RU

Сапарбаевтың қақ алдында отырып "әңгімені соққан" шенеунік әкімнен сөз естіп тынды

Ақтөбеде жастар арасында қылмыстар көбейген. Мәселені шешу жағын қараған облыс әкімі жастармен жұмысқа жауапты барлық басқарма баршылары мен оқу орындарының ректорларын жинады деп хабарлайды NUR.KZ.

«Жұмысшы мамандықтарына жарнама жасаңдар, көрсетіңдер. Дәнекерлеушінің, кірпіш қалаушының не екенін, қандай пайдасы бар екенін көрсін. Мектептің балалары тоғызыншы сыныптан бастап университетке, зауыттарға бару керек.

Сонымен қатар, жастар мәселесінде дін жағынан да қарауымыз керек. Осында отырған жоғары оқу орнының басшыларына айтарым, сіздерде хиджап киетін, орамал тағатын дін жолында жүрген жастар бар. Солармен жұмыс істеу керек.

Қазір ауыр қылмыс жасайтындар көбейіп бара жатыр. Шалқар, Ойыл, Хромтау аудандарында қылмыс көп», - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбенің бас идеялогиясына жауап беретін Бұлбұл Ораққызы жаңашыл ой, тың идея жасай алмайтындығы үшін сынға ұшырады.

«Сонымен қатар, Бердібек Машбекұлы, келер жылы Астананың 20 жылдығына сәйкес облыс жастарының ұйымдастыруымен экспедициялық керуен ұйымдастыру бар»,- деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Әкім осы жерде сенім артқан орынбасарының да жұмысына көңілі толмайтынын жасырған жоқ.

«Мен осыны, Астанадан келгеннен кейін анау отырған Нұрғалиевке де (Ақтөбе облысы әкімінің орындасары Ербол Нұрғалиев- ред.) айтқанмын. Біз қанша айтқанмен Ақтөбеміз ғой, «Ақтөбе-Алматы-Астана» деп жасайық. «ААА» жастарға жақсы идея болар еді. Біз Ақтөбе деген эмблеманы бекерден жасаған жоқпыз.

Сендер әлі ойланып жүрсіңдер, оны қазірден бастап ұйымдастыру керек. Мен өзімді өзім мақтамай-ақ қояйын, бірақ, ойлану керек қой. Облыстың басшысы Алматыда, Астанада, Бейжіңде жастармен кездеседі, олармен сөйлеседі. Енді соны әрі қарай дамытайық демейсіңдер. Мен саған айтып отырмын, сен әлі сөйлесіп отырсың»,- деді Сапарбаев.

Әкім баяндама жасағыш басшыларға нәтижелі жұмыс істеуді тапсырды.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1709713-saparbaevty-kak-aldynda-otyryp-gimeni-sokkan-seneunik-kimnen-sz-estip-tyndy.html