RU

22 жыл қызын іздеген ата-ананың арманы орындалды (фото)

Қытайдағы қатал заңға қатысты жас отбасы 22 жыл бұрын жаңа туған сәбиін көкөніс базарында тастап кетуге мәжбүр болған. Алайда ұзақ уақыт өткен соң америкалық жұп асырап алған қыз туған ата-ансымен қайта қауышты деп хабарлайды South China Morning Post басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ.

1995 жылы қытайлық Цянь Фенсян мен оның күйеуі үш жасар қыздарымен Сучжоу каналының маңайында жасырынып жүреді. Жүкті әйел сол кездегі Қытай заңы бойынша екінші баласын босанғаны үшін ірі көлемде айыппұл төлеуі тиіс болатын. Ал кедей отбасының оған қаржысы болмайды.

Әйелді босандырып алған дәрігер ол туралы ешкімге тіс жармауға уәде беріп, сәбиге Цзинчжи деп ат қояды. Бес күннен кейін ата-анасы шақалақ қызының жанына хат жазып, көкөніс базарына тастап кетіпті.

"Біздің қызымыз Цзинчжиді құтқарғаныңызға рахмет! Егер тағдыр бұйыртса тапқан адам баламызбен тағы көрісуге мүмкіндік берсінші. 10 немес 20 жыл өткен соң, Цисицза фестивалі күні таңғы уақытта Ханчжоудағы сынық көпірде күтеміз",- делінген хатта.

Тастанды қыз Сучжоудағы балалар үйіне алынып, бір жылдай уақыт сонда тұрады. 1996 жылдың жазында АҚШ-тан келген Кен мен Рут Полерлер оны асырап алған. Жас жұпқа тәрбиешілер биологиялық ата-анасының жазбасын көрсетіпті.

Хатты оқыған жұп көзіне жас алып, қызды алып кетеді.

Алайда қытайлық Цянь мен Сюй тастап кеткен қыздарын 2005 жылдан бастап күтеді. Ешкімді кездестірмеген соң кері қайтып жүрген.

Ал қызды асырап өсірген америкалық жұп Кэти 20 жасқа толмайынша, хат туралы білмей-ақ қойғаны дұрыс деп шешкен.

Сонымен, өткен жылы Кэти 21-ге келіп, анасынан өзінің биологиялық ата-анасы туралы сұрайды. Өзінен жасырып келген ақпаратты естігенде қатты ашуланып, Кен мен Рутке ренішін білдірген.

Бойжеткен бірден Қытайға баруды жөн санайды. Осылайша 2017 жылдың 7-шілдеісінде Цисицза фестиваліне кезекті рет келген қытайлық жұп қыздарымен қауышады.

Ұзақ жылдар күткен кездесуде Кэти көз жасын тыя алмапты. Екі күн туған жеріндегі отбасында болып, әпкесімен бірге жүрген. Бірақ қытайша түсінбейтін қыз бен ағылшын тілінде сөйлей алмайтын ата-ана ашылып сөйлесе алмайды. Санаулы күндерден соң ару Америкаға қайта оралады.

Кэтидің айтуынша, ол өміріндегі өзгерістерді әлі де толық қабылдай алмай жүр.

«Мен биологиялық ата-анаммен арамызда байланыс болғанын қалаймын. Бірақ олар маған кім болып келетінін және оларды қалай деп атағаным дұрыс екенін білмеймін», - дейді тастанды қыз.

Ал Цянь мен Сюй арманына жетіп, қыздарын қайта көргені үшін өте бақытты.

«Оның бізді ана-әке деп атамағаны көңілімізді түсірді. Біз өтініп сұраған едік, ол «Америкада балалар ата-анасын есімдерімен атайды» деп жауап берді. Осы рас па? Қызымызды тұрмысқа бергендей күй кешіп жүрміз», - дейді қытайлық жұп.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1709021-22-zyl-kyzyn-izdegen-ata-anany-armany-oryndaldy-foto.html