RU

2017 жылы елді дүрліктірген жұлдызды жұптар кімдер? (фото, видео)

2017 жылы отандық шоу-бизнесте атышулы жұптар бірінен кейін бірі ел назарынан түспеді. Олардың көшін елімізге белгілі продюсер Баян Алагөзова мен шәкірттері бастап тұр. NUR.KZ порталы бүгін оқырман назарына 2017 жылы елді дүрліктірген жұлдызды жұптарды ұсынады.

Баян мен Тұрсын Алагөзовтер

Жылдың ең атышулы жұптарының көшін продюсер Баян Алагөзова мен сүйіктісі Тұрсын Алагөзов бастап тұр.

Бизнесмен көктемде болады деген неке қию рәсімін жары Ляйсира Алагөзовамен ресми түрде ажырасқаннан кейін жуырда жүзеге асырды.

Кәсіпкер мен продюсердің одағын көпшілік қатаң сынға алғанымен, олар махаббат үшін бәріне дайын екендерін айтты. Танымал продюсердің күйеуі атанған Тұрсын Алагөзов өзін актер ретінде де сынап үлгерді.

Ақбота Сейітмағанбет пен Дәурен Айдарқұлов

"Кешью" тобының экс-әншісі Ақбота Сейітмағанбет пен актер Дәурен Айдарқұловтың некесі ел арасында әлі күнге дейін қызу талқыға түсуде. Екі рет қосылып, екі рет ажырасқан жұлдызды жұп бүгінде бөлек тұратындарын мәлімдеді.

Үш бірдей баласымен отбасын тастаған Дәуренге қазақстандықтардың көбі ашулы. Ал Ақбота болса, жарының хиджап кию туралы ұсынысынан бас тартқандықтан, шаңырақтарының шайқалғанын "Тікелей эфир" бағдарламасында айтты.

Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғали

Жұлдыз Өмірғали де "Кешью" тобынан жеке өміріндегі мәселелерге қатысты кеткен. Бұл туралы топ продюсерінің өзі мәлімдеген болатын. Ол бірінші отбасынан екі баласы бар әнші Айқын Төлепбергенге тұрмысқа шығып, оған ұл сыйлаған.

Бұл туралы қос әнші ресми мәлімдеме жасамағанмен, олардың шоу-бизнестегі әріптестері Жұлдыз бен Айқынды сәбилі болуларымен отандық арналардың бірінде абайсызда құттықтап қойды. Түркиядағы NUR.KZ порталының оқырманы редакцияға жұлдыздардың бірге демалып жүрген жоғарыдағы суретін де жіберді.

Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова

2017 жыл отандық шоу-бизнес әлеміндегі үлкен жаңалықтардың бірі Қайрат Нұртастың 10 жыл бойы жасырған жарын ел алдына шығаруы болды. Әншінің жары қалың көрерменге актриса ретінде танылып, өзінің қайын енесінің продюсерлігімен түсірілген "Арман" фильмінде басты рөлді сомдады.

Қайраттың жары басты рөлді сомдайтын фильмнің тұсаукесеріне қала әкімі Бауыржан Байбектің өзі келді. Тұсаукесерден кейін Жұлдыздың танымалдығы артып, бүгінде ол әлеуметтік желідегі белсенді қолданушылардың біріне айналды.

Дидар Кәден мен Айым Алтынбекова

Барша Қазақстанға танымал актриса Лидия Кәденованың ұлы Дидар Кәден мен оның бұрынғы жұбайы Айым Алтынбекова да 2017 жылдың атышулы жұптарының бірі атанды. Бүркіт түсірген "Апан" фильмінен кейін шаңырақтары шайқалған жұп әлі де ел назарында.

Дидар мен Айымның ортақ ұлдары бар. Бүгінде Айым киноға түсуден бөлек, визажист мамандығы бойынша сән салонында қызмет атқарады.

Төреғали Төрелі мен Толқын Тұрарбекқызы

Қайрат Нұртас он жыл жасырған жарын ел алдында ресми түрде алып шықса, Төреғали Төреәлі үйленгеннен кейін бірнеше жыл өткен соң ғана той жасап, айды аспаннан бірақ шығарды. Әнші кезінде той жасауға уақыты болмағанын айтып, ештен кеш жақсы екенін жеткізді. Төреғали мен Толқын бүгінде қос қыздың ата-анасы.

Еркебұлан Ахметбек пен Елшін Жанерке

Еліміздегі аудиториясы ең жоғары бағдарламалардың бірі "Қалаулымның" атышулы қатысушысы Елшін Жанерке мен оның жаңа сүйіктісі Еркебұлан Ахметбекті де 2017 жылдың атышулы жұптарының қатарына жатқызуға болады. Олардың махаббат хикаялары ел алдында әлі де жалғасын тауып жатыр. Шымкенттік жігіт Мәдиден бас тартып жұртты дүрліктірген Жанерке Еркебұланмен бақытты екенін жеткізген.

Ислам Алтайбаев пен Шынар Меджанова

"Қалаулым" бағдарламасындағы көрермен көзайымына айналған жұптың бірі - Ислам мен Шынар. Екеуі бағдарлама барысында бір рет айырылысып, кейіннен қайта қосылды. Айырылысқан соң өздеріне келген үміткерді кері қайтара берген бұл жұп қайта жүретіндерін мәлімдегенде кейбір көрермен көз жастарына ерік берген.

Ислам жуырда ғана Шынарға арнаған "Шынарым" әнін көпшілік алдында орындады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1709309-2017-zyly-eldi-drliktirgen-zldyzdy-zptar-kimder-foto-video.html