RU

Кубаға келін болған қазақ қызы: Өмірім үнді киносындай өтіп жатыр (фото)

Тілі мен діні басқа ұлтпен некелесіп, отау құру оңай шаруа емес. Мұндай отбасылардың көбі уақыт өте шайқалып жатса, кейбірі сәтті шығып көпшілік сүйсіне қарайды. Бүгінгі мақаламызда махаббатын өзге елдің азаматынан тапқан қазақ қызының тағдыры жайлы болмақ деп хабарлайды NUR.KZ.

Оралдық ару Әсел Қаратаева кубалық жігітке күйеуге шығамын деп үш ұйықтаса түсіне кірмегенін айтады. Қос ғашық мейрамханада танысып, алты айдан соң шаңырақ көтерген.

«2014 жылдың 1 ақпанында құрбыларыммен Алматыдағы мейрамханаға демалуға барғанбыз. Алексті алғаш рет сол жерден көріп, таныстық. Ол дәмханада музыкант еді. Кеш бойына бес тілде ән айтып көңілімізді көтерді. Телефон алмасып, алғашында дос ретінде араластық.

Жаздың керемет кешінде «менің өмірлік жан жарым бол» деп бірден үйленуге ұсыныс жасады. Жүрегім қатты қалап тұрғанымен, ата-анам мен туыс, дос-жаранның да ойын білгім келді. Әке-шешем «өз өмірің, жүрегің не қалайды солай жаса» десе, құрбыларым бір апта бойы керісінше үгіттеді. Барлығы «шетелдікте нең бар? Қазақ құрып қалды ма?» деген сынды ойларын айтты. Бірақ мен Алексті қимадым.

Оның әйелдерге деген құрметі мен мәдениетін және сыйластығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Барлығы махаббаттан көзі байланып қалған дейтін шығар, бірақ олай емес. Кубалық жігіттің қыздарға деген құрметі ерекше», - дейді Әсел Қаратаева.

Қос ғашық үйлену тойларын Алматыдағы мейрамхананың біріне 120 адамды қонаққа шақырып, еуропалық стильде дүркіретіп атап өткен.

«Кубалықтар да тойға қонақты жүздеп шақырады. Біздің тойдың ерекшелігі беташар болмады, сағаттап ешкім тілек айтпады. Ойын-сауық, ән айтып, би билеумен көңіл көтердік. Күйеуім музыкант болған соң тойымыз концерт іспеттес өтті десем болады», - деп күлді кубалық келін.

Үнді киносындағыдай романтикалық өмір

Атын естігенімен өмірінде аяғы баспаған елге келін болатынын Әсел армандамағанын айтады. Отау құрған үш жылда күйеуінің туған жеріне екі рет барып, туыстарымен танысып қайтқан.

«Кубада келін деген түсінік жоқ. Олар ұлдарының әйелдеріне ханшайым секілді қарайды. Таңертең тұрсақ, енем ас әзірлеп, киімімізді жуып, үтіктеп қойғанын көріп қатты таңғалдым. Алғашында шетелден келген соң қонақ деп сыйлап жатқан шығар деп ойладым. Кейін байқасам, енелердің көбі үйде отырады екен. Олар жастарға жағдай жасап, осылай қолғабыс ететініне көзім жетті. Ал балалары ақша тауып, қаржылай көмектеседі», - дейді жас келін.

Сондай-ақ гаваналық азаматтар әйелдеріне жиі гүл сыйлап, еш себепсіз романтикалық кеш ұйымдастырады екен. Бұл олардың азаматтық борышы болып саналады. Тіпті ақшасы жоқ азаматтарда жарларына арнап ән салу да құрметтің бірі дейді оралдық бойжеткен.

Искиердо Фуэнтос Александр мен Әсел Қаратаева қазір Каризма есімді екі жасар қыз тәрбиелеуде. Кубалық күйеу бала жиеннің тәрбиесімен өзі айналысатын болып шықты. 

«Біз қызымызға бала күтуші жалдамаймыз. Мен күн ұзаққа жұмыстамын, ал Алекс мейрамханада әнші болғандықтан, кешке дейін үйде. Ол баланы өзі жуындырып, кешкі асты даярлап, үйді жинап, менің келуімді күтіп отырады. Кубалықтарда мынау - әйелдің тірлігі, мынау - еркектікі деп бөлмейді және барлығының құқы мен сөзі бірдей. Шындығына келсек, қазақ жігіттері баланың жөргегін ауыстырып, кір жумайды ғой. Сосын әйелдің статусын төмен санайды. Біздің отбасыда ондай жоқ. Кез келген мәселені бірігіп шешеміз, еш уақытта Алекс менімен ақылдаспай қадам жасамайды», - деп ағынан жарылды келіншек.

"Екi түрлi тiл мен дәстүр тоғысқан жанұяда қазақы ас жиі дайындалғанмен, кубалық үрдіс үзілмейді. Отбасы үшін «Рождество» мерекесі нағыз отбасылық мейрам саналады және үйде күн сайын би кеші болса, ұлттық тағам ретінде фасольға бұқтырылған күрішті көп тұтынады. Сондай-ақ, нан орнына банан жейді екен. Шетелдікке тұрмысқа шығатынымды бала кезден сездім", -  деген Әсел өзін шын бақытты санайды.

Елімізде жыл сайын мыңдаған қаракөздеріміз шетелдік азаматтарға тұрмысқа шықса, 1500-ден астам жігіт келінді шекара сыртынан әкеледі. Соңғы 10 жылда ғана 70 мыңнан астам аралас неке тіркелген. Бұл қағаз бетіне түскен статистика, ал азаматтық некемен отау құрып жатқандардың саны белгісіз.

Бізбен бөлісер қызықты жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Тағы оқыңыздар:

Бірнеше жылдан соң жер бетіндегі 15 шақты ел жойылып кетуі мүмкін

Өзінен 20 жас үлкен Үндістан азаматымен бас қосқан қазақ қызы жоғалып кетті

Депутаттар кеншілер ереуілге шыққанда жылы кабинетінде отырған министрге шүйлікті

Қазақстан халқының саны қашан 19 миллионға жетеді?

Ләйлә Сұлтанқызы өзінің миллиондап табыс табатынын жасырмады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1704723-kubagha-kelin-bolghan-qazaq-qyzy-omirim.html