RU

Атышулы "Қалаулым" бағдарламасын күніне алты миллион адам тамашалайды (фото)

Үш сағат бойы тікелей эфирде 6 миллион аудиторияны ұстап отырған атышулы "Қалаулым" бағдарламасы халықтың назарынан түспей келеді. Реалити шоуды біреулер қойылым десе, енді біреулер бұл шоудың жастарға қауіпті екенін айтып, дабыл қағуда. "Қалаулымның"  бас продюсері Шах-Керім Кәрменов NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат беріп, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалға жауап берді.

— «Қалаулым» атышулы бағдарламалардың бірі. Біреулер оны Ресейдің кезіндегі «Дом-2» ток-шоуына ұқсатса, енді біреулер мұны жастарды азғыру дейді.  «Қалаулым» біздің қоғамға қаншалықты қажет деп ойлайсыз?

— Өте қажет. Өйткені бізде бүгінгі таңда жалғыз жүрген жастардың саны көп. Әлем бойынша территория жағынан 9-шы орында тұрмыз, 18 миллион ғана халқымыз бар. Күн өткен сайын ажырасу статистикасы, сүрбойдақтар санының өсуі көбеюде. Біз батыстың ритміне енеміз деп мансап қуып, оқу аяқтап, магистратура, доктарантура деп жүрген көпшілік қыздар жастарының отыздан асып кеткенін өзі түсінбей қалады. Содан кейін білім қуып, оқу мен мансаптың соңында жүремін деп 30-40 жасқа келген қыз-жігіттердің өзгелермен танысып, ашық-жарқын араласып кетуі қиын. Сондықтан осындай бір ортақ тоғысу нүктесін табу керек болды. Сол нүктені жасау үшін біз «Қалаулымды» ұйымдастырып отырмыз. Бұл қоғамға өте қажетті дүние болып жатыр.

«Қалаулымды» қойылым, қатысушылар жарнама үшін жүр дейтіндер көп. Осы ақпарат қаншалықты рас?

— Біз ондай сынды естіп жатамыз. Біздің студияға келіп «Қалаулымды» көретін көрерменнің өзінің саны 80 адам. Ол 80 адам біздің ұжымнан емес, бізден жалақы алмайды. Олар «Қалаулымға» өз еріктерімен келіп отыр және кез-келген уақытта «Мен «Қалаулымның» студиясында болдым, онда мынандай да, мынандай жағдай болып жатыр» деген  ақпаратты тарату мүмкіндігі бар. Сіздер көрермен тарапынан сондай ақпаратты оқыдыңыз ба? Жоқ. Өйткені біздің қатысушылардың өздері көп заттарды біле бермейді. Бізге айтады: «Сіздер сценарий жазасыздар ма?» деп.  Әрине, жобасын жасаймыз. Мысалы, сіз өміріңізді таңертең тұрамын, кешкі асымды жетіде ішемін деп жоспарлайсыз ғой.  Бірақ сағат жетіде деп жоспарлағанмен, солай шыға ма? Шықпайды. «Қалаулымда» сол сияқты. Сценарий жазғанда біз болжамалы дүниені жасаймыз. Мысалыға алсақ, бүгін Еркебұлан Астанадан Жанеркеге келу керек, шығу керек. Ал бұл өмірдегідей шынайы жоба болғандықтан, көп нәрсе өзгеріп кетуі мүмкін. Кейде бір адам келеді деп жарнама береміз де, ол адам келмей қалады.  Неге, себебі өмірді жоспарлай алмайсыз. Күтпеген жағдайлар орын алуы мүмкін.

Жиырма бес адамды актер ретінде қабылдасақ, бұл қойылымды ұйымдастыру үшін жиырма жылдай Жүргеновте оқып, осы істің білікті маманы болуы керек. Менің Жүргеновке ешқандай қатысым жоқ, оқымағанмын да. Мұндай қойылым жасайық десек те, келмейді. Бұл өмірдегі шынайы жоба. Кімге үміткер келеді, кімге келмейтінін қатысушылардың өздері соңғы сәтке дейін білмейді. Оның үстіне телевидение ол дыбыс емес, ол –бейне, эмоция. Біз қойылым жасайтын адам болсақ, біреуге айттық дейік. Саған бүгін үміткер келеді, сен таңғалатындай бол деп. Бірақ ол бейнені ойнау мүмкін емес қой. Кез-келген эфирді ашып қараңыз: «Маған келді ме?» деп таңғалып жатады. Оны ойнау мүмкін бе? Жоқ.

—«Қалаулымның» көгілдір экрандағы ғұмыры ұзаққа созыла ма?

