RU

Желтоқсаншының әкімдіктегілермен кездесуі төбелеспен тына жаздады (фото)

Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны, желтоқсаншы Райхан Әубәкірованың әкімдіктегілермен кездесуінің соңы төбелеспен тына жаздады деп хабарлайды NUR.KZ порталы. Тәуелсіздік үшін абақтыға жабылып, басынан оңбай соққы алған ана жергілікті билікке базынасын айтуға барған еді. Алайда мереке қарсаңында желтоқсан көтерлісінің құрбаны гүл алып емес, полицияның айдауымен ғимараттан шығарылды.

Гүлнәр Әубәкірова 1986 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде кешке оқып, Алматы құрылыста сылақшы болып жұмыс жасапты. Алаңға 17 желтоқсанда әріптестерімен шығып, сол күні қамауға алынған екен.

«Ереуілге 16 желтоқсан күні жігіттер шығып кетті. 17 желтоқсанда елу шақты қыз жұмыс алдына жиналып, таң атпай алаңға барып, сол күні полицияның қолына оншақтымыз түсіп қалдық. Олар бізді Бостандық ауданының ішкі істер бөлімшесіне апарып әбден соқының астына алды. Әркімді әрқалай ұрды. Бірінің басынан, бүйрегінен тепсе, кейбірін шешіндіріп мұз үстіне отырғызды. Қыздардың көбісін зорлады. Ол кезде шашым белімнен түсетін, ұзын еді. Олар менің бұрымымды білектеріне орап алып, бөлменің ішінде сүйреді.

Шаш дегеннің жанды жер екен сол кезде түсіндім. Қасымдағы бір қыздың сол құлағы кесілген, ал одан аққан қан менің киіміме жұғыпты. Есімді бір жисам тергеуші маған «сен мына бойжеткенге қастандық жасап, құлағын түбімен кесіп алдын. Осы үшін сотталасың. Жігіттер, мынаның қалтасын тінтіңдер, пышақ болуы керек» деді. Бір тергеуші келіп қалтамды қарап, түк таппаған соң пышақпен бетімді тіліп жіберіп: «Қылмысыңды мойындап өзің жазбасаң, қазір қойша бауыздамын» деп қорқытқан соң, айтқанына көніп, сұрағандарын жазып бердім. Үш апта бойы екі азамат тұрақты түрде тепкіледі. Түрлерін әлі күнге ұмытқан жоқпын. Тіпті, бірінің аты-жөнін біліп, кейін іздеп тапты да. Тергеу абақтысында айлап отырып , босатылған соң мені оқудан да, жұмыстан да қудалаумен шығарып жіберді. Еңбек кітапшама «бүлікші» деген таңба басылғандықтан мені еш жер қабылдамады. Осылайша тоғыз жыл бойы жалдамалы қара жұмыскер болдым. Алайда полицейлердің соққысынан бас-ми жарақатын алып, мәңгілікке мүгедек болып қалдым», - деп жылады жалғыз кісілік ана.

Райхан Әубәкірова желтоқсанға қатысқан құрбан екенін тек 2003 жылы ғана дәлелдеп, қалалық сот үкімімен ақталып шыққан.  Тіпті, ол құжат жинау кезінде өзін түрмеде ұрып-соққан полицейді де тауыпты.

«Т.Ә. ішкі істер бөлімінен босап, желтоқсаншылардың құқын қорғайтын ұйым ашып алыпты. Тіпті, өзін «желтоқсан - ұлт азаттық көтерілісінің құрбанымын» деген құжат жасатып, үкіметтен бір жарым миллион теңге өтемақы алған. Осыны естіген кезде өзімді қоярға жер таппадым. Кейін қылмысын бетіне басып, сотқа берейін деп екінші рет іздеп барсам, қайтыс болғанын естідім. Өзімнің бүлікші емес құрбан екенімді дәлелдеймін деп жүріп талай әділетсіздікті көрдім. Сондағы байқағаным - «желтоқсаншымын» дегендердің біразы алаяқтар. Олар үкімет тарапынан тегін үй, жәрдемақы, ақша алу үшін түрлі айлаға барып, құжат жасатқан екен. Тіпті, біразын әлі күнге дейін көріп тұрамын», - деп ашынады Райхан Әубәкірова.

Желтоқсан оқиғасынан мүгедек болған әрі жалғыз кісілік ана ретінде Райхан Әубәкіроваға 2007 жылы Жамбыл ауданы әкімдігі үш бөлмелі үй берген. Баспананың төрт қабырғасы бар дегені болмаса онда тұру мүмкін еместігін көзіміз көрді. Амалдың жоқтығынан жесір әйел аурухананың бұрышында түнеп жүр.

«Ауылдан жұмыс таппаған соң Алматыдағы аурухананың біріне санитар болып орналастым. Таңғы жетіде қызметіме кірісу үшін, үйден түңгі төртте шығамын. Жалақым 40 мың теңге. Ол ақша менің пәтер жалдамақ түгіл тамағыма әрең жетеді. Осыны әкімдікке айтып, үйімнің төбесін жауып берші деп жалынғаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Елбасы Ұзынағаш ауылына іссапармен келетін кезде олар мені полиция бөлімшесіне бір күнге қамап та қойды. Көмек сұрасаң әкімдіктен сүйреп шығарады», - дейді желтоқсаншы.

57 жастағы ананың базынасын әкімдіке барып айтпақ болғанымызбен қабылдау бөлмесінің табалдырығын да аттай алмадық. Ішкі саясат бөлімінің басшысы «желтоқсаншы жыл сайын сыйақы алып, отын-суына көмектесеміз» деп ақталды.

Осы сөзге ашулаған Райхан Әубәкірова әкімдіктің ішінде шу шығарып, мемлекеттік қызметкердің сөзін жоққа шығарды. Тіпті ол екі көзіне ерік беріп, айғайға басып, өзін сүйрегендерің әрекетін де көрсеткені сол еді, тәртіп сақшылары келіп көтеріліс құрбанын мәжбүрлеп көшеге қуып шықты.

«Біз өткенде екі қап көмір түсірттік. Үйінің төбесі түссе - оны жасауға әкімдікте қаржы жоқ. Енді біз арнайы комиссия жіберіп, үйдің жағдайын тексереміз. Егер расымен тұруға жарамаса кәсіпкерлер тауып шешіп қалармыз, бірақ уәде бере алмаймыз», - дейді Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Айкүл Медеуова.

«Мемлекеттік тегін үй» деген аты бар баспананы қайта жасау үшін қомақты қаражат керек.

Төбесі ортасына түсіп, қыста еденіне елілеп мұз қатып жатқан үш бөлмеде тұра алмаған желтоқсаншы қазір өзі жұмыс істейтін аурухананы, кейде таныстарын паналап жүргенін жасырмайды. Емхана басшысы жалғыз кісілік, ауру әйелдің әрекетінен хабардар, тіпті, ол Райханды аяғандықтан жұмыс орнына қонғанына көз жұма қарайды екен.

Бізбен бөлісер қызықты жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Тағы оқыңыздар:

Өмірзақ Шөкеев Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды

Назарбаев қазақстандықтарға алғыс айтты

Елімізде жаңа жылдан соң бензин мәселесі толық шешімін таппақ

18 жасында рекорд орнатқан әлемдегі ең жылдам футболшы кім? (видео)

Мереке күндері қазақстандықтарды 30 градусқа дейін аяз күтіп тұр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1707436-zheltoqsanshynynh-akimdiktegilermen-ke.html