RU

Баян Есентаева денсаулығы жайлы бар шындықты жайып салды (фото)

Шымкенттің экс-әкімі Өмірзақ Әметұлының мәжбүрлі түрде тоқалы болған қыздың жанайқайын жоғарыға жеткізу үшін Баян Есентаева журналистермен жүздесіп, елдегі белең алған проблеманы көтерді деп хабарлайды NUR.KZ порталы. Шенеуніктің көңілдесі боламын деп өмірі тозаққа айналған келіншек продюссерді циркке іздеп барып, жылап тұрып жағдайын айтқан екен.

«Әлия кино түсіріп жатқан жерімнен циркке іздеп келіп, басынан өткен оқиғасын айтты. Үш жыл бойы азапқа төтеп беріп, әлсіздік танытпағанына қарап таңдандым. Күйеулерінен жапа шеккен әйелдер менен кез келген жерде ақыл, көмек сұрайды. Бірі - әуежайда, бірі - кафеде көріп қалып ағынан жарылғанда өзімді қоярға жер таппай кетемін. Ешқайсысына «жоқ» демеймін, қолымнан келгенше көмектесемін. Қазіргі менің тигізер пайдам осы мәселеге қоғамның, биліктің назарын аудару. Құдай сол үшін де жаратқан шығар», - дейді Баян Мақсатқызы.

Елімізде жыл сайын 500-ден астам нәзік жанды отбасылық зорлық-зомбылықтың салдарынан көз жұматынын естіген Баян ханым жағасын ұстап «қоғамды емдеу керек» деп төтесінен қойды.

«Бізде әйелді ұру әшейін нәрсе болып кеткен. Қыз-келіншекті қорғап, сөзімізді сөйлеудің орнына барлығы: «өзі кінәлі, сол керек оған» деп күндеп отырады. Соған қарап  қоғамды, еркектерді, жалпы алғанда бәрімізді емдеу керек. Себебі, күйеуінің ұрғанын айтуға келіншектің туыстары «ұят» деп тыйым салады, полиция күйеуінен таяқ жеген әйелдің арызын алмайды. Еуропада күйеулері жарын сабамақ түгіл, бір апта сөйлеспей қойса жауапқа тартылады, полиция оны өз үйіне кіргізбей, жазалайды. Келесі жолы ол еркектің жұбайына деген құрметі басқа болады. Ал  бізде ше? Мен ешкімге күйеуіңмен ажырас деп ақыл бермеймін. Бірақ, Қазақстанда әйел мен еркектің арасындағы сыйластықты, өзара сөйлесу мәдениетін мектептен бастап оқытып, үйрету керек» , - деп күрсінді актриса.

Жыл сайын күйеулерінің соққысының салдарынан қазақстандық мыңдаған әйел мүгедек болып қалады екен. Ал жан-жарасы өмір бойына жазылмайтынын айтып, психологтар  дабыл қағып отыр.

«Менің басымнан өткерген оқиғаға бір жарым жылдан аса уақыт болды. Содан бері менің бір күнім дәрігердің емінсіз жай өтпеді. Сонда да денсаулығым қалпына толық келген жоқ, бетімді әлі шашыммен жауып  жүремін. Ал миымдағы қорқыныш пен жүйкемдегі соққының қашан емделетін ешкім айта алмайды» , - деді Баян Есентаева.

Естеріңізге сала кетсек, Шымкенттің эк-әкімі Өмірзақ Әметұлының тоқалы болған Әлия Бәйділдаева шенеуніктің өзі мен отбасысынан зорлық көріп Алматыға қашып келген еді. Екі науқас қызымен «Араша» орталығында бас сауғалап, күйеуінің жақтастары оны өлтіретінін де ашық айтқан келіншектің арманы – тыныш өмір сүру. Әлияның БАҚ-на берген сұқбаттарынан соң Бас прокуратура мен ІІМ іс қозғалып, тергеу басталыпты. Ал танымал продюсер болса экс-әкімнен қорлық көрген келіншектің құқын қорғау үшін соңына дейін баратынын айтып, уәде берді.

Тағы оқыңыздар:

12 жасар қызын зорлап, жүкті қылған ер адам асылып қалды

Қостанайда буындырып өлтірілген 22 жастағы бойжеткеннің денесі табылды

Анасынан айырылған павлодарлық қыздың хаты жұрттың жүрегін елжіретті (фото)

Алматыда «қайтарымсыз несие» алып беремін деп жұртты алдап соққан алаяқтар ұсталды

Жақсыбеков Қырғызстандағы төңкеріс кезінде Бакиевті қалай алып шыққанын айтып берді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1692586-bayan-esentaeva-densaulyghy-zhayly-bar-sh.html