RU

Елімізге танымал журналист Төреғалимен бірге жұмыс істегеніне өкінетінін айтты

Елімізге танымал журналист Дана Нұржігіт бір кездері Төреғали Төреәлінің мансабының өсуіне жұмыс істегеніне өкінетінін айтты. Тележүргізушінің ойынша, Төреғалиды танымал еткен Ұлттық арна мен журналистер қауымы деп хабарлайды NUR.KZ.

"Қай бір жылы “Ұлы дала баласы” деген жобада осы жігіттің мансабының өскеніне, көкірегіне нан піскеніне “жұмыс істегеніме” өкініп, ұялып отырмын. Өзімнің жақыным абыройсыз қалғандай… Бірақ, сол жобада, түсіру алаңында шат па шұт мінезін байқаған едім. Сабырлық, сыпайылықтан ауылы алыс, кәдімгі люмпен-лидер, көшенің "дерзкий жігіті" Ел аузында жүрген әнші ғой деп, рейтинг қуып… Шындықты айту керек!

Тағы да сол рейтинг деген бәле алдымыздан шықты. Сол кезде рейтинг жинамасақ, бүгінгі бассыздыққа жол бермес пе едік… Көргенсіздіктің тамырына сол кезде балта шабу керек еді! Мұндай аудитория бар. Білемін. Олардың лидері осындай болуы керек, иә. Бірақ, өнерде бұл псиxотиптегі кейіпкерді кумирге айналдыру қауіпті. Бұл нағыз мәдени регресс. “Ұлттық арна” болып өзіміз қолдан жұлдыз жасадық, мойындауымыз керек",- деп ашынды журналист.

Журналист әншілер қазақша шапан киіп, қазақ тілінде ән шырқаудан бөлек, Димаш сынды музыкалық, мәдени тұрғыдан сауатты болуы тиіс екенін айтты.

“91” тобының киімі мен жүріс тұрысынан үркіп едік, аяғында “ұлы дала баласы” бұлардан “асып түсті”. Ақыры “төрештің” төрдегі тірлігін көріп отырмыз. Бұл оқиғаның екінші жағы да бар. Нағыз мәдениет тобырға ермей, алда жүру керек екенін ұмытқанымызға көз жеткіздік.

Мәселе шапан киіп, қазақша ән айтып, қазақша сөйлеуде ғана емес, осы мәдениеттің өрелі өкілі болу керек. Музыкалық сауаттылық болу керек,ол бар жерде, саxна мәдениеті өзінен өзі болады. Осының дәлелі-Димаш.

Ал, мына шектен шыққан оқиға тв мен радио, шоу-бизнес өкілдері үшін де,тыңдарман үшін де белгілі бір рубикон болды. “Жетер енді!” дейтін кез келді!Билетке жұмсаған ақшаңды кері талап етіп, залдан шығып кету керек!Осыны жасаған бірде бір адам табылмағаны ма?” – деп жазды Дана Нұржігіт.

Еске салсақ, өткен жұмадан бері барша Қазақстанды шулатқан Төреғали Төреәлінің даулы видеосына қатысты шу әлі жалғасын табуда. Әншілер мен журналистер қауымы Төреәлінің ұлын қатаң сынап, желіде жазба қалдырғандарымен, біраз уақыттан кейін аталған жазбаларды өшіріп тастауда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1709560-elimizge-tanymal-zurnalist-tregalimen-birge-zmys-istegenine-kinetinin-ajtty.html