Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Найман руы туралы мәлімет

Опубликовано:

Наймандар — қазақ халқының ең көп тараған тайпаларының бірі. Найман тайпасы саны жағынан басқалардан басым болған. Оған Ұлытау даласында өмір сүрген қара-керейлер, бура наймандар, балталы және бағаналылар (жеті болыс) жатады.

Найман руы туралы мәлімет

Найманның түбі — Оғыз ханнан. V–VIII ғасырлар арасында Наймандар Байкал көлінің оңтүстігін мекендеген. Олар барлық уақытта монғолдың арасында Орхон-Ертіс аралығында хандық құрып жүрді. Бір шеті Қарақорымға дейін жетті. Олардың батысында Арғындар болды.

Ежелгі Қытай деректерінде Найман хандығындағы ру-тайпаларды Төре найман, Бетеге найман, Ақсауыт найман, Көшеуіт найман, Дүрмен найман, Барлас найман, Найман керей, Найман қаңлы деп сегіз топқа бөлген. «Найман» этнонимі сегіз сөзін, яки санын, монғолдардың «нəмін» деп атауынан шыққан деген болжамдар бар. Осы сегіз рулы елдің ішінде Төре наймандар хандық тақты иеленіп келген. Еният хан, Инанг Білгі Бұқа хан, Таян хан, Күшілік хандар да сол Төре найман əулетінен.

Наймандар өздерінің қуаттылығына Х-ХІІ ғасырда жетті. Осы уақытқа дейін мықты мемлекет құрылған болатын. Көпсанды және іріктелген әскери күші құрылды, оның басында 20 жыл бойы қысымшылық жасаған Шыңғыс хан әскеріне төтеп берген, Матай тайпасынан шыққан атақты қолбасшы Токлун тұрды. Қоғамдық және мәдени қатынастарда наймандар мен керейлер олардың шығыс көршілеріне қарағанда едәуір жоғары даму деңгейінде болды. Наймандарда өз жазулары болды, шығыс және батыспен сауда жүргізген.

Алайда Найман мемлекетінің бейбіт дамуы ұзаққа созылмаған. Білге хан дүниеден қайтқаннан кейін, оның екі ұлы Бұйрық хан мен Даян хандар арасында билік үшін талас басталады. Хандық екіге бөлінеді. Наймандардың әлсіреуін аңдып жүрген монғол ханы Шыңғыс хан керейттер ханы Тоғырыл ханмен бірге наймандарға шабуыл жасап, Бұйрық ханды жеңеді. Хан Енисей қырғыздарына қарай қашады.

Найман руы туралы мәлімет

1204 жылы Найман хандығы Шыңғыс хан басқарған əскер шабуылынан күйрей жеңілгеннен кейін Күшлік хан қазіргі Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі Қидан (Қарақытай) хандығын паналайды.

Тағы оқыңыздар: Қорқыт ата туралы не білеміз?

Тарихта соңғы ханы Күшлік өлтірілгеннен кейін Найман бірнеше бөлікке бөлініп кеткені айтылады. Алтай мен Ертіс бойын мекендеген Найман рулары моңғолдардың жаңа империясына кірді. Наймандардың біразы өздерінің атамекенін тастап Алакөл, Балқаш көлі, Жетісу, Есіл, Сырдария бойына жəне Ұлытау алқаптарына ауысты. Ал бір бөлігі кейін, Шьңғысхан əулеті мүлдем ыдыраған соң, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, башқұрт секілді өзге халықтардың құрамына енеді.

Көптеген шығыстанушылар наймандарды және керейлерді түркі тілдес халықтарға жатқызады. Бұл наймандардың Моңғолияда түркі тілінде сөйлейтіндігімен дәледенеді. Наймандар мен керейлер ұйғырлармен ортақ тілде сөйледі және ортақ несториандық діни нанымы болған. Қазақтың тарихи аңыз-әңгімелері бойынша наймандар сегіз атадан тараған. Басты баба — Найман, одан ӨрКеш, одан Төлегетай және Сүгірші, Төлегетайдан -Қаракерей, Садыр, Матай, Тортул; Сүгіршіден — Ергенекті, Теретазбалы, Бағаналы, Балталы тарайды.

Тарихи деректерге сүйенсек, «Найман» - қазақ шежірелерінде айтылғандай жеке адамның аты емес. Алайда халық шығармашылығы оны түп бабаның есімі етіп, өзін найманбыз дейтін  руды (олардың арасында баяғы аласапыран замандарда басқа елдерден келіп сіңіскен жұрттар бар болса да) сол «шалдан» ғана тарқатып қояды.

Найман руы туралы мәлімет

Әдеби шығармаларда, тарихи деректерде наймандарға қатысты деректер көп. Солардың бірі: Найманның кешігіп көрген Тоқпан деген ұлы ер жеткен кезде Ұлы жүз Дулат бидің қызы Ақсұлуға үйленген екен дейді. Содан аз уақыт өтер-өтпесте Найманның кемпірі мен ұлы Тоқпан қатар қайтыс болады. Ақсұлу өзі түскен шаңырақтың болашағын ойлап, еліне барып, жақын сіңлілерінің бірі Әлпешті сұрап әкеліп, атасына қосады. Найман Қызейнемен алты айдай ғұмыр кешіп көз жұмады. Екіқабат қалған Әлпеш күн жетіп босанады. Баланың атын Найманнан қалған белгі ғой деп Белгібай қояды. Оның екінші аты - Өкіреш. Найманның әулие келіні Ақсұлу атасының жылын бергеннен кейін Қызынейді Найманның ұлы атасы делінетін Сарманаймен бір туысқан Шумақ дегеннің немересі Елтайға қосады. Оған атамның орнына атам болды деп Ел ата деген ат қояды. Қызыней одан Серкібай деген ұл табады. Ақсұлу Белгібайды тәрбиелеп өсіріп, он бес жасқа толғанда қайным деп оған өзі тиеді. Одан Сүйінше, Сүгірше деген екі ұл табады. Немере сіңлісі Тоқсұлуды кейіннен әпкеме қолқанат болсын деп бір сіңлісі Қаракөзді Белгібайға қосады. Қаракөзден Өтеген туады. Қазақ шежіресінде бар Найман осы төртеуінен тарайды да, тоғыз таңбалы найман аталады деген аңыз бар.

Біздің уақытымызда наймандар Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Павлодар облыстарында, Жезді ауданында және Қарағанды облысының Жезқазған қаласында, сондай-ақ Сырдарияда тұрып жатыр.

Тағы оқыңыздар: Кеңес Одағының Батыры атанған қазақстандықтар

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1678142-nayman-ruy-turaly-malimet/

pixel