келді. Ал бас қала Астананың миллионыншы тұрғыны былтыр шілде айында туылды. Айта кетерлігі, еліміздегі 11 млн-шы қазақ ОҚО, Қазығұрт ауданында тұрады.
  1. Біздің еліміз табиғи қазбаларға бай мемлекет. Мұнай, алтын, уран сынды байлықтары жағынан әлемге танылған. Менделеев кестесінің 99 элементін Қазақстаннан табуға болады.
  1. Қазақстан әлем бойынша алтын қоры жағынан 100 мемлекеттің қатарына кіреді. Бүкіләлемдік World Gold Council сарапшыларының мәлімдемесінше топ-100 рейтингі бойынша Қазақстан алтын қоры жағынан әлемде 21-ші орында.
  1. Әлем бойынша Қазақстан уран өндіруден 2005-2006 жылдары үшінші, ал 2009 жылы бірінші орынға ие болды.
  1. Алматыдағы Медеу – әлемдегі ең биік таулы мұз айдыны болып табылады.
  1. Елордамыз Астана қаласы әлем бойынша ең жас астана болып табылады. Айта кетерлігі, келер жылы Астана 20 жасқа толады.

Тағы оқыңыздар: Гиннес рекордтар кітабына енген қазақстандықтар тізімі

  1. Соңғы жылдары әлем бойынша салынған бірегей ғимараттардың қатарына енген Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайын әлемге танымал британ сәулетшісі Норман Фостер «Әлемдің және дәстүрлі діндер көшбасшыларының конгресін» өткізу үшін арнайы жобалап жасаған. Пирамида іспеттес ғимарат бүгінде Астананың көркін ашып тұрған нысандардың бірі.
  1. Бас қаладағы «Хан шатыр» әлем бойынша шатыры бар ең ірі нысан атанған.
  1. Астанада мұхиттан шалғайда, яғни, 3 мың шақырымнан астам қашықтықта орналасқан океанариум бар.
  1. Астанадағы мемлекеттік нышандар алаңындағы ту еліміз бойынша ең үлкен рәміз болып табылады. Ту ілгіштің биіктігі 450 метрді, ал тудың ені 111 шаршы метрді құрайды.
  1. Астананың Тәуелсіздік алаңында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Орталық Азия елдері бойынша ең жас әрі алып музей болып табылады. Ал әлем бойынша үздік ондыққа кіреді.
  1. Бәйтерек архитектуралық құрылыс кешенінің биіктігі 97 метр. Диаметрі 22 метрлік, ал салмағы 300 тоннадан тұратын, күннің түсуіне қарай түсін өзгертетін «хамелеон» әйнегінен жасалынған шар әлемдегі ең үлкен шардың биікке көтерілуі бойынша рекордқа ие болды.
  1. Қазақстан үнді шайын ішуден әлем бойынша үздік бестікке енген. Үнді сауда министрлігі жанындағы Шай кеңесінің баспасөз қызметінің 2014 жылы таратқан ақпаратында Қазақстан үнді шайын тұтынуда әлем бойынша Ресей, БАӘ, Ұлыбритания мен Ираннан кейінгі орынға жайғасқан. Баспасөз қызметі таратқан ақпаратта ел тұрғындарына шашқанда жылына әрбір қазақстандық 1,5 келі үнді шайын тұтынады екен.
  1. Қазақстанда Рождество мерекесі Құрбан Айт мерекесі секілді демалыс күні болып саналады.
  1. 2011 жылдың қаңтар мен ақпан айларында Қазақстанда жетінші қысқы Азия ойындары өтті.
  1. Қазақстанның 17 қаласында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атында мектеп бар. Оның ішінде Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында елбасы атындағы мектептер саны екеуден. 2009 жылы елордада Назарбаев атындағы университеттің негізі қаланып, 2010 жылы алғашқы студенттер қабылдана бастады.
  1. Былтыр Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай ауқымды шара еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтті.
  1. Биыл қазақтың талантты әншісі Димаш Құдайберген Қытайда өткен I Am a Singer байқауында ерекше дарынымен көзге түсіп, Қазақстан атын бүкіл әлемге паш етті. Бұдан соң көптеген шетелдіктер арасында Димаш пен Қазақстан егіз ұғым ретінде қалыптасты. Қазақстанға қызығушылық танытушылар саны еселеп артты.
  1. Биыл Қазақстан әлемді өзіне қаратып, «ЭКСПО» Халықаралық көрмесін абыроймен өткізді.
  1. Осы жылдың 26 қазанында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Жаңа әліпбиде 32 бар екенін атап өту керек.

Тағы оқыңыздар: Қорқыт ата туралы не білеміз?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1677686-qazaqstan-turaly-qyzyqty-derekter.html