RU

Екі жасар қызын кепілдікке қойған алматылық көкек ана өмірінің тозаққа айналғанын айтты (фото)

Алматы облысы Ақтерек аулының келіні болған қырғыз азаматшасы Эльзада Муминова өмірінің тозаққа айналғанын айтты деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі. Келіншектің туған қызы Айаруды көрші ауылдағы бөтен үйге 100 мың теңгеге кепілге қойып, қалдырып кеткенін осы уақытқа дейін күйеуі журналистерге айтып арызданған болатын. Осы оқиғадан соң Эльзада көшеде жүруден қалғанын айтады.

«Мен туралы БАҚ беттерінде мақала шыққаннан соң елдің бәріне танымал болып кеттім. Автобуста отырсам басымнан ұрып «кет, көкек ана», «оңбаған, сен ғой балаңды кепілге қойып жүрген, қандай ұятсызсың!» деп ауыр сөз айтып, айыптайды. Тіпті басшым жұмысынан шығарып, қожайын пәтерден қуып жіберді. Қазір Алматы шетінде таныс қыздардың үйінде тұрып жатырмын. Не жұмысқа алмайды, не ақшам жоқ», - деп жылады кішкене Айарудың анасы Эльзада Муминова.

Қырғыз келіншектің сөзінше баласын кепілге қоймаған, танысына тек бала күтімі үшін қарыз болып қалған.

«Айгүл – менің туыстай болып кеткен құрбым. Күйеуім ұра берген соң қызымды уақытша қарауға беріп, өзім Алматыға жұмысқа кеттім. 100 мың теңге ол - баламды бағып берген ақысы. Айгүл Айаруға киім, тамақ әперді, үш ай бойы күтім жасады. Күйеуім Нұрбек мені «көкек» ана деп айыптаған соң қызымды полицейлер балалар үйіне өткізіп жіберген. Міне бір ай болды ботақанымның жүзін көре алмай жүрмін», - деп егілді келіншек.

Ақтерек ауыл әкімінің сөзінше, екі жасар Айаруды балалар үйіне өткізуге мәжбүр болған.

«Нұрбек Нұриқұлов кішкене қызды жетектеп бір апта бойы ауыл ішінде арақ ішкен. Бала көшеде қалып кетіп, суықтаған. Ауылдастар бүлдіршіннің жайын көріп жандары ашыған соң полиция шақыртып, Талдықорған қаласына ауруханаға жатқызып, артынша «тастанды» деп танылып балалар үйіне өткізілген. Нұрбекте баланың әкесі екендігін дәлелдейтін бірде бір құжаты жоқ. Бала азаматтық некеде туылған ғой. Ал әйелі Эльзада Айаруды көрінген үйге тастап кете береді. Шыны керек осы балақайдың жайы бүкіл бір ауылға жүк болды. Қашан, не болып қалар екен деп күні-түні уайымда жүреміз», - дейді әкім Ғани Шортаев.

Өмірлері үнділік сериал іспеттес бұл отбасының оқиғасы бүкіл ауылға жыр болған. Ақтеректіктердің сөзінше, Нұрбек пен Эльзада бірде "қайта қосылып, некеге тұрып үй боламыз" деп, енді бірде қырғыз келін «үшінші рет басқа жігітке тұрмысқа шығып кеттім» деп елді алдайды екен.

Сөздерінің берекесі жоқ ерлі-зайыптылардан тіпті туыстары да теріс айналыпты. Ал тілі әлі шыға қоймаған Айару болса қазір Талдықорғандағы сәбилер үйін уақытша паналап отыр. Егер ата-анасы құжатын реттесе қыздарын кері қайтарып алуға мүмкіндік бар дейді мамандар.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Алматы облысының тұрғыны 100 мың теңге қарыз үшін кепілге туған қызын қойып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.

Тағы оқыңыздар:

Мексикада Головкиннің жүрегін елжіреткен кімдер?

"Қырым - Украинаға тиесілі" деген Собчактың басы бәлеге қалды

Бояусыз суретке түскен ерекше сұлу қырғыз қызы жұртқа жақпай қалды

Ресейлік миллиардер бір күнде тақырға отырып, 117 млн доллардан айырылды

Алматыда кондуктор жолаушыны жүріп бара жатқан автобустан итеріп жіберді (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1686092-balasyn-kepilge-tastap-ketken-almaty.html