RU

Қызымды қатты сағындым: Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Қытайға баратын қаржы таппай отыр

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Қытай түрмесіне қамалған Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы адвокаттардың қызмет ақысын төлей алмай отыр деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.

Осыдан үш жыл бұрын Қытай түрмесіне қамалып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы NUR.KZ порталына сұхбат берді.

Зухра Сейтімова бірнеше айдан бері қызынан хабар ала алмай, сот шешімін сарыла күтуде.

"Қызымның ісі бойынша соңғы сот үкімі қашан шығатынын тосып отырмын. Уақыты белгілі болса, сол күні Қытайға аттанатын едім", - дейді Ақжарқынның анасы.

Бірақ қамкөңіл ана жат жерде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп кете барған қызының ісімен айналысып жатқан адвокаттардың қызметақысын төлеуге қаржы таппай отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданындағы ауылдардың бірінде ауруханада қызмет ететін Зухра ана Қытай түрмесіндегі қызы Ақжарқынның жағдайын тек сондағы адвокаттары арқылы біліп отырады. Алайда соңғы бір айдан бері хабар болмапты.

Өйткені, адвокаттары да тек арнайы рұқсат алып кіреді. Анасы бұл жақтан қызының тамағына деп ай сайын ақша аударып отырады. Оны да Ақжарқынға адвокаттары жеткізеді.

«Тапқанымды аударамын, бірде 30 мың теңге, бірде 40 мың теңге, əйтеуір тапқан-таянғанымды, шамам келгенін жіберемін. Қызымның көзі нашарлаған. Қазір көзілдірік тағады. Ағылшын тілі мен қытай тілін үйреніп алды. О жақта түрмеде мəжбүрлеп жұмыс істетпейді. Ол өзі жұмыс істеп жүр», - деген Зухра ананың сот үкімін күткеніне бір жылдан асып барады.

«Жыл соңына дейін сот үкімі шығып қалады. Сот үкімі оңынан болар» деп үміт етіп отырған Зухра Сейтімова қазір сондағы адвокаттардың қызмет ақысына қаржы іздестіріп жатыр.

«Тегін адвокат ұзақ жұмыс істемейді, сондықтан ақылы адвокат қызметіне жүгіндік. Ол жақта қызымыздың ісімен екі адвокат айналысып жатыр. Сот үкімі шыққанға дейін соларға 2 мың доллар беруім керек» деген Зухра Мамаханқызының қазір қолында Қытайға барып-қайтуына жететін билет ақшасы ғана бар.

Ақжарқын Қытайда қамауға алынғаннан кейін несие алып, үйлерін сатып, бар қаржыны сот ісіне, барып-келуіне жұмсаған отбасы бүгінде бала-шағасымен бірге туыстарының үйінде тұрады.

«Қызымды қатты сағындым. Айтпасам да белгілі ғой. Көзімнің жасын құрғата алмаймын. Мұндай қасіретті Құдай ешкімнің басына бермесін. Дұшпаныма да тілемеймін. Амалым жоқ. Бір жылдан бері тосып отыру бəрімізді шаршатты», - дейді Ақжарқынның анасы.

Дауысы дірілдеген Зухра ананың айтуынша, күйеуі де жанын қоярға жер таппай жүр екен. Бірақ сот үкімі шығатын кезде тек өзі ғана бара алады. Өйткені, екеуіне бірдей баруға ақша жетпейді.

Осыдан біраз уақыт бұрын Ақжарқынның Қазақстандағы қорғаушысы Сұңқар Нұрмағамбетов Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша соңғы сот үкімі жыл соңына дейін шығатынын хабарлаған еді.

Зухра Сейтімова қорғаушы Сұңқар Нұрмағамбетовке алғысы шексіз екенін, Сұңқардың көп көмегі тигенін, туған бауырындай болып кеткенін айтты. Ал ақылы адвокаттары - Қытайда.

Сыртқы істер министрлігінің араласуымен Зухра Сейтімоваға Қытай Халық Республикасына кіру визасы ашылған. Визасының уақыты 2018 жылдың мамыр айына дейін жарайды.

Еске салсақ, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурызында Гуанчжоу əуежайында тұтқындалды. Сол кезде 19 жасар қыздың сөмкесінен 4,5 келі есірткілік зат табылған.

Кейін Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ата-анасы мен адвокаттарының аппеляциялық шағым түсіруінен кейін 2016 жылдың 2 қарашасынан бастап ҚХР Гуандун провинциясының соты Ақжарқын ісін қайта қарауды бастады.

Тұп-тура бір жыл бұрын NUR.KZ порталында Ақжарқынның анасы Зухра Сейтімовамен сұхбат жарияланып, сол кезде анасы қызының Қытай түрмесіндегі өмірі туралы айтып берген болатын. Сұхбат соңында Зухра Сейтімованың отбасына көмектесемін деген қайырымды жандар үшін есепшот нөмірі де қоса берілді. Содан кейін хабарласып, көмек берген азаматтар болыпты.

Бұл жолы да Зухра анадан «Солай есепшот нөмеріңізді берейік. Көмек қолын созатын жомарт жандар бар ғой» дегенімізде «Алдын түрлі теріс пікірлер жазылып, дұрыс түсінбегендер болды, банк картамның есепшотын бермегенім жөн екен» деп қарсылық білдірді. Бірақ «Мұндай істі басқа салмаған соң, адам түсінбейді. Көп түкірсе көл деген, бір себі тиіп, адвокатыныңызға қажет соманы жинауға себі тиер» деген соң ғана келісім етті.

Қазақтың өрімдей қызының отбасына қолдау білдіремін деген кісілер болса, төмендегі телефон нөміріне хабарласып, есепшотына ақша аударуға болады.

Сейтимова Зухра Мамахановна

Байланыс тел: +7702 438 16 71

Банктегі есепшот нөмері:4003 0327 3593 6355 КАЗКОМ

 ЖСН: 720218402915

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Қызымды қатты сағындым: Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Қытайға баратын қаржы таппай отыр
Mailfire view pixel