RU

Маңғыстауда ақындар айтысы жыл сайын өткізілетін болды (фото)

Маңғыстауда Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Рухқа–ұран, ұлтқа – қорған!» атты республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті.

Алыстан ат тартып келген 18 дүлділ арасында өткен сөз тартысы көрерменнің кұлақ құрышын қандырды.Айтыскерлер жарасымды әзіл-қалжың мен түйткілді мәселелерді тілге тиек етіп, Маңғыстау жұртына әдемі жыр кешін ұсына білді.

Аламан айтысты алты сағат бойы орнынан қозғалмай тамашалаған көрермендердің көңілі шат-шадыман, бәрі дән риза. Айта кетейік, ақындар айтысы Маңғыстау өңірінде соңғы 11 жылдан кейін ұйымдастырылып отырғаны осы.

Көптің көңілінен шығып, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қанжығасына байлаған қос ақын болды.Ол - маңғыстаулық Мэлс Қосымбаев пен Павлодарлық Аспанбек Шұғатаев.Ұйымдастырушылар бас жүлдеге 3 миллион теңгеден табыстады.бірінші орынды Қызылордалық Мұхтар Ниязов иеленсе, (2млн.теңге) екінші орын Әсем Ережеқызы мен Жансая Мусинаға (1 млн.теңге) бұйырды.Үшінші орынғатөрт ақын да лайық деген шешіммен Рүстем Қайыртайұлы, Шалқарбай Ізбасаров, Ершат Қайболдин, Абай Жолмағанбетовке(400 мың теңге) берілді.Қалған қатысушылар да құр қалмады. 9 өнерпазға 300 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Жыр кешінің жабылу салтанатында Маңғыстау халқының атынан ақындарға алғысын айтып, ақ тілегін арнаған облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «2 күн бойы өнер сүйер қауым зерделі сөзбен сусындады. Бұл өлке сөздің төркінін түсінген, мағынасын аңғарған, жүрегімен қабылдай білген ел. Сондықтан осындай жерге ақындар, біртуар азаматтар келді. Енді міндетті түрде Маңғыстауда жыл сайын Республикалық ақындар айтысын өткіземіз. Айтыс – халықтың жүрегінде жүрген өнер. Қазақ даласында басымызды қосқан, рухымызды көтерген, салт-дәстүрімізді жалғастыруға себепкер болған дүние.

Елбасы – тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап бірлікті, елдікті, тұрақтылықты ту қып көтерді. Соның арқасында қазақ қазақ болып көтерілді. Тәуелсіздік нығайды. Рухани жаңғыруды жай ғана айтып қоймай, санамызға, жүрегімізге сіңіре білсек, еліміздің туы биік, рухы мәңгілік болмақ. Мерекеміз құтты болсын, ағайын!»,- деді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1693347-manhghystauda-aqyndar-aytysy-zhyl-sayyn.html