RU

Астанада алып аялдамаға қалпақ кигізіп қойғандар жұрттың күлкісін келтірді (фото)

Астанада басына тоқылған алып қалпақ киген аялдамалар желі қолданушыларының көңілін көтеріп тастады. Олар бұны ойлап тапқан адамның ойының ұшқырлығына қайран қалған деп хабарлайды NUR.KZ.

Басына қалпақ кигізілген аялдамалардың фотосы Facebook парақшасында пайда болған.

Ал бұған қатысты пікір білдірген "Сарыарқа" ауданының әкімі тұрғындарды қыстың қақаған суығында жылы киініп жүруге шақырды.

"Құрметті қала қонақтары мен тұрғындары! Міне көптен күткен қыста келіп жетті. Суық күндері міндетті түрде жылы киініп, денсаулығыңызды күтіңіз. Байқаған шығарсыздар қазір көпшілігі бас киім кимеуді әдетке айналдырған. Әсіресе жастар мен оқушылар. Әрине, бұл сіздің стиліңізге келмеуі немесе шаш үлгіңізді бұзуы мүмкін, дегенмен біздің елордалық аялдамалар да басына бас киім кие бастады. Сондықтан бас киімді киіп, денсаулығыңызды сақтаңыз!", - деген Арман Тұрлыбек елді бас киімсіз жүрмеуге шақырды.

Алайда кейбір қала тұрғындарына бұл идея жақпай қалған. Олардың айтуынша, қалпақ кигізгенше, қатты аязда адамдар тоңбайтындай жылы аялдама салу керек еді дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1708882-astanada-alyp-aaldamaga-kalpak-kigizip-kojgandar-zrtty-klkisin-keltirdi-foto.html