RU

Келініне жақпаған қазақ ғалымы қаңғыбастар үйін паналап жатыр (фото)

Бар өмірін ғылым мен білімге арналаған қазақ зиялысы Алматыдағы тұрақты мекені жоқтарға арналған бейімдеу орталығында тұрып жатыр деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.

Сапарбай Арынов қаңғыбастар үйінің тұрғыны болғанына екі айдан асыпты. Оңтүстік Қазақстан Шардара ауданының тумасы 1968 жылы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика факультетін тәмәмдап, кейін Ядролық физика институтында ғылым кандидаты атанған. Жасы 72-ге келген қария өзгелер секілді арақтың құрбаны болып, бомждардың қатарына қосылмаған.

«Бір ұл, бір қызым бар. Ұлымнан төрт немесе сүйіп отырмын, қызым екі жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған беделді маман. Балаларымды жаман дей алмаймын. Мен дегенде жандары қалмайды. Үш жыл бұрын зейнетке шығып, үйде отырып келініме жақпадым. Есік қаласында тұратын ұлым алыс сапарға шығып жұмыс жасайды. Үйге оралған сайын қолыма ақша ұстатып, көңіліме қарайды.

Осы ақкөңілділігіне келінім қарсылық танытып, күнде ұрыс-керіс болып кетті. Екі жастың ортасына түспейін деп Алматыға өзім кетіп қалдым. Жазда орталық мешіттің алдындағы саябақ арқылы танысымның үйіне кетіп бара жатқанымда бұзақылар арқамнан таспен ұрып, барлық құжатым мен ақшамды тартып алды. Омыртқам зақымданып, екі ай ауруханада жаттым. Таныстарым «оңалып, өзіңе келіп, құжатыңды реттегенше осында тұр» деп әкеліп тастады» ,- дейді ақсақал.

Физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын иеленгенге дейін ұстаз 60-қа жуық ғылыми еңбек жазып, тіпті он шақтысы ресейлік басылымдарда жарық көргенін айтады. 2005 жылға дейін Алматы технология университетінде сабақ берген ғалым қазір студенттерге арналған «Электро техника» атты кітабын бомжханада жазып жатыр.

«Физика ілімінде қазақша кітап жоқтың қасы. Осы олқылықтың салдарынан оқушылар мен студенттер орыс тілді әдістемелерді аударып жатады. Менің жазып жатқан кітабым физика ілімін жеңіл әрі ұғыныңқы етіп түсіндіріп, мысалға есеп беру арқылы үйрету. Кезінде үш шәкіртім халықаралық жарыстарда жеңімпаз болған. Содан кейін неге физика ғылымы туралы қазақша кітап жазбасқа деп қолға алдым» ,- дейді Сапарбай Арынов.

«Қазақ зиялысының қаңғығанын көріп, қоғамның қандай деңгейде екенін түсінуге болады» дейді бейімдеу орталығы директорының орынбасары.

«Кезінде қазақ халқы өзге елден келген босқындарды отбасымен бірге үйіне кіргізіп асыраған еді. Қазір туған ата-анасы балаларына сыймайтын халге жеттік. Сапарбай Арыновтың барлық құжатын жасатып, енді балаларын іздеп жатырмыз. Не ардагерлер үйіне өткізе алмаймыз. Себебі ғалым, беделді қызмет атқарған адамды бірден ол жерге қабылдамайды.

Ардагерлер үйіне түсу үшін сот арқылы балалары бас тартып, Арыновтың атында бірде бір жылжымайтын мүлік болмауы тиіс. Қазір балаларын тапқан күннің өзінде олар бірден бас тартпайды, не алып кетпейді. Ал осы уақыттың аралығында қария қаңғыбастармен бірге тұруға мәжбүр. Екі айдың ішінде бір рет арақ ішіп, қаңғып кетіп, болмаса біреумен сөзге келгенін көрмедік. Сөзі түзу, өте білімді кісі. Жанымыз ашығаннан басқа амал жоқ. Қазір денса,улығы түзеліп, өзі кіріп-шығып жүр» ,- деді Қазыбек Жылқыбеков.

Алматыдағы тұрақты мекені жоқтарға арналған бейімдеу үйінде бүгінгі күні 179 адам өмір сүріп жатыр. Оның 29-ы әйел, қалғаны ер азамат. Бұл тек келушілердің жартысы ғана екен. Қыс қаһарына мінгенде қаңғыбастар кейде орталыққа сыймай қалатын көрінеді. Сондай-ақ,, бір жыл ішінде тағдырдың тәлкегіне түсіп, далада қалған еңбегі елге сіңген жеті қария ардагерлер үйіне өткізілсе, 18 ата-әже туыстарына табыстырылған.

Материал Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалған. Эксклюзивті материалды көшіріп басуға редакция тарапынан қатаң тыйым салынады!

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1709797-kelinine-zakpagan-kazak-galymy-kagybastar-jin-panalap-zatyr-foto.html