RU

Тұңғыш президент күніне орай елбасы туралы кітаптың авторларымен кездесу өтті

28 қарашада Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Тұңғыш президенті күніне орай «Ұлы даланың Ұлы перзенті» атты кітап көрмесі және елбасы туралы жазған кітаптардың авторларымен кездесу өтті.

Шараның мақсаты – қоғамда еліміздің Тұңғыш президенті – елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мемлекетін құрудағы тарихи рөлін, тәуелсіз мемлекет құрудағы еңбегін өскелең ұрпаққа таныстыру болды.

Сонымен қатар жиынға қатысушыларға елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жазған кітаптары мен президент туралы жазған авторлардың кітаптары  ұсынылады.

Кездесуге Жамбыл облысының әкімі  Кәрім Насбекұлы Көкрекбаев, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор  Бүркітбай Ғелманұлы Аяған, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Қалиақпарұлы Олжай, журналист, жазушы Айтбай Сәулебектегі, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, Қазақстан жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Қанат Әуесбай қатысты.

Сондай-ақ шараға облыстық мәслихаттың депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, зиялы қауым, этно-мәдени орталықтар мен үкіметтік емес ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлары мен мұғалімдері, жастар көшбасшылары келді.

Шараға жиналғандар Елбасы еңбектері және ол туралы жазылған кітаптармен арнайы ұйымдастырылған көрме арқылы танысты. Мұнда мыңға жуық зерттеулер мен фотосуреттер қойылған. Олардың кейбірінің авторлары Таразға арнайы шақырылып, президенттің түр-тұлғасы жайында жамбылдықтарға кеңінен әңгімелеп берді.

Басқосуда облыс басшылығы, ғалымдар мен жазушылар Елбасының Қазақстанды дамыту жолындағы ерең еңбегіне ерекше тоқталды. Авторлар өз зерттеулері барысында әңгімелескен адамдардың пікірлерін, куә болған оқиғаларын өз ауыздарымен айтып берді.

Бұл шара көпшілік үшін ұлт көшбасшысы жайлы мол мағлұмат алып, Президент жұмысымен жақынырақ танысуға таптырмас мүмкіндік болды.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1691112-tunhghysh-prezident-kunine-oray-elbasy-t.html