RU

Танымал сазгер: Төреғалидың орнында Сәкен, Мейрамбектер болғанда басқаша сөз айтар ма еді

Елімізге белгілі сазгер, ақын, сатирик Жарылқасын Дәулет бүгінде қазақ әншілерінің халық арасындағы беделінің төмендеп кеткеніне қынжылды. Сазгер елді шулатқан Төреғалидың дауына қатысты өз ойын білдіріп, аталған оқиғада ақсақалдың да кінәсі бар екенін айтты. Бүгінде продюсерлікпен айналысуды қолға алған сазгердің NUR.KZ порталына берген эксклюзивті сұхбатын ұсынамыз.

– Жарылқасын аға, ақындығыңыздан бөлек сазгерлігіңізді барша жұрт біледі. Жуырда жаңа интеллектуалды жобаны қолға алып, продюсерлікке бет бұрыпсыз. Сол жобаңыз туралы тарқатып айтып берсеңіз?

– Аман Әбен деген есімді баланы қанатымның астына алып, интеллектуалды жобаны бастап жатырмыз. Бұл жігіт коммерциялық жоба болмауы мүмкін, бәлкім басқа әншілердің миллиондаған көрермені болса оның жүздеген ғана көрермені болатын шығар. Бірақ шығармамызды қалың халықтың ішінде- бір ғана адам тыңдаса да – оның санасына жақсы ой еге алсақ, онда мақсатымыздың орындалғаны. Жуырда жаңа бейнебаян түсірдік, монтажы аяқталған соң қалың экранға жол тартады.

Бұл баланы әкесі – жастық шағымызда тағдырымыз түйіскен ескі жолдас Орынбасар маған Астанадан жетектеп алып келген кезде, көңілім түсіп, кейбір әншілерден жеріп отыр едім. Өйткені жылтыңдап қасыңа келіп, кейбір нәрселерді шала-пұла үйреніп алады да, зытып отырады...

Неге екенін... бізде көптеген әншілер продюсерлерін «лақтырып» кетуге үйінен дайындалып келеді. Сондай әншілерде сана бар деп ойлайсыз ба? Атамыз Қазақ: "Итің жаман" десе намыстанған. Ал, өзін "сатқын" десең намыстанбайтын, "сен бәленшені лақтырып кетіпсің ғой" дегенге: "жағдай солай болды" деп тұратын әншілер өріп жүр.

Мен бұл баланы әнші ретінде ғана емес, адами тұрғыдан да тәрбиелеуге тырысатынымды айттым досыма.

Әншілердің алдынан – аты шыға бастағанда үлкен бір тосқауыл шығады. Яғни, танымал бола бастады ма, онда, адамгершілігіне, азаматтығына, парасатына салмақ түседі. Осы кезеңде, кейбір ой-өресі төмендері «жұлдыз» болып тайраңдап, соқыр тайлақ секілді бәрін қиратады. Сондықтан бұл балаға продюсер болып қана қоймай, бар білгенімді үйретіп, жетелегім келеді. Досымның баласы менің де балам емес пе?

Ал, творчествоға келер болсақ, қазағымыздың ұмытылып қалған дүниелерін, ұлттық тәрбиелік құндылықтарын жаңғыртып, әнге қоссақ дейміз.

Біз, аға ұрпақ: "Әйеліңді төбеңе көтер, алақаныңа сал" деп ән жазып, оларға солай деп өсиет айтып үйреттік. Ойлап көріңізші бір ғана әйелін төбесіне көтере берсе, ата-анасы қайда қалады?! Негізі еркектің төбесі ата-анасының «орыны» емес пе? Тіптен тойлардың өзінде жас жұбайларға дені дұрыс тілек айта алмай жүрміз.

Жуырда түсірілген бейнебаянымызда екі түрлі отбасын алдық. Біреуі ата-анасын қадірлейтін жанұя, екіншісі үйінің берекесі кеткен жанұя. Салыстырмалы өмірді осылай көрсеткіміз келді.

Аталмыш әнде:

«Ел жұртыңды билей аласың,

жан жарыңды билесең ғана» деген өлең жолдары бар. Қазақта әйеліне сөзі жүрмеген еркекті ер санатына қоса қоймайтын көзқарас бар. Сол себепті ер азаматтың дәрежесі өз шаңырағында биік болуы керек. Біз бұл жерде ұланғайыр қонысты мекен еткен ата-бабамыздың құндылықтарын жастарымыздың санасына сіңіргіміз келді.

...Бала кезімізде үлкен кісілер әншіге қызын бермей, әнші қызды айттырмай отырушы еді. Қазір екінің бірі әнші болғысы келеді. Ал, сол ет пен терінің арасындағы желікпен сахнаға шыққан әншілердің 50-60 пайызы ел алдында не айтып тұрғанын білмейді.

– Бұлай айтуыңызға не себеп? Отандық әншілердің көбі солай ма?

– Ақыл-парасатты, айтары бар – Рамазан, Тоқтар, Мейрамбек, Сәкен, Айдар, Бағлан, Қайрат, Төреғали, Еркін, Жұбаныш, Лұқпан сынды азаматтар жетерлік. Бірақ: «Болмаған Мейрамбек, Толмаған Тоқтарлар» – толып жүр. Олар ойына келгенін істеп жатыр. Елді бүлдіретін осылар. Тіптен жап-жас қыздар сахнаға шешініп шығатын болды. Олардың ата-анасы не қарап отыр сонда?

