RU

Исекешов: Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнінен кейін ғана басталады

Елордада желтоқсандағы мерекеге орай қаланы безендіру тәртібі бекітілді. Соған сәйкес Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен кейін басталады. Бұл туралы Астана әкімі Әсет Исекешев қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында мәлімдеді деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Еліміздің басты мерекесі — Тәуелсіздік күніне арналған безендіру жұмыстары 12 желтоқсанда басталады. Атаулы мереке кезінде Астананы 1280 жалау, 2 жалауша панносы, 64 саябақ элементі және жарық аспаның 1 жиынтығы сәндейді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Отан қорғаушылар монументіндегі су бұрқақтардың орнына жарық диодты инсталяциялар орнатылады. Жарық фонтаны металл каркасының негізінде жасалады. Конструкцияның биіктігі 3,5 метрді құрайды. Жарықтандыру ақ және көк түсте болады.

Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен соң ғана, яғни 18 желтоқсанда басталады. Ол мақсатта шаһарда 25 жаңа жылдық шырша, 12 хоккей алаңы, 15 мұз айдыны, 10 мұз төмпешігі, 2 мұз қалашығы («Astana ЕХPO-2017» Ұлттық компанясы» АҚ аумағында және Астана қалалық әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда) бой көтереді.

Айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қаладағы жекелеген нысандардың Жаңа жылға дайындығы мен Тәуелсіздік күнін елеусіз қалдырғанына қатысты бірқатар пікірталас туындаған болатын. Осыған орай Астана әкімі өз ойын білдірді.

«Жаңа жылдық шыршаларды Тәуелсіздік күнін атап өткен соң, 18 желтоқсаннан бастап орнатамыз деп жоспарлаған едік. Кейбір жекелеген нысандар шырша орнатып, оны безендіре бастады. Бұған қатысты наразылық білдіргендер бар. Тәуелсіздік күні еліміздің басты мерекесі болғандықтан, басымдық сол мерекеге беріледі.

Шағын және орта бизнес нысандары қаланың мерекелік безендіруін қатаң ұстанатын болсын. Тәуелсіздік күнінде салтанатты және мерекелік шаралар өтеді. Оның арасында каратэ-киокушинкайдан Kazakhstan Open, үстел теннисінен «Seamaster 2017 ITTF World Tour GrandFinal» турнирі, «Күй Қайнары» VI күй тартыс, ҚР Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздігім – теңдігім, Егемендігім – елдігім!» атты жас ақындар айтысы, кітап көрмесі мен қазақстандық эстрада өкілдерінің қатысуымен дәстүрлі концерттер өтеді», — деді Астана әкімі Әсет Исекешев қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында.

Тағы оқыңыздар:

Месси әлемдегі ең жоғары жалақы алатын футболшы атанды

Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны баспаналы болмақ (фото)

Әуретті жерінен соққы алған күйеу жігіт үйлену тойында қайтыс болды

Instagram-да өзін бақытты етіп көрсетуден шаршаған қыз өзіне қол салды (фото)

Астаналықтарды қаланың бірқатар ауданын жаулап алған "қою тұман" шошытты (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1690735-isekeshov-zhanha-zhylgha-dayyndyq-tauelsi.html