RU

Төреғали Төреәлі елді шулатқан әрекеті үшін ақыры кешірім сұрады

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Павлодарда өткен концертінде залдағы көрерменді қуған видеосы желіні шарлап, халықтың наразылығын туғызғаннан кейін Төреғали Төреәлі Instagram желісінде тікелей эфирге шығып, халықтан кешірім сұрады. Әртіс оқиғаның қалай болғанын өз аузымен айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ.

«Ассалаумағалейкум! Асыға күтіп отырған шығарсыздар, өзімде жанымды қоярға жер таппай кеттім. Осылай мүмкіндікті пайдаланып, тікелей эфирге шығуға тура келді. Кешегі ағамызды қолымнан келгенше кешірім сұрау үшін іздеп көрдім, таба алмадым. Анда-мұнда іс сапарда жүргеннен кейін пендеміз ғой, жүйке сыр беріп, ашуға бой алдырып қойғаным рас. Шынымен қытығыма тиген сөздерді көп айтты. Ол жерде менің кешім болғаннан кейін, бәріне өзім жауап берейін дедім. Кешке ауырып шыққан едім. Сарыарқаның аязын жақсы білесіздер. Көп адам менен сөз, әңгіме күтеді. Мен ақын болғаннан кейін бір әнді орындар алдында ол әннің қалай шыққанын, авторын айтуға міндеттімін. Соны халық: «Көп сөйлейді» дейді. Концертте кішкентай бүлдіршіндер суретке түскісі келеді, сахнаға шығады. Мен олардың ешқашан бетін қайтарғым келмейді. Халықтан алдымен рұқсат сұраймын»,- деді ол.

Кейіннен кешелі бері Қазнетті шулатқан видеодағы оқиғаның қалай басталғанын баяндады.

«Балконнан бір кісінің даусы естілді. Ей, Төреғали тоқтат суретке түсуді» деді. Мен үндеген жоқпын. «Сіздердің ауыл көке, өздеріңіз білесіздер» дедім. Бір концерттерде: «Ерке қайда?» деп айқайлап-шулайтын кездер болады. Мен оған мән бермейтінмін. Екінші рет тағы гүл беріп, сөйлеп жатыр еді тағы да айқайлады. Оған да үндеген жоқпын. «Үрген иттің бәріне жауап берсем, аузымда не қасиет қалады» дедім. Жаңағы балконда отырған ағамыз үшінші рет тағы да айқайлады. Ол кезде: «Ей, Төреғали сен Қызылорданы масқара-ғып жүрген адамсың» деді. Менде басымнан сөз асырмаймын. «Ей, көке, Қызылорданың намысын жыртып жүрген мен ба, сен ба?» дедім. «Мен Қызылорданыкімін, сен масқара-ғып жүрсің» деді де, аузына келгенді айтып кетті. Сосын мен шыдамай «кет» дедім.

Сіздер оның боқтық айтқан видеосын көрген жоқсыздар. Мен өз кешімде келген қонаққа «кет» дейтін соншалық тәрбиесіз емеспін. Егер, менікі дұрыс болмаса Павлодардағы халықтың бәрі ақымақ емес қой, ағайын. Радиодан әндерді алып тастапты. Оған қуанып, қосылып жатқандарда бар екен. Мен бірақ еліме аямай қызмет етемін. Мұндай сынақтардың бірнешеуінен өттім. Әдейі жасалған кездерде болды»,- деді ол тікелей эфирде.

Болған оқиға менің де жаныма батты деген әнші өзінің ашуға тез бой алдыратынын мойындады.

«Кішкене қаным қызба, тез ашуға бой алдырып қоятыным рас. Бірақ ешкімге өздігімнен барып шүйліккен емеспін. Сол себепті сіздерге түсінікті болсын дедім. Қаншама жанашыр, ағайын-туыс хат жазып жатыр, барша Қазақстан шулап кетті. Сол себепті сіздердің алдарыңызға шығуға бел будым. Мен сіздерден үлкен емеспін. Мен жетістікке жетсем өз қабілетім мен талантымнан емес, әуелі -Алла, екінші сіздердің қолдауларыңызбен!

Алдымыздағы аға-әпкелеріміз өз кеңестерін айтып жатыр. Әр жердің салты басқа, адамдары әртүрлі болады. Тек шамыма тигені бүкіл Павлодардың халқын тыңдатып қойып: «Ей, Төреғали сен Қызылорданы «позор-ғып» жүрсің» дегені»,- деп ақталды әнші.

Сондай-ақ ол Instagram парақшасындағы видеоны не себепті «өтірік» деп салғанын түсіндірді.

«Видео толық нұсқа болмағаннан кейін оны өтірік деп жаздым. Уақыт келеді ғой, түсіндіремін ба десем ушығып бара жатыр. Жүректеріңіздің кеңдігіне, патша көңілдеріңізге салып қате кеткен, ағаттық жасаған жерім болса Алланың атымен сіздерден кешірім сұраймын! Бұл оқиға менің де жаныма қатты батып жатыр. Бас жарылып, қол сынған жоқ. Ешкімді қорлап, зорлаған жоқпыз. Тек әдеттегідей басымнан сөз асыра алмадым. Балалығым шығар, 25 толғандағы шалалығым сол шығар. Жаным, ағайын кешіріңдерші!

Үлкен кісіге олай сөйлегім келген жоқ. Ол кісіні көрсем мен міндетті түрде кешірім сұраймын, ол кісі де менен сұрайтын шығар деп ойлаймын. Бір кісі келіп менің маңдайымнан соғып, мен барып оныкінен соқсам бәрібір мен кінәлі болады екенмін. Мүмкін мен өзгеруім керек шығар, мен тырысамын. Қолдауларыңызға рақмет! Сіздер жазықсыз жазғырмаңыздар. Мен-ақ кінәлі болайын, мен көтеремін. Мен Ұлы даланың ұлымын ағайын! Сыйластықта болайық, аман болыңыздар, сіздерді жақсы көремін!»,- деді ол.

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Төреғали Төреәлі елді шулатқан әрекеті үшін ақыры кешірім сұрады
Mailfire view pixel