Баяғыда зина жасап қойған әйелді қарабет қылып, ауылдан көшіріп жіберетін. Үйде отырып қызы туып қалса, екі өмірдің қорлығы сол болатын. Қазір біреу жасырын жолмен бала туып келсе, жұрттың бәрі құтты болсын айтып келе беретін заманға тап келдік. Бүгінде зина жасап жүрген әйел немесе еркекке жолығып: «Мұның не?» – десең, «сезім» – дейді. Бүгіндегі адамдардың сезімінен жаның түршігеді кейде.

– Парасатты әнші аз деп жатырсыз. Кеше ғана Төреғали Төреәлі ініңіздің елді дүрліктірген оқиғасына не дейсіз?

– Төреғалидың кешегі қылығы дұрыс емес. Бірақ дәрігерінің берген сұхбатын да естідім. Онда Төреғалиды «ауырып келді» деді. Суық тиіп ауырғанда адам қалтырап, дірілдейді. Сол науқас күйінде сахнаға шығып кеткен шығар. Аузына келгенді айтты деп есептеп жатырмыз, бірақ мен ол оқиғаға екінші көзқараспен де қараймын.

Төреғалидікі дұрыс емес делік. Бірақ, бір қызық жері түсірілім жасап жатқан адам қара күйе жағатын жерін ғана кесіп алып таратып жіберген. Ал оның алдындағы оқиғаны ешкім назарға алмайды. Бізде қазір аузы дуалы ақсақал қалған жоқ. Төрде отырған қарияға бата бер десең, «сол үшін алып қояйық» – дейтін жағдайға жеткендері бар. Оларға ақыл айт десең, қанша әйелмен жүргенін айтып, енді бірі ішіп-жеп қойғанын ертегідей етіп жеткізеді.

Мен Төреғалимен ренжіскен ақсақалдың кім екенін білмеймін, бірақ бір адам бүкіл залды басына көтеріп, жұрттың көңіл күйін бұза салуы да жөн дей алмаймын. Кезінде Қайрат, Төреғалиларға біз не дедік: «Концерт қоя қалса көрермендерімен суретке де түспейді, өркөкірек» дедік. Енді суретке түсіп жатса жекиміз. Әрине, Сәкен, Мейрамбектер оның орнында болғанда ғибратты сөздер айтар ма еді?!

Ол албырт жас, әрі адуынды ақын жігіт. Бес жүз адамның алдында көңіл-күйін түсірген соң, сезімін жүгендей алмай қалған ғой. Бәлкім үлкен кісі де сондай сөз еститіндей тірлік жасамауы керек пе еді... Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Құрметтелгің келсе-құрметте!» деген. Бұл екі жаққа да қатысты. Әсіресе Төреғалиға.

Төреғали жас болса да терең мағыналы, сөзі салмақты әндерді репертуарына батыл енгізіп, нақышына келтіріп орындап жүр. Ал сол Төреғалидан бұрын көп әншілерге сөзі тереңнен ой қозғайтын әндерді апарғанда олар қашқақтайтын, халыққа өтпей қалады деп қорқатын. Төреғали осы қамалды бұзды. Сөздері философияға құрылған әндерді жүрексінбей алып шығып, оны елдің сүйікті әндерінің қатарынан бірақ шығарды. Себебі қара сөздің қасиетін түсінетін ақын. Қазіргі замандағы қазақ әндерінің сөздерін тереңдетуде өзінше реформа жасаған жігіт. Сондықтан да амандығын тілеп, сөзін сөйлеп отырмын. Ал, тентектігі 1-2 жылда басылар...

Әншіде ішкі ой, сана-сезім, парасат болуы керек. Ән айтуға дауыстан бөлек, парасатпен келу керек.

– Өзіңіз айтып отырған парасатты әншілерді тыңдау үшін не істеуіміз керек?

– Сахнаны жүйелеуіміз керек. Шәмші, Нұрғиса сияқты композиторларды, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сияқты әншілерді төрге шығаруымыз керек. Сахнада қадір-қасиет қалмай барады. Бірі МузАртты, бірі 91 тобын жақтап, екі қазақ бірімен-бірі сөзге келіп жатыр. Осыны түсініп отырып күйесің, түйсініп отырып жылайсың...

Еске салсақ, Жарылқасын Дәулет Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Қайдасың нұрлым», Кенжебек Жанәбіловтың орындауындағы "Адалдық өткелі", Алтынай Жорабаеваның орындауында «Перзент парызы», Еркін Нұржановтың репертуарындағы "Жалғыз ұлыма", "Кеш мені", "Музарт" тобының ән қоржынындағы "Қазақ елі", "Меломен" тобының орындауындағы "Қабірден хат", "Таухид", және тағы басқа көптеген танымал әндердің авторы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1709777-tanymal-sazger-tregalidy-ornynda-sken-mejrambekter-bolganda-baskasa-sz-ajtar-ma-edi.html