RU

Салмағы 74 келі болған қызылордалық тоғыз жасар қыздың анасы елден көмек сұрады

Қызылордалық Дильназ есімді 9 жасар жасөспірімнің анасы қызының денсаулығына алаңдап, елден көмек сұрайды деп хабарлайды NUR.KZ.

Дильназдың анасы Гүлнар Әбдіхалықованың айтуынша, дәрігерлер сәбиді босанардан бір күн бұрын ғана баланың миында су бар екенін ескертіпті. 2008 жылы дүниеге келгеніне бір ай толмаған сәбиге жедел ота жасалған. Су қайта көбейгендіктен 6-7 айдан соң бассүйегін тесіп, тағы эндоскопиялық ота жасалады. Содан бері дәрігерлер арнайы психотроптық дәрілер тағайындап келген. Алайда барлық дәріні анасы өз қаражатына сатып алыпты.

Қызын аман алып қалуға тырысқан ана банктен несие алып, бірін жабу үшін бірі өсіп, үлкен қарызға да батқан. 2012 жылы Қызылордадағы бір бөлмелі пәтерін 800 мың теңгеге сатудан басқа амалы қалмапты.

«Астанада психиатрлар: "Балаңыз адам болмайды, түк түсінбейтін «дебил». Арнайы мектепке өткізіп тастаңыз, қиындықты қайтесіз?!", - дегенде жаным қалмай жылап, баланы үйден оқытуға рұқсаттарын әрең алғанмын.

Қазір Дильназды мұғалімдер үйден оқытады. Адам болмайды деген қызым 3 тілде сөйлейді. Ағылшынша 300-ге жуық сөз жаттаған. Сыныптастарын сағынғанда мектепке де апарып тұрамын арасында. Сыныптастары да жақында үйге келіп, туған күнімен құттықтап қайтты.

Күні кеше мұрнынан қан тоқтамай, құса бергесін Алматыға қаратуға әкелдім. Мұндағы барлық дәрігерлер қызымның ой-өрісіне кәдімгідей таң қалып отыр», - дейді анасы Гүлнәр Әбдіхалықова.

Басына бірнеше диагноз жабысқан Дильназдың негізгі ауруы - гидроцефалия. Гипофиз бұзылуынан гормондық ауытқулар орын алған. Соның әсерінен бүгінде сол жақ аяқ-қолы жұмыс жасамай, арбаға таңылған. 2016 жылы оның қалыпты салмағы 60 килограмға дейін жедел өсе бастаған.

Бүгінде 9 жасар Дильназдың салмағы 73,35 килограмға дейін өсіп отыр. Бұл жастағы қалыпты салмақ өлшемі – 28-30 кг. Салмағы ауырлаған сайын Дильназдың жүрегі қысылып, мұрнынан жиі қан кетеді. Бүйрегі де сыр беріп жүр.

Дәрігерлердің айтуынша, Дильназдың нақты диагнозын толық зерттейтін медициналық аппарат Қазақстанда жоқ. Динамикалық CSF мониторинг жасайтын құрылғы Түркиядан табылған. Арнайы хатта түрік дәрігерлері зерттеу құны 5200 АҚШ доллары тұратынын хабарлаған. Наурыз айында жақсы жаңалықты естіген ана алып ұшып қаржы іздей бастаған.

«Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қабылдауына да кіре алмадым. 470-тей адам кезекте тұр дейді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасына, Кәсіпкерлік және туризм басқармасына, облыстық әкімдікке арнайы хат жолдап көмек сұрадым. Алайда бәрі бюджеттен ондай қаржы қарастырылмағанын айтып, шығарып салды. Мемлекеттен көмек алып жатырсыз дейді. Алатыным – Дильназдың мүгедектігі мен менің бағу жәрдемақымды қосқанда 59 800 теңге. Айына 60 дана памперс тегін береді. Күніне сегіз дана кететіндіктен қалғанын сатып аламыз. Дәрілердің бәрін өзіміз аламыз. Мемлекеттің көмегі осы.

Берілген көмекке Алла разы болсын. Алайда қызымды Түркияға апаруға бұл жәрдем бере алмайды. Еш амалым қалмағандықтан халықтан көмек сұрауға мәжбүрмін. Ел-жұрт жиылып көмектескені арқасында қазір 500 мың теңгедей жиналды. Павел Горбачев пен Инабат Карифуллаевна есімді Қызылордалық ерікті жастар атсалысып, Дильназдың емі үшін жан-жаққа қаржылай сұрау салып жатыр» - дейді анасы Гүлнар Әбдіхалықова.

«Түріктер осы жылдың наурыз айына шақырған болатын. Қызыңыз әлі-ақ жүріп кетеді, уайымдамаңыз дейді. Біздің дәрігерлер де оны растап отыр. Қаржы қол байлап, жете алмадық. Осы жылдан қалмай тезірек барсақ дейміз. Жаңа жылда Дильназға сыйлығымыз осы болса екен деп армандаймын! Қызым аяқтан тұрып, жүгіріп кетсе, одан басқа түк керек емес маған!» - деп көз жасын сүртті ана.

Дильназға көмектесемін деген жандар үшін:

АО «Kaspi Bank»

БИК CASPKZKA

Дербес шот: KZ57722R000128750652 - KZT

Карта нөмірі: 5169 4901 5279 5216

ЖСН: 690 513 401 441

Әбдіхалықова Гүлнар Шамшақызы

Qiwi-әмиян: 87054328413

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1706762-darigerler-adam-bolmaydy-degen-ush-til.html