RU

Сейфуллин Жолбарыс орыс ұлтынан алған екінші әйелінің мұсылман дінін қабылдағанын айтты

Отандық сахнада өзіндік орны бар әнші Сейфуллин Жолбарыс соңғы кездері ел алдына жиі шығып жүрген жоқ. Дегенмен, БАҚ беттерінде әншінің өнерінен бөлек, екінші жарының орыс ұлтынан екені жиі жазылады. NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат берген әртіс жарының мұсылман дінін қабылдағанын айтты.

— Соңғы кездері үлкен сахналардан көп көрінбей жүрсіз, оның себебі неде?

— Көбінесе тек өзімнің концерттерімді берген кезде ғана көрінемін. Себебі сондай деңгейге жеттім деп ойлаймын. Сахнаға көп жылтыңдап шыға бергім келмейді. Өзімнің шығармашылығым бар кезде, арасында әріптестерім шақырғанда кештерден қалмауға тырысамын. Бірақ концерттерім мен клиптерімді тықпалап жүретін жастан өтіп кеткенбіз. Қалыпты жұмысымызда жетеді. Сол себепті көбіне сапалы альбом, сапалы ән жазуға тырысамын.

Қазір инструменталдық музыка жазумен айналысып жатырмын. Бұл сала біздің эстрадада онша дамымаған, сол себепті оны дамытуға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бұйырса, инструменталдық аспаппен концерт беру жоспарымызда бар.

— Бүгінде көбіне сазгерлікке бет бұрған сияқтысыз. Ән сұрап келген әріптестеріңізден гонорар сұрайсыз ба?

— Жоқ, мен осыдан он жыл бұрын гонорар алғанмын. Ол кезде Алматыға енді көшіп келіп, үй-күйсіз жүрген кез болатын. Бірақ қазір әндеріме гонорар алмаймын, бастысы-әнімді сахнаға әдемілеп алып шықса болды. Олар менің әнімді айтқаннан кейін қалаған концертіме, қалаған тойларыма шақырып аламын. Осылайша бір-бірімізге қолдау білдіріп жатамыз.

— Сіздің қатарластарыңыздың көпшілігі шәкірт тәрбиелеумен айналысып жатыр. Өзіңіз шәкірт тәрбиелеп жатсыз ба?

— Қазірше өзімнің ұлым Бейбарыс қана. Үш қыз, бір ұлым бар. Тұңғышым суретші, дизайнер. Үлкен қызым Малазияның Куалалумпур қаласында оқып жатыр. Одан кейінгі екі кішкентай қызым балабақшада, кім болатынын өздері шеше жатар. Балам қазір ән айтып жүрген жоқ, тек инструменталды аспапта, яғни, гитарада ойнайды. Әзірше аспапта кәсіби ойнауды үйреніп, арнайы оқып жатыр. Бірақ, ұстазы мен емеспін. Арасында көз салып, қадағалап, репертуарларын таңдасып тұрамын. Болашақта музыкалық колледжге түсемін деген жоспары бар. Бәрі: "Балаң болған соң қинап үйретіп жатқан шығарсың" дейді. Ешкімді қинамаймын, ұлымның өзінің таңдауы сол.

— Қызыңызды іздеп, шетелге барып тұрасыз ба?

— Әрине, барып тұрамыз. Ай сайын бармасақ та екі жылда бір рет болсын барып, көріп қайтамыз.

— Екінші жарыңыздың орыс ұлтынан екенін білеміз. Ол кісі мұсылман дінін қабылдаған ба?

—Әрине, оны қабылдамай біз үйлене алмаймыз. Екінші жеңгелеріңе үйленген кезде марқұм әкем тірі болатын. Ол кісі бірден мұсылман дінін қабылдау қажет екенін айтты. Өзімнің де араласатын имам ағаларым сондай кеңес берді. Сосын ұлты орыс болғанымен, Көктал деген ауылды жерде өскен, қазақ сыныбында оқыған. Республика бойынша қазақ тілінен бір жылдары олимпиада чемпионы болған. Сондықтан оның ұлтына қатысты айырмашылықты сезінбеймін.

Балаларыңызға қай тілде тәрбие бересіздер?

Елбасымыз айтқандай үш тілділікті ұстанамыз. Қазақ, ағылшын және орыс тілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1709181-sejfullin-zolbarys-orys-ltynan-algan-ekinsi-jelini-msylman-dinin-kabyldagany.html