— Сұраныс бар болса, жалғаса береді. Рейтинг көрсеткіші бойынша, қазақ телекеңістігіндегі ең жоғарғы рейтингке ие бес бағдарламаның ішіндеміз. Бірақ сағат он екі мен үштің арасында бағдарлама көрсетіп, осындай рейтингке ие болу үлкен жетістік. Рейтинг деген көрерменнің таңдауы. Көрермен он бес шақты арнаның ішінен біздің таңдап,  он екі мен үштің арасында бізді көреді. Әр күн сайын таңдау жасайды. Иә, біз естідік. «Нұр Отан» партиясына түрлі хаттар келіп түсіпті. Бұл министріліктің тарапынан жасалып жатқан дұрыс дүние, егер наразы халық болса біз демократиялы қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін, олардың да наразылығын тыңдап, пікірлерімен санасу керекпіз. Келсін, тексерсін, көрсін. Біз елге қарсы, менталитетке қарсы үлкен бір нұқсан келтіретін дүние жасап жатқан жоқпыз. Шынайы емес дейсіз бе, ұжымның ішіне келіңіз, қатысыңыз. Бүгін журналист ретінде сіз келдіңіз, сізді кім тоқтатып, кіргізбей қойды?! Ондай болған жоқ қой. Күмәніңіз болса келіп куә болыңыз. Біз жұрттың бәріне ұнай беретін 10 мың теңге емеспіз ғой, біреуге ұнаймыз, біреуге ұнамаймыз. Бұл заңдылық!

Рейтинг көрсеткіші бойынша шамамен сіздерді қанша миллион көрермен көреді?

— Рейтинг көрсеткіші бойынша біз күн сайын аналитикалық есеп алып жатамыз. Орта есеппен алғанда 6 миллионға жуық аудиториямыз бар.

«Қалаулым» бағдарламасының соңында шаңырақ көтерген жұптардың үйлену тойларына көмектесетіндеріңіз рас па?

— Біздің ол жұптарға өз тарапымыздан сыйлығымыз бен көмегіміз болады. Алғашқы той болғанда халық көрді бәрін. Біз той жасаймыз, бірақ ол тойды да телевизиялық форматта өткізуіміз шарт. Себебі күн сайын оның бәрін көріп, бақылап жүрген көрерменнің де көруі шарт. Сондықтан біз тойды тіпті студияда да жасап жіберуіміз мүмкін.

«Қалаулымға» келгісі келетін қыздардың саны көп. Үміткер ретінде бағдарламаға барайық десек таңдайтын жігіт аз дейді. Жігіттер санын көбейтулеріңіз мүмкін бе?

Менің қалауым болса бүкіл Қазақстанның жалғыз жүрген азаматтары мен азаматшаларын мына студияға әкеліп қоятын едім. Бірақ техникалық мүмкіндік жоқ. Қазір қолымызда бары 25 қатысушы, осыларды ақырындап үйлендірейік, нәтижесіне жеткізейік. «Жоқ, мен мінезімді өзгертуім керек екен, әлі тұрмысқа шығуға дайын емеспін!» деп кеткісі келетінін айтса біз оларды ұстамаймыз.

Өйткені орнына келемін деп жатқан адам бар. Біз бұл бағдарламаны қатысушылардан жұлдыз жасау үшін емес, шынымен де көмектесу мақсатында жасап жатырмыз. Көпшілік атақ үшін, жарнама үшін деп жатыр. Олардың жарнама жасауы заңды, себебі бізден жалақы алмайды. «Олардың жұмысы жоқ па?»,-дейді. Түсірілім сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін. Бір сағат бұрын келіп макияждарын, шаш үлгілерін жасап, киімдерін киіп отырады. Одар әрі қарай бос. Олардың әрқайсысының өз жұмыстары, істері бар.

Егер жұмысына түсірілім кедергі келтірсе, сол жұмысынан кеткен қатысушылар бар. Олар бір пайда көру мақсатында Instagram парақшаларында жарнама жасаулары мүмкін. Біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, оған тыйым сала алмаймыз. Instagram-да бағдарламаға қатыспай-ақ жарнамамен айналысып жатқан жандар жетерлік. Ондай адамдар бар болған кезде, біз неге өз қатысушыларымызды осындай мүмкіндіктен шектеуіміз керек? Ол өзінің еркі, өзінің парақшасы.

—Үміткерлеріңіздің басым бөлігі актерлар мен актрисалар. Неліктен бухгалтер емес, мұғалім емес?

— Біріншіден, олар актер мен актрисалар болса да олардың бақытты болмауға құқы жоқ деп кім айтты? Олардың мұндай мәселеге тап болмағаны жайлы кім айтты?

— Сонда бұл жәй ғана сәйкестік пе?

— Сәйкестік. Мысалы, сіз біздің «Қалаулымға» келетін бе едіңіз?

Жоқ, келмейтін едім.

— Өйткені ұяласыз, дұрыс па?! Ал актерларда бұл ұялу дегенді бакалавриат кезінен өшіріп тастаған. Мүмкін сол сәйкестіктен де болар. Ол адамдар «мен жар іздеп жүрмін» деп айтудан қысылмайды, ұялмайды. Сондықтан келеді. Біз оған: «Айналайын, сен әп-әдемісің, сенде бақытты болуға лайықсың! Бірақ актер болғаның үшін мен сені қабылдай алмаймын!» деуге құқымыз жоқ. Менен көбісі «Қарапайым адамдар неге келмейді?» деп сұрайды. Танитын қарапайым адамдарыңыз болса, бағдарламаға қатысқысы келсе қатыссын, келсін. Жұмыста қарапайым адамдарға: «Келіңіз, қатысыңыз, сізге тіпті үміткерде дайын» десең, олар ұялатындарын айтады.

— Жәнібек Кәрменов сынды асылдың сынығысыз, сіздің мұндай реалити шоуда жүруіңізді біреулер лайық көрмей жатыр. Бұл пікірге не дейсіз?

— Қазақстанда ең алғаш рет тікелей эфирде үш сағат болатын, осыншама қатысушылары бар ауқымды жоба. Бүгінгі таңға дейін мен  көрген ең қиын жұмыс. Өйткені үш сағат тікелей эфир деген бүкіл жұмыстың барысын өзгертеді. Үш сағат жазба жасауға болады, бірақ, үш сағат тікелей эфирде аудиторияны қызықтырып ұстау үшін топта макияж жасайтын адамнан бастап, аула сыпырушыға дейін білікті маман болуы тиіс. Осындай қиын жұмысты істейсің бе деп маған ұсыныс келгенде неге істемеске? Өйткені адам деген әрқашанда өсу керек.

Мысалы, актерлерде де, журналистер мен тележүргізушілерде де ең қауіпті бір дүние – образға кіріп алып, шыға алмай қалу. Иә, менің әкемнің салып кеткен өз жолы бар, мен әке жолын қуып келе жатырмын. Менде әкем сияқты қоғамға пайдасы тиетін білікті бір маман болғым келеді. Біздің отбасымызда бәріміз әншілікке жақынбыз. Бірақ отбасымызда бір ортақ қағида бар-жаман әнші болып, Кәрменов атын жамылғанша, қолыңнан келетін іс жасап-әкеңе сай бол! Сондықтан журналистика жолын таңдадым. «Қалаулым» бағдарламасының қозғап отырғаны өзекті мәселе емес пе?! Біз  мақсат мұнда тек жар іздеп, жастарды үйлендіру ғана емес қой, бағдарлама барысында осы жолдың ішінде пайда болатын мәселелерді де талқылаймыз. Мысалы, ата-аналары қарсы, екі жас бірін-бірі сүйіп тұр. Неге ата-анасы оған араласу керек немесе араласпау керек? Біз үкім шығармаймыз, біз сот емеспіз.

Бірақ біз осы мәселені қоғамға ортаға шығарамыз. Егер сіздің үйіңізде осындйа жағдай болса, сіз не істер едіңіз дегендей. Бәрібір бұл ситуациялар өмірде де бар. Қазақстанда көшеге шыққанда бір өмірді көрсек, шынайы тіршілікте екінші өмірге тап боласың. Теледидарда бәрі керемет, бәрі тамаша. Көшеде бар проблема басталады. Неге соны ашып айтпасқа?! Неге осы мәселелерді талқылау арқылы көрерменге ой салмасқа?!

Өткен жолы кей қатысушы қыздарымыз менің болашақ жарымның жалақысы 500 мыңнан кем болмау керек деді. Көпшілік: «Бұл не деген сұмдық, 500 мың жалақыны ешкім алмайды Қазақстанда. Бұл қыздар ақшаға қараса осылай отыра береді» деді. Иә, дұрыс айтасыз. Сондықтан бұл қателікті қайталамаңыз. Осы ойды түйген бір ғана көрермен болса, біз мақсатымызға жеттік.  Мен бұл жобаны арзан жоба деп ойламаймын. Неге рейтинг көрсеткіші жоғары? Өйткені қоғамның мұқтаждығы бар, көрерменге қызық. Біз ешкім көргісі келмейтін нәрсені көр деп күштеп отырғызып қоятын мұғалім емеспіз. Қоғам не талап етеді, соны көрсетеміз.

Тағы оқыңыздар:

Павлодарда алаңсыз коньки теуіп жүрген жігіт ажал аузынан аман қалды

Әлемдегі ипотека мөлшерлемесі ең төмен мемлекеттер белгілі болды

Ақтөбеде букмекерлік кеңсеге шабуыл жасаған қарақшылар Қазнетті дүрліктірді

Қорқынышты түстей: Алматы облысында автобус аударылғанда жолаушылар шырт ұйқыда жатқан

Отандық әншінің шаңырағы шайқалған отбасы туралы әні көпшілікті жылатты (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1692215-atyshuly-qalaulym-baghdarlamasyn-kuni.html