RU

Өмір бойы бас бостандығынан айыру реформасы

Бүгін Астанада "Қазақстандағы өмір бойы бас бостандығынан айыру институты: реформалау мүмкіндіктері" атты тақырыпта конференция өтуде.

Аталған конференцияның мақсаты азаматтарды өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасының атқарылуына байланысты туындайтын проблемаларды талқылау болып табылады.

Атап айтқанда, жиын барысында өмір бойы бас бостандығынан айыру үкімімен сотталған азаматтарды ұстаудың адам құқы бойынша халықаралық талаптарға сай келуі, сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату, оларға психологиялық қолдаулар көрсету мен әлеуметтік байланыстарды орнату мәселелері әңгіме өзегіне айналып отыр. "2004 жылдан бастап Мемлекет басшысы елімізде өлім жазасын қолдануға мораторий жарияланғандықтан, өмір бойы бас бостандығынан айыру нормасы жазалау түрі болып енді.

Алайда, бұл бағытта нақты заң деңгейінде бірқатар ұғымдар сипатталмағандықтан үлкен проблемалар қордаланып келеді. Әрине, өлім жазасына балама ретінде өмір бойы бостандығынан айыру лайықты жаза түрі болып саналады.

Дегенмен, "өмір бойы бостандығынан айыру термині нені білдіреді" деген сауал орынды. Өйткені, көптеген елдерде бұл әртүрлі мағына береді. Мәселен, АҚШ-та өмір бойы бас бостандығынан айыру үкімі азаматтың қалған бүткіл өміріне қатысты айтылады.

Ал Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде осындай өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасының арнайы мерзімдері белгіленеді", деді жиынға жетекшілік еткен "Адам құқы үшін хартия" қоғамдық қорының директоры Жеміс Тұрмағамбетова.

Конференция барысында Қазақстандағы өлім жазасы мен өмір бойы бас бостандығынан айыру мәселелеріне арналған зерттеулердің таныстырылымы болып өтті. Жиынға қазақстандық адам құқы мәселелеріне қатысты қоғамдық мемлекеттік орган және ұйымдардың өкілдері, Ұлыбритания, Польша және Ресей сарапшылары қатысуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/168727-omir-bojy-bas-bostandygynan-ajyru-reformasy.html