Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тәуелсіз Қазақстанның атын әлемге танытқан тұңғыш чемпиондар кім

Опубликовано:

Олимпиада
Олимпиада белгісі. Көрнекі сурет: pixabay

Қазақстан егемен ел, тәуелсіз мемлекет атанған соң жазғы және қысқы спорт түрлерінен толағай табысқа жетті. KAZ.NUR.KZ порталы Олимпиада және әлем чемпионаттарында алтын олжалаған Қазақстанның тұңғыш чемпиондары туралы мәліметті назарларыңызға ұсынады.

Қазақстан жазғы Олимпиада ойындарына тәуелсіз мемлекет ретінде тұңғыш рет 1996 жылы қатысты. Сол жылы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Атланта қаласында өткен болатын. sports.kz сайтының мәліметінше бұл Олимпиадаға қазақ жерінен 96 спортшы қатысты. Әлемдік додада Қазақстаннан барған спортшыларға 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль бұйырды.

Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан спортшылары 1998 жылы Лиллехамердегі ойындардан бастап егемен ел ретінде қатыса бастады.

Тұңғыш Олимпиада чемпиондары

Василий Жиров, бокс

Боксшы Василий Жиров Қазақстан тарихында елімізге тұңғыш Олимпиада алтынын сыйлаған боксшы ретінде қалды. 81 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ол Атланта Олимпиадасының чемпионы атанды. Жиров финалға дейін Италия, Канада, АҚШ боксшыларын тізе бүктіріп, финалда кореялық Ли Сон Бені 17:4 есебімен жеңді. Сондай-ақ, Жиров Атланта Олимпиадасының ең үздік боксшысына берілетін Велл Баркер кубогын иеленген тұңғыш қазақстандық боксшы.

Василий Жиров
Василий Жиров. Фото: sports.kz

Юрий Мельниченко, күрес

Грек-рим күресінің өкілі Юрий Мельниченко Атланта Олимпиадасында 57 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, чемпион атанды. Мельниченко Қырғызстанда дүниеге келген. Кейін отандық бапкерлердің шақыртуымен Қазақстанға келіп, жанкүйерлерге Олимпиада алтынын сыйлады. Ол екі дүркін әлем чемпионы атанды. Спорттық мансабы аяқталған соң Юрий Мельниченко Қазақстанда қалып, бапкерлік қызметке кірісті. Бүгінде ол спорт саласындағы шенеуніктердің бірі.

Александр Парыгин, қазіргі бессайыс

Атланта Олимпиадасында Александр Парыгинның чемпион атануы көпшілік үшін күтпеген жайт болды. Ол барлық қарсыласынан басып озып, чемпион атанған болатын. Алайда Парыгин азаматтығын ауыстырып, Аустралияға қоныс аударған. 2004 жылғы Атланта Олимпиадасына ол Аустралия атынан қатысып, небары 27-орыннан көрінді.

Александр Парыгин
Александр Парыгин. Фото: sports.kz

Бекзат Саттарханов, бокс

2000 жылғы Сидней Олимпиадасында 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Бекзат Саттарханов чемпион атанды. 20 жастағы түркістандық жігіттен мұндай ерлікті көп ешкім күткен жоқ. Әйтсе де, жылдамдығы мен техникасының арқасында Бекзат Румыния, Түркия, Оңтүстік Африка, Марокко боксшыларын жеңді. Ал финалда 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуаресті тізерлетті. Саттарханов 2000 жылдың 31 желтоқсанында жол апатынан қайтыс болды.

Бекзат Саттарханов
Жасындай жарқ еткен боксшы - Бекзат Саттарханов. Көрнекі сурет: liter.kz

Ермахан Ыбырайымов, бокс

Атланта Олимпиадасында қола жүлдегер атанған Ермахан Ыбырайымов 2000 жылы Сиднейде есе қайтарды. 71 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ол Сиднейдегі финалда румыниялық Марин Симионды жеңді.

Ермахан Ыбырайымов
Ермахан Ыбырайымовтың жеңіске жеткен сәті. Көрнекі сурет: caravan.kz

Ольга Шишигина, жеңіл атлетика

Ольга Шишигина 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында 200 метрге кедергілер арқылы жүгіруде чемпион атанды.

Ольга Шишигина
Ольга Шишигинаның жеңіске жеткен сәті. Көрнекі сурет: orda.kz

Бақтияр Артаев, бокс

Бақтияр Артаев 2004 жылы Афины Олимпиадасында Қазақстан құрамасына жалғыз алтынды сыйлаған боксшы. Ол жарыстың ең соңғы күнінде кубалық боксшыны жеңіп, Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ, техникасы үздік боксшыға берілетін Велл Баркер кубогының иегері.

Бақтияр Артаев
Боксшы - Бақтияр Артаев. Көрнекі сурет: vesti.kz

Бақыт Сәрсекбаев, бокс

69 келі салмақ дәрежесіндегі Бақыт Сәрсекбаев 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында топ жарды. Сәрсекбаев та финалда кубалық боксшыны жеңді.

Бақыт Сәрсекбаев
Бақыт Сәрсекбаевтың жеңіс тұғырындағы сәті. Көрнекі сурет: sputnik.kz

Ольга Рыпакова, жеңіл атлетика

Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден әлем және Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық спортшы. Ольга 2010 жылы Дохада әлем чемпионы атанса, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында 14,79 метрге секіріп, алтын жүлдені мойнына тақты. Рыпакова 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

Ольга Рыпакова
Ольга Рыпакованың олимпиададағы сәті. Көрнекі сурет: olympic.kz

Серік Сәпиев, бокс

Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы. Сәпиев 2008 жылғы Бейжіңдегі сәтсіздіктен соң әлемдік сындарда да екі дүркін сүрінді. 2012 жылы Лондон төрінде қазақ боксшысы шаршы алаң қожайыны Эндрю Селбиді айқын басымдықпен жеңіп, Олимпиада чемпионы атанды.

Серік Сәпиев
Боксшы - Серік Сәпиев. Көрнекі сурет: vesti.kz

Дмитрий Баландин, жүзу спорты

2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында алматылық Дмитрий Баландин Олимпиада чемпионы атанды. Баландин 200 метрге брасс әдісімен жүзуде АҚШ және Ресей спортшыларын артта қалдырды. Баландин Азия ойындарының үш дүркін чемпионы.

Дмитрий Баландин
Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы - Дмитрий Баландин. Көрнекі сурет: olympic.kz

2012 жылғы Олимпиада чемпиондары Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза мен Светлана Подобедова допинг қолданғаны үшін алтын медальдарынан айырылды.

Болат Жұмаділов – бокстан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, 1999 жыл, Хьюстон.

Бақтияр Байсейітов – грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, 1998 жыл, Евле.

Елдос Сметов – дзюдодан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, 2015 жыл, Астана. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1690518-tauelsiz-memleketimizdinh-tunhghysh-chem/

pixel