RU

Мамандар: Қазақстанда демалғаннан гөрі, шетелде саяхаттаған әлдеқайда арзан

Елордаға қыс келіп, елдің біраз бөлігін қар құрсауына алса да, қысқы демалыс алып, саяхаттаушылар саны азаятын емес. Әсіресе, ел тұрғындары қыс уақытында шетелдің түрлі елдері мен аптап ыстық айлап тұратын аралдарға баруды әдетке айналдырған екен. Мамандар мұның себебі де жоқ емес дейді. Айтуларынша, отандық шипажайларда демалғаннан гөрі, шетел асып, саяхат жасаған әлдеқайда арзан екен.

Бұл ретте, бағасы тұрғысынан қолжетімді әрі қызмет көрсету сапасы жағынан жоғары тұрған ел аймақтарының арасында – Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұрған көрінеді.

"Бізде қазір не көп, туристік агенттік көп. Бірақ, өкініштісі, олардың дені нарықтағы бәсекеге шыдай алмай, көп уақытқа жетпей жабылып қалады. Негізі, біздің отандық демалыс орындарында демалғаннан гөрі, шетелде демалу әлдеқайда арзан. Сосын, климаттық жағдай деген бар. Мысалы, астаналықтар қысы қытымыр Бурабайға барғаннан гөрі, ауа райы жылы аймақтарға, яғни, шетелге барғанды ұнатады. Қазір, еліміздегі қонақүйлердің бір тәуліктік бағасы жоқ дегенде – 8 мың теңгені құрайды. Енді есептеңіз, егер азаматтар кемі 5 тәулік қонақүйде жататын болса, бұл сома 40 мың теңгені құрайды.

Бұған трансфер де кірмейді, бұл тек қарапайым қонақүйдің бір бөлмесін, бір адамға жалға алған қаражат сомасы ғана. Мұндай мейманханаларды Бурабай, Сарыағаш, Мойылды, Алматыдағы шипажайлардан таба аласыз. Ал бағасы тұрғысынан ең қолжетімді шипажай – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш шипажайы болып табылады. Мұнда тұрғындар арзан бағаға демалып қана қоймай, түрлі ем-дом қызметтерін ала алады", - дейді Астанадағы Satti Travel туристік агенттігінің мамандары.

Сонымен бірге, туристік агенттік өкілі, еліміздегі ең қымбат қонақжайдың қайда орналасқанын да айтып берді.

"Қымбат қонақүйге келер болсақ – Көкшетаудағы – Rixos Borovoe деп айта аламын. Бағаларын нақты кесіп айту жөн болмас, десе де, Rixos Borovoe -ның еліміздегі қымбат мейманхана екені рас. Сол сияқты қазір, ШҚО-дағы Алакөл туристік аймағы да қарқынды дамып келе жатыр. Онда да баға жалға берілетін бөлмелердің санатына байланысты болады. Мәселен, стандарт, жартылай стандарт, люкс санатындағы бөлмелер деген бар. Шамамен бір бөлменің тәуліктік орташа сомасы – 10 мың теңгеден басталуы тиіс" , - деп сөзін түйіндеді туристік компания өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1709142-mamandar-kazakstanda-demalgannan-gri-setelde-saahattagan-ldekajda-arzan